Кешенді жоспар. Оқу-ағарту министрі "мектептегі зорлық-зомбылыққа" қатысты жауап берді

1469
Adyrna.kz Telegram
Фото: amanatpartiasy.kz
Фото: amanatpartiasy.kz

Жетісуда 14 жастағы мектеп оқушысын зорлады деген күдікке ілінген 35 жастағы азамат ұсталған болатын. "Кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлау" ісінің мән-жайын анықтау мақсатында БАҚ өкілдері Ғани Бейсембаевқа түрлі сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Жетісу облысы Сарқанд ауданының полиция қызметкерлері ер адамды ұстаған. Ол Сарқанд қаласындағы мектептердің бірінде 14 жастағы оқушыны зорлады деген күдікке ілініп отыр.

БАҚ беттерінде күдікті 10 жыл бойы Сарқанд қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істегені айтылады. Сондай-ақ ол зорланған баланың әпкесінің күйеуі болғаны хабарланған.

Жаға ұстатарлық қылмыс Сарқанд қаласындағы қонақүйлердің бірінде болған. Бөлмедегі көмек сұрап, айқайлаған дауысқа қонақүйдің меңгерушісі көмекке келген. Ол бөлмені ашқаннан соң баланы босатып, полиция шақырыпты. Бірақ қылмыскер ізін суытып үлгерген. Ал күдікті болса екі күн бойы тауда жасырынып жатқан. Ол полиция қызметкерлеріне Тополевка ауылынан 10 шақырым жерде таулардың арасынан ұсталған.

Журналист Самал Қабышеваның жазбасына сәйкес, 7 қазан күні жасөспірімді зорлаған 35 жастағы күдікті 10 жыл бойы Сарқан қаласындағы мектептердің бірінде математика пәнінен мұғалім болып жұмыс істеген. Зорланған өзінің туған балдызы әрі оқушысы көрінеді.
Мәжілістен соң осы оқиға жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа сұрақ қойылды. Алайда министр бұл оқиғаны не растамады, не терістемеді. Тек тергеуге сілтеп тұрып алды.

«Жалпы кез келген ондай мәселе болса, азаматтар құзырлы органдарға жүгінетінін білесіз. Ішкі істер министрлігі кез келген зорлау фактісіне араласып, өзінің құқықтық бағасын беруі керек. Сондықтан, кез келген жағдай тергеу амалдарында шешіледі. Бірақ балаларға қатысты мәселелерді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты бала құқықтарын қорғау комитеті бақылауда ұстайды. Себебі біздің еліміздегі балалардың құқықтары бұзылмауын қадағалап, жүйелі түрде бақылауда ұстайды», – дейді ол.

Оның айтуынша, биыл тамыз айының соңында Үкіметтің тапсырмасымен балалардың құқығын қорғауға қатысты кешенді жоспар қабылданған екен. Министр ата-аналарға:

«Жалпы мұндай мәселеде тергеу амалдары жүргізілетінін білесіз. Өйткені тергеу амалдарынан кейін тиісті құқық қорғау органдары өзінің шешімін айтуы тиіс. Жалпы Қазақстан бойынша мұндай келеңсіз жайттарға жол бермес мақсатында кешенді жоспар бар. Ол қыркүйектен бастап іске асырылып жатыр. Кешенді жоспар өз нәтижесін береді», – деп айтты Ғани Бейсембаев.

Пікірлер