Алматы қаласының туризм секторындағы салық түсімдері 71,7 млрд. теңгені құрайды

993
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласына келуші туристер ағыны артқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы Алматыға туристердің жалпы саны 2 038 417 адамды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға және 2019 жылғы пандемия алдындағы деңгейден 52,7%-ға артық.

Шетелдік туристер санының 2022 жылмен салыстырғанда өсімі 29,5%-ды құрады,  яғни, 540 744 адам шаһардың тыныс-тіршілігімен танысуға келген. Бұл көрсеткіш  Алматыны Қазақстанның басқа қалалары арасында туристік әлеуеті жағынан көшбасшы екенін айқындады. 2019 жылмен салыстырғанда қаладағы шетелдік туристер саны 24,1%-ға өсті.

Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 10,4%-ға өсіп, 80 983 адамды немесе Алматы қаласының жалпы жұмыс істейтін халқының 7,7%-ын құрады. Туризм саласына инвестицияның 47,7%-ға өсімі 106,4 млрд. теңгеге жетті, бұл негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемінің 6%-ы.

Өткен жылы Алматы қаласының туризм секторындағы салық түсімдері 64%-ға өсіп, 71,7 млрд. теңгені құраса, жергілікті бюджеттің жалпы салықтық түсімдеріндегі үлесі 5%-ға жетті.

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, көрсеткіштердің өсуі Алматының туристік бағыт ретінде тартымдылығының артқанын көрсетеді. Өз кезегінде туристік қызметтер мен инфрақұрылымға сұраныстың артуы туризм саласына инвесторлар тарту үшін, жаңа жұмыс орындарын құру және сапалы қызмет көрсетуді үшін жақсы көрсеткіш.

2023 жылы туризмді дамытуға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте жұмсалған 1 теңге салық түрінде бюджетке 34,14 теңге көлемінде қайтарылды, бұл туризм саласының қала экономикасына қосқан оң үлесі мен тиімділігін көрсетеді.

Соңғы 5 жылда Алматыда 1345 нөмірі бар 12 қонақүй ашылды, оның ішінде желілік қонақүйлер де бар (Hilton, Accor және InterContinental). 2027 жылы бөлмелер санын 1,5 есе ұлғайтып, 17 мың бөлмеге жеткізу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың маусым айында Алматы халықаралық әуежайында екі есе көп келушілерді (14 млн адамға дейін) қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа жолаушылар терминалын іске қосу күтілуде.

Пікірлер