"Іш киімдерін лақтырған". Депутат AKON мен 50 Cent концертіндегі сорақылықты сынады

1631
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай шетел асып келген әлемдік жұлдыздардың концертінде ерсі қылық көрсеткен жастардың ісін сынап, ұлттық тәрбиеге көңіл бөлу қажеттігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" порталы. 

Ол ұрпақ тәрбиесінде қыз баланың рөлі ерекше екенін атап өтті.

"Арудың ақ дидарында - ұлттың ұяты бар! Қыз тәрбиесі бұзылса — ұлт тәрбиесі әлсірейді. Өкінішке қарай, жастарымыз Тик-Ток пен Инстаграмның тұтқынына айналған бүгінгі қоғамда ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтаған құндылықтарымыздан, ұлттық тәрбие өнегесінен ажырап барамыз" деді ол.

Ол әлемдік жұлдыз AKON-ның Астанадағы концертінде кқрермен қыздардың іш киімін лақтырып ұятты іс қылғанын бас айтып, мұндай сорақылыққа шара қолдану керектігін қосты:

"Астанада өткен AKON-ның концертіне байланысты бірнеше аспектлерге тоқталайын: Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді.  Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, «smack that»  әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз. Төртіншіден, ұйымдастырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағандары тіптен орынсыз деп санаймын. Біз мәдени атрибуттарымызды ілгерлетуде, насихаттауда талғамды болуымыз керек. Ұлттық музыкалық мұрамыздың символы  - қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие «Smack that», «hypnotiser» сияқты әндерді орындайтын әншіге беру – парықсыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабылдаймын" деді ол.

Сондай-ақ, осындай дүниелердің алдын алу үшін министрлік арнайы шара қолдансын деп атап өтті Аманжол Әлтай:

"Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гасрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс. Айғайлағанның бәрі әнші емес! Біздің нормамыз бен ұстанымдарымызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақталсын! Мәдени қауіпсіздіктің сақталуы үшін, елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құндылықтарымызға зияны тимеуі қадағалансын. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына «Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар» пәні енгізілсін. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жастар арасында ұлттық тәрбие жұмысын жетлдіруі тиіс" делінді.

Еске салай кетейік, бұған дейін Астанада өткен AKON концертінде ұятты іс жасаған қыздардың видеосы тарап, қызу талқыға түскен болатын. 

 

Пікірлер