ШҚО-да өтетін қазақ күресі турниріне тұңғыш рет Итальяның спортшылары қатысады

2914
Adyrna.kz Telegram

Халықаралық «Тұғыры биік Тарбағатай» фестивалі 14-16 маусым аралығында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында өтеді.
Шара барысында қазақ күресінен турнир, бокс және 140 шақырымға арналған ат бәйгесі өтеді. Баспасөз мәслихаты барысында қазақ күресінен Халықаралық федерациясының атқарушы директоры Талғат Мазибаев және бас төреші Эдмар Абдуллаев спорт жарысының өту барысына тоқталды.
Халықаралық Гран-при аясында Ақсуат ауылындағы Ырғызбай Досханаұлы атындағы орталық стадионында 30 мемлекеттен келген 90 білекті спортшы бақ сынасып, ат бәйгесінде жүйрігі анықталатын болады. Алғаш рет итальяндық спортшылар қатысады.


– Бүгінгі таңда еуропалық мемлекеттерде қазақ күресіне қызығушылық артып келеді. Осы бағытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нидерландыда қазақ күресінен Еуразия кубогі өткен болатын. Ал осы өтетін жарыстың ерекшелігі -кең далада, ашық аспан астында,– деді қазақ күресінен Халықаралық федерациясының төрағасы Талғат Мазибаев. ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков спортшыларға сәттілік тіледі. - Бізді керемет турнир күтіп тұр. Үлкен жеңіс пен мықты бәсекенің куәсі боламыз. Бұл ауқымды шараның көкжиегін жылдан жылға кеңейтіп, жақсарта түспекпіз.
Сонымен қатар, 15 маусым күні қазақтың кәсіпқой боксшысы Қанат Исламның қатысуымен «QAZAQ promotions» қазақ боксшыларының кәсіпқой бокста жетістікке жетуін қолдап жүрген промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала батырлары» атты бокстан турнир өтеді.
16 маусым күні тұңғыш халықаралық «Ұлы дала қазанаты» атты Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейін 140 шақырымға арналған аламан бәйгесі өтіп, 200 спортшы бақ сынасады. Бас жүлде – автокөлік.
Дәл осы күні еліміздің танымал ақындары мен халықаралық тіл жүйріктерінің қатысуымен «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Үш күнге созылатын ауқымды шара «МузАРТ» вокалды-аспаптық ансамблінің концертімен аяқталады.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер