Бүгін - Ұлттық Ғылым академиясының алғашқы академиктерінің бірі, аса ірі ғалым, саналы өмірінің бәрін ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаз, ұстаздардың ұстазы Қажым Жұмалиевтің туған күні.
Қажым Жұмалиев 1932 – 37 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Алматы жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар ұстаз болған. «Ерғожа мен Егізбай» (1929), «Шабуыл» (1933), «Қанды асу» (1934), «Өмір жыры» (1938). «Қырдағы күрес» (1957) атты өлең-поэмалар кітаптары жарық көрген. Исатай-Махамбет көтерілісінің тарихынан жазыла бастаған романның үзінділері «Айқас» деген атпен басылған (1942). «Біржан-Сара» операсы либреттосының, «Арбасу» (Ә.Сәрсенбаевпен бірге) атты драмалық шығарманың авторы. Қазақ зиялы қауымының алғашқы буыны туралы «Жайсаң жандар» (1969) атты естелік жазды.
30-жылдардың соңғы кезінен бастап қазақ фольклорын, әдебиет тарихы мен теориясын зерттеумен шұғылданды. Орта мектеп оқулықтары көлемінде әдебиет тарихын жүйелеумен айналысып, 8 – 9-сыныптар үшін қазақ әдебиеті оқулықтарын, «Әдебиет теориясын», жоғары оқу орындары филология факультеттеріне арналған «XVІІІ-XІX ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығын жазды.
Махамбет шығармаларын жинап, бастырып, ақын шығармашылығына, қазақ фольклоры мен әдебиетінің байланыстарына, Абай поэзиясына арналған монографиялық еңбектер жазды. Көп томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» жазуға қатысып, 2-томның редакциясын басқарды.