Бүгін - Ыбырай Алтынсарин мен Санжар Асфендияровтың туған күні

4451
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ақын, жазушы Ыбырай Алтынсарин мен дарынды ғалым-тарихшы, профессор, педагог Санжар Асфендияровтың туған күні.

Исі қазақтың ұстазына айналған Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысы Затоболск ауданында дүниеге келген. Шын есімі — Ибраһим, Орта жүздің қыпшақ тайпасынан шыққан.

Бала Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсарыдан айырылады. Осыдан кейін туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленеді.

Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа би табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біледі. Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған «төре» болып шығуы, ата-анасын асырауы.

1850 жылы 22 тамызда Ыбырай мектепке алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі.

Мектепте оқып жүргенінде, Шекспир, Гёте, Байрон, Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Фирдоуси, Низами, Навои сияқты әлемдік әдебиет классиктерінің шығармаларын өз бетімен оқып, зерттейді. Сонда жүріп Шекара комиссиясында қызмет еткен шығыстанушы В.Григорьевпен жақын араласады. Тіпті, Григорьевтің үйіне жиі барып, оның кітапханасын қолданды.

Мектепті бітіргеннен кейін 3 жыл бойы (1857-1860) атасының қол астында кеңсе хатшысы, одан кейін Орынбор кеңесінде аудармашы болып жұмыс істейді.

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асығады. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жібереді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Ыбырай Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырады, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындайды. Бірақ жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймайды, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылады. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылады. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті өзінің төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашады.

Оның «Қазақ хрестоматиясы», Мұсылмандық тұтқасы» сынды еңбектері — қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындылары.

Ал қазақ елінің болашағы үшін күрескен біртуар тұлға Санжар Асфендияров 1889 жылы Ташкент қаласында өмірге келген. 1907 жылы жаратылыстану, математика пәндерін тереңдете оқытатын Ташкенттегі реалдық училищені бітіреді.

Ол діннің шығу себептері, көшпелі шаруашылық, ұлттардың пайда болуы, тілдің рөлі, ұлт-азаттық қозғалыстар, «Қазан революциясының», республика партия ұйымының тарихы, ұлттық мәдениетті өркендету жолдары секілді қадау-қадау мәселелерді көтеріп, қалам тербеген.

Өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталатын Санжар Асфендияровтың ғылыми-зерттеу еңбектерінде қазақ халқының өткен тарихы негізгі орын алады. Оның ең бағалы ғылыми еңбегі – «Қазақстан тарихы» 1935 жылы жарық көрді. Бұл еңбек біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдан 1917 жылға дейінгі қазақ елінің тарихын қамтиды. Оның «Причины возникновения Ислама» деген еңбегінен кейін 1935-1936 жылдары «Қазақ тарихының очерктері», «Шығыстың ұлттық революциялық қозғалыстар тарихы» деген кітаптары жарық көрді.

Санжар Жапарұлы — тұңғыш қазақ дәрігерлерінің бірі. Көрнекті қайраткер жұқпалы аурулардың алдын алу шараларына, халыққа ақысыз дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жолға қойып, халық арасында жиі кездесетін өкпе (құрт ауруы), шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медициналық көмек ісін жандандырған.

Пікірлер