Бүгін - қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен тұлға Алма Оразбаеваның туған күні, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Ордадағы орыс-қазақ әйелдер училишесін, 2 сыныптық қыздар мектебін, педагогикалық курсты бітірген. 1919 жылы комсомол қатарына өтіп, сол жылдың маусымында қызыл әскердің Қазақстандағы тұңғыш саяси клубын ұйымдастырды. Сол жылы қараша айында Киров революциялық комитеті ақпараттық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы тамызда Орынбор губерниясы партия комитетінің жанынан құрылған қырғыз (қазақ) бөлімінің алқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылы қазанда Бүкілодақтық Құрылтай съезіне делегат болып сайланып, оның атқару комитетінің құрамына енді. Бөкей ұйымынан Бүкілресейлік Шығыс әйелдерінің съезін өткізуге ат салысып, әйел теңдігі, оқу-ағарту мәселелерін шешуге, оларды қоғамдық жұмысқа тарту ісіне тікелей араласты.
1921 жылы мамырда өткен Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Бүкілодақтық жұмысшы әйелдердің Орталық ұйымы мәжілісіне қатысып, әйелдер қозғалысының атынан сөз сөйледі. Коммунист әйелдердің Берлинде өткен 3-ші халықаралық конференциясына, Коминтерннің 5-ші конгресіне делегат болып қатысты. 1931 жылы ауыр дертке шалдығуына байланысты зейнетке шықты.
Ол «Степная правда», «Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жас қазақ», «Дұрыстық жолы» газеттеріне қазақ әйелдерінің қоғам ісіне араласуы, әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының жүргізілу барысы, қалыңмал мәселелеріне арнап «Қазақ әйелдері даңғыл жол үстінде», «Қазақ әйелдерінің қалыңмалдан құтылған күні», «Октябрь революциясы және қырғыз әйелі», «Әйелдер бостандығы» тағы басқа мақалаларын жариялаған. Кейбір мақалалары «Қазақ әйелі», «Сағида» сияқты бүркеншек атпен жазылған.
Оразбаева қазақ әндері мен күйлерін жинаған А.В.Затаевичке өзінің орындауымен қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Сарыжан», «Төрт пішін», «Айнамкөз», «Япырай», «Қыз ұзату» (Қоштасу) сияқты барлығы 18 әнінің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енуіне мұрындық болды.