Қазақ, өзбек және қырғыз киногерлері бас қосты

1029
Adyrna.kz Telegram

Отандық киноиндустрия әлемі төрт сериялы “Қорқыт” биографиялық драмасымен толықты. Телехикаяның түсірілімі Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасындағы Хиуа, Ферғана, Бұқара қалаларында өтті. Туынды Qazaqstan ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілді.

Жобаның тарихи кеңесшісі әрі сценарий авторы  – этнограф Берік Жүсіп. Режиссеры – Қанағат Мұстафин. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдерін Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемірсомдайды.  Сонымен қатар негізгі тарихи рөлдердіЕркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Медғат Өмірәліойнайды. Сериалда қырғыздың атақты манасшысы Рысбай Исақов пен  танымал актер Аскат Сулаймановта бой көрсетеді.

Телехикая сюжетінде Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен бастап, оның сәуегей, абыз ретінде қалыптасу жолы көрсетіледі. Телехикая сценарийі әлемдік деңгейде зерттелген «Қорқыт ата» кітабына, атап айтқанда “Салор Қазанның үйінің ша­был­ғаны туралы жыр” негізінде түсірілген.

Жоба продюсері Шолпан Батырбаеваның айтуынша,  жаңа телехикаяның сценарийі ерекше болады.  

– Туынды ең әуелі жас аудиторияға арналып түсірілді. Қазіргі жастардың сұранысы басқа. Сондықтан тарихи фильм, сериал түсіргенде жастардың тілін түсіне білу маңызды. Қарт Қорқыттың образы жастарға қызық болмас еді. Сол үшін түсірілім тобы көп кеңесіп, хронологиялық реттілікке, биографияға негізделген сюжет құрастырды, – дейді продюсер.

Шолпан Батырбаева бұл туындыны халықаралық киносериал деп атауға толық негіз бар дейді.

– Сериал кастингіне үлкен жауапкершілікпен қарадық. Актерлар құрамында еліміздегі ең үздік мамандары жиналған. Сонымен қатар танымал қырғыз актері Аскат Сулайманов пен әйгілі манасшысы Рысбай Исақовтың да рөлдері бар. Бұған қоса қаңтар айындағы түсірілімдер Өзбекстан жерінде өтті. Ол кезде түсірілім тобына өзбектің кино саласындағы үздіктері де қосылды. Сондықтан түркі елдері ортақ аңыз жайлы алғашқы сериалымыз халықаралық туынды деуге болады, – дейді жоба продюсері Шолпан Батырбаева.

«Қорқыт ата» тарихи биографиялық драмасы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының  өзге мемлекетпен бірлесе түсірген алғашқы телехикаясы. Туынды  16, 17 желтоқсан күндері сағат 14:40-та Qazaqstan ұлттық арнасының эфирінен көрсетіледі. Туынды туралы ақпаратты сериалдың Instagram парақшасынан бақылауға болады.

Пікірлер