"Ата-анасы жақында келеді деп ойлайды". Автобус апатынан қайтыс болған ерлі-зайыптыны жерлеу рәсімі өтті

3096
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Алматыда автобус апатынан қайтыс болған ерлі-зайыптының артында төрт баласы қалды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі КТК арнасына сілтеп.

Алматыда қоғамдық көлік жол жиегінде тұрған адамдарды басып, апаттан үш адам қайтыс болды.

Қайтыс болғандардың екеуі ерлі-зайыптылар. Талап Косимов пен Гүлжахан Ирсімбетова үйге қайту үшін жол бойында такси ұстап тұрған. Осы сәтте оларды автобус қағып кеткен.

Марқұмдардың артында төрт бала қалды.

"Кішісі үйге қонақтар келді деп ойлайды. Жүгіріп, ойнап жүр. Ата-анасы жақында келеді деп ойлайды. Анасы мен әкесі қайда деп сұрағанда не деп жауап беретінімізді білмеймін. Мәйітханада мәйітті орап, ашуға тыйым салды. Қатты соққыдан бет-әлпеті тануға келмейді. Жаназаға дейін жуындырмады да. Олар үнемі бірге жүретін. Үнемі үйге асығатын. Балалар таң атқанша анасы мен әкесін күтті", – дейді туысы Гүлнар Тұрсынбекова.

Ата-анасы үйге оралмаған кезде үлкен қызы оларды іздей бастаған. Қыз аурухана мен полицияға хабарласқан. Кейін ата-анасының денесі мәйітханада екенін білген.

"Полиция қызметкерлерінің қолдарында жеке куәліктері болған. Бірақ бізге ешкім қоңырау шалған да жоқ. Біз өзіміз іздеп, мәйіттер мәйітханада жатқанын білдік. Автобус ағамыз бен жеңгемізді басып кеткен. Неліктен күдікті "Бұзақылық" бойынша ұсталып отыр. Адамдар өлді. Жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал шыққанын естідік. Жүргізуші үндемей қалуы керек еді", – дейді туысы Абдулла Құрбанов.

Марқұм болғандар 45 жастағы ерлі-зайыптылар. Екеуі де мектепте жұмыс істеп, қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген екен.

Күні кеше туыстары автобус апатынан қайтыс болғандарды ақтық сапарға шығарып салды.

Пікірлер