Ел туризміндегі елеулі өзгерістер экономикамыздың дамуын еселей ме?

1115
Adyrna.kz Telegram
Фото: Каз туризм
Фото: Каз туризм

Экономикасын туризм саласы арқылы көтеріп отырған мемлекеттердің көбі мухит немесе теңіз жағасында орналасқан жұмсақ климатты аймақтар. Таиланд, Түркия, Араб әмірліктері, Мальдив аралдары құмды жағалауымен, жағымды ауа-райымен туристерді қысы-жазы қабылдайды. Алайда, Франция жоғарыда аталғандардың біріне ие болмастан, саяхатшылар ағылып баратын елдер тізімінде көш бастап тұр. Туризм алпауыттарына айналған бұл елдер қомақты қаржы бөліп, осы саланы дамытуда алдына жан салмайды. Біздің елімізде ше?

Соңғы үш жыл – ел туризмінің ең қарқынды дамыған кезеңі дейді мамандар. 2021-де басталған ішкі туризмдегі қарқынды өсу – ел үкіметінің осы салаға баса назар аударуын талап етті. Ұлан байтақ жеріміздің көрікті аймақтары мен тарихи нысандары  жыл санап Қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердіңде қызығушылығын арттырды. Саяхаттауды жаны сүйетін жандар туризм саласындағы жаңалықтар мен жеңілдіктерді қаншалықты біледі? Биыл саяхат саласындағы сандар көңілден шыға ма? Жыл соңында жазылған жоспарларға көз жүгіртіп, нәтижелі еңбектің қорытындысын жасайық.

Карантин енгізілген екі жыл әлем бойынша туризм саласына үлкен шығын әкелді. Шекара асып саяхаттау былай тұрсын, ел ішіндегі шектеудің өзі халықтың қол-аяғын байлағаны белгілі. Дегенмен, 2021 жылдан бастап ел ішіндегі саяхаттау көрсеткіші бір демде көтерілді. 2022, 2023 жылдарда туристтер санының күрт өскені Қазақстанның қызмет көрсету сапасының шетелден төмен еместігінің дәлелі шығар. Туризм саласының алпауыттарымен тереземіз тең тұр деп айта алмаймыз, алайда, алдыңғы жылдармен салыстырғанда көзге көрінетіндей үлкен нәтиже бар. Атқарылған істер аз емес, оларға көз жұма қарап, ел туризміне қол сілтеуге болмайды.

Қытай мен Еуропа елдерінде 200 жылдық тарихы бар агротуризм саласы бүгінгі таңда трендке айналды. Алтын бесік саналатын ауылға саяхаттауды сәнге айналдыру - біздің елімізде де өзекті. Мысалы, биыл Маңғыстау, Түркістан облыстарына агротуризм бағытын дамыту үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылыпты.

2023 жылдың сүйінші жаңалығы ауыл туризмінің әлемдік байқауда алдыңғы қатардан орын алғандығы. UNWTO (Бүкіләлемдік туристтік одақ) бас ассамблеясында Алматы облысындағы Саты ауылы «BestTourismVillages» (Үздік туристтік ауыл) марапатын жеңіп алды.  Сонымен қатар, шырайлы шығыстағы Қатонқарағай қаласы ел тарихында тұңғыш рет Green Destinations Top 100 Stories жаһандық рейтингінен әлемдегі экологиялық таза 100 үздік елдің тізіміне енді. Бұл тізімде өңірлердің таза, әдемі табиғат көріністері ғана емес, саяхатшыларға әсер қалдыратын мәдени ерекшеліктері де ескеріледі. Еліміздің тарихи нысандарға бай екенін алға тартсақ, демек экотуризмді дамытуға назар аудару керекпіз. Көшбасшы  туркомпаниялар соңғы айларда еліміздің экотуризміне қызығушылардың көбейгенін алға тартып отыр.

Тілге тиек етер тағы бір мәселе – цифрландыру. Сандық ғасырда өмір сүретін онлайн өмірде туризм саласы да цифрландыру бағытына баса назар аударды. Мысалы, guides.кazakhstan.travels сайтында білім алып, гид ретінде тіркелуге де болады. E-guides бірыңғай әдістемелік базасы гидтер мен экскурсия жүргізушілерін табуға, олардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді.Ішкі туризм онлайн академиясында 77 модуль бойынша 17 курс сабақ өткізілді. 40 тренер оқытатын онлайн академия еліміздегі экскурсия жүргізушілері мен гид мамандарын даярлаудың мықты мектебі.

Әлбетте, туризмнің темір өзегі – инфрақұрылым. Бір жылдың ішінде жасалған жұмыс нәтижесі жан қуантады. Себебі 2022 жылы 27 миллиард теңгеге 28 инфрақұрылымдық жоба жасалса, 2023 жылы бұл көрсеткіш бірнеше мәрте өскен. Биыл 85 инфрақұрылымдық жоба қолға алынып,  442.3 миллиард теңге пайдаға асты. Мемлекет көмегімен 16 визит орталығы ашылса, жеке инвестициялар тарту арқылы тағы тоғыз визит орталығы туристтерге есіктерін айқара ашты. Сұлу табиғат аясында демалуды трендке енгізген 38 глэмпинг орталығы құрылды.

«Қазақтуризм» АҚ соңғы ақпаратына сүйенсек, ел ішінде халықтың отбасымен саяхаттау көркеткіші еселенген. Оған ықпал еткен мемлекетік қолдау екені сөзсіз.  Себебі, Кidsgofree жобасы арқылы екі жастан 18 жасқа дейінгі кез-келген бала ішкі рейстермен тегін ұша алады. Саяхат барысында әуе билеттері тек ересектер үшін ғана әуе төленеді. Балалар мен жасөспірімдер туризмі бағытында да биыл айтарлықтай өсім бар.  Kidsgofree-дің тағы бір артықшылығы тек бір ересек адаммен бірнеше бала тегін ұша алады. Жоба іске қосылғалы саяхаттаған балалар саны 3.4 мың жанды құрайды. 2022 жылы 1500 балаға 76.2 миллион субсидия бөлінсе, 2023 жылдың 20 қарашасына дейін 892 өтінім оң қабылданып, 1903 бала тегін саяхаттап үлгерген. Оған мемлекет тарапынан 85 миллион теңге төленді. Балалардың ең көп саяхаттаған бағыттары: Алакөл, Алматы, Маңғыстау өңірлері.

Туризм саласында бизнес бастауды мақсат еткен кәсіпкерлерді де ұмытпауымыз керек. Туризмдегі қызмет көрсетуді жасайтын солар емес пе? Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге де жақсы жеңілдіктер қарастырылған. Туристік кәсіп бастасаңыз оның құрылысына және орындалуына кеткен шығынның 10%-ін мемлекет өтеп береді. Биыл жергілікті билік 11 өтінімді қабылдап, 181.6 миллион теңге қаржыны кәсіпкерлерге қайтарып берді. Ал егер саяхаттау мақсатында, туристік нысандарға саяхатшыларды жеткізу үшін көлік алатын болсаңыз, мемлекет тарапынан 25%-ін өтеп алуға мүмкіндігіңіз бар.  

Халықтың қамы үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарама, өкілетті орган өз үлесін қосып жатыр. Лудомания бойынша ойын бизнесі мен лоторея қызметін мемлекеттік реттеу бойынша қыруар еңбек атқарылды, лицензиялар саны азайтылды. 2021 жылғы берілген 71 лицензиядан биыл тек 28 лицензия қалды. Казинолар саны 9-дан 5-ке дейін, букмекерлік кеңселер 38-ден 13-ке дейін, тотализаторлар 10-нан 2-ге дейін қысқартылды.

Туризм – ел экономикасының елеулі бөлігі. Көрікті жерлеріміздің төрткүл әлеге танытып, ел туризмін дамыту әрдайым өзекті болып қалады.

Пікірлер