Жеті жылдың бір жылы. Президент сайлауына жыл толды

1294
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін - Президент сайлауына 1 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Былтыр 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілген өзгертулер бойынша 7 жылдық бір мерзімге сайланған болатын.

Республикадағы бүкіл сайлаушылардың 69 пайызы немесе 8 млн 300 мың 46 адам белсенді қатысып, өз таңдауын жасаған еді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Кейін сол жылдың 20 қарашасы сайлау өтті.

Барлық өңірде 10 033 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанында 68 учаске құрылды. Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады.

Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды.

Дауыс беру нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31 пайызы, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайызы, Қарақат Әбденге206 мың немесе 2,6 пайызы, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайызы, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайызы және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берді.

Бюллетенге алғаш рет енгізілген «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8 пайыз сайлаушы таңдады.

Дауыс беру күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді.

Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты. Олардың қызметі сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге оң ықпал етті.

22 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде тіркеді. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде 26 қарашада ант берді.

Пікірлер