«Алғашқы борозда». Әдебиеттанушы, сатирик Мыңбай Рәш өмірден өтті

1710
Adyrna.kz Telegram
Фото: qazaqstan.tv
Фото: qazaqstan.tv

Ақын, сатирик, әдебиеттанушы Мыңбай Рәш өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы Жазушылар Одағы ресми Телеграм арнасында жариялады.

«Қаламгер ағамыздың жиырмадан астам өлеңдер жинағы мен сатиралары кітап болып шыққан. Мыңбай Рәш көбінесе сатира жанрында еңбек етіп, сықақтары мен фельетондары, мысалдары көршілес, туысқан халықтар тілдеріне аударылған. Заманында сықақ жанрындағы еңбегін заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов ерекше бағалағанын жақсы білеміз. Кешеден бері Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы абыз ақсақалды соңғы сапарға шығарып салу мәселесімен айналысып жатыр. Жаназасы, асы қайда, қашан өтетінін қосымша хабарлаймыз», - деп жазылған хабарламада.

Мыңбай Рәштің өмірден өткенін Жазушылар Одағының мүшесі Ғабиден Жакей де жазып, әлеуметтік желіде естелігімен бөлісті.

"Мыңбай Рәш көбінесе сатира жанрында еңбек етіп, сықақтары мен фельетондары, мысалдары көршілес, туысқан халықтар тілдеріне аударылған. Заманында сықақ жанрындағы еңбегін заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов ерекше бағалаған екен.....93 жасында дүние салып отыр , Иманыңыз саламат болсын, Жазушылар Одағында 5-6 жыл қызметтес болдық ,өте ерекше адам еді", - деп жазды Ғабиден Жакей.

Әдебиеттанушы 1930 жылы 19 қазанда Семей облысы, Шұбартау ауданының 10-ауылында дүниеге келген.

Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітірген соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде, «Ара — Шмель» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен. Кейіннен Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Ғылым» баспасы мен «Қазақстан» баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді.

Мыңбай Рәштің тұңғыш өлеңдер жинағы 1955 жылы «Алғашқы борозда» деген атпен жарыққа шықты.

Пікірлер