«Оян, қазақ!» Бүгін – Міржақып Дулатов туған күн

1868
Adyrna.kz Telegram
Фото: Bugin.kz
Фото: Bugin.kz

Бүгін ағартушы, ақын, либералды-демократияшыл зиялы топ өкілі Міржақып Дулатовтың туған күні.

Қаламгер бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген.

Міржақып Дулатов өзі жазған өмірбаянында:

«1897жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым», - деп жазған.

Кейіннен, 1904 жылы Омбы қаласында Ахмет Байтұрсынұлыпен кездеседі. Ұстазының бағыттауымен ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласып, Әлихан бастаған Алаш партиясының негізін салуға атсалады. Алашорда үкіметі тарихи сахнаға шыққан 1917 жылы Міржақып үкіметтің белді мүшесі болған. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшыраған елге көмектесу мақсатында Семей «Жанар» жәрдем қорын құрды.

Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан ақын әрі жазушы. Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Оян, қазақ!» 1909 жылы Қазан қаласында басылып шықты. Одан бөлек Міржақып қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман – «Бақытсыз Жамал» мен педагогикалық кітаптар да жазған. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді.

Әдебиеттегі шығармаларынан бөлек, А.Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы – «Қазақ» газетінің негізін қалайды. Алайда бұл газеттің ғұмыры қысқа болды. Сөйтіп, Міржақып 1920 жылы Ташкентке келіп, Алаш басшыларымен бірге сондағы «Ақ жол» газетінде қызмет атқарады.

1922 жылы жазықсыз қамауға алынып, сол жылы түрмеден шығады. Екінші рет 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. Бірақ кейін сот үкімі жазаны он жыл абақтыға жабумен ауыстырады. Беломор-Балтық арнасындағы лагерьде жазасын өтеген Міржақып 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмды.

Кейіннен жазушының қызы Гүлнәр Дулатованың әкесін ақтап алу жолында біраз күш салады. Нәтижесінде, 1988 Міржақып Дулатұлы өзіне жабылған жалған жалалардан ақталған болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер