«Отбасы» банкі еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған 5 балаға 2 млн теңгеден береді. Бұл туралы «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Отбасы банкі» еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған балалардың болашағына да өз үлесін қосқысы келеді. Біз оларға әрқайсысы 2 млн теңге номиналды құны бар сыйлық сертификатын сыйлаймыз. Бұл сертификат жай ғана сыйлық емес. Ол – жарқын болашаққа жолдама. Бұл қаражат жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болады, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сертификатты қолдану үшін балалардың ата-аналар өздері тұрып жатқан қаладағы банк филиалына барып, жеке куәлігін, баланың туу туралы куәлігін көрсетуі керек. Сонымен қатар видеобанкинг арқылы да хабарласуға болады.
Ол үшін ата-аналарға 3 ай уақыт беріледі, - деді Ләззат Ибрагимова.
Айта кетейік, өткен айда Мемлекет басшысы наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде көп ұзамай халық саны 20 миллионға жететінін айтқан еді.