"Аттан құлаған" кім? Президент пе? Генерал ма?

6951
Adyrna.kz Telegram

 Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына

Қазақ аттан жығылса да, салттан жығылмайтын елдің баласы еді. Дүниеге ұл бала келсе ат ұстар келді деп, ұлы ер жеткенде ат жалын тартып мінді дейтін де қазақ. Ел басқарған ұлдарын атқа мінер деген теңеу де қазекеңнен қалған. Қазақ үшін атқа міну ол үлкен құрмет, билік.  Ауылының атағын шығарған ұлдарына ат мінгізіп, шапан жабу ол атаның жолы, бабаның дәстүрі болатын. Ақын Қадыр Мырза-Әлі қазақтың осы тамаша дәстүрін

Қазақ осы ашық-жарқын қабағы,
Қонақ келсе жадырап бір қалады.
Қарада тұр саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады деп бір-ақ шумақ өлеңге сыйғызған. Қазіргі биліктегілердің Қадырдың осы өлеңін оқымағаны өкінішті.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде Атырау облыстық Ішкі Істер департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевтың атқа мінген сәті түсірілген видеосы кеңінен тарады. Оған себеп, 6 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Аян Дүйсембаевқа генерал-майор шенін тапсырған болатын. Ауыл тұрмақ, облыстың өзінен шыққан генерал-майор саусақпен санарлық. Ұлдарының мұндай марапатқа ие болғанына қуанған жерлестері Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылы Аян Сәбитұлын ауылға кездесуге шақырған. Ауылдастарымен кездесуден кейін есік алдына шыққан сыйлы қонаққа ауылдас ағасы белгілі режиссер Сағидолла Якупов елдің атынан деп, ер-тұрманымен атты көлденең тартады. Сағидолла ағамыздың Райымбек есімді мүгедек баласы бар екен. Екі аяғынан жүре алмаса да, спортпен айналысып, Аян ағамыз сияқты спортшы боламын деп армандаған Райымбектің өмірге деген құлшынысы керемет. Сағидолла Якупов сол балам сен секілді азамат болып,  аяққа тұрып кетсін, халықтың батасы ем болсын деп ырымдаған екен. Генерал Дүйсембаев жылқыға мінуден бас тартып, маған сыйлық алуға болмайды деген. Ақсақалдардың сөзін жерге тастай алмай  екі минуттай атқа мініп, сол жерде Сағидолла ағамыздың мүгедек баласына өз қолымен жылқыны  сыйлап кетіпті. Бұның өзі азаматтың жөн білетінін көрсетсе керек.

Біз Аян Дүйсембаев жайлы ақпарат жинау барысында өмірбаянына көз жүгірттік.

Дүйсенбаев Аян Сәбитұлы 1966 жылы 12 қаңтарда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылында жас дәрігер мен мұғалім отбасында дүниеге келді. Әкесі Сәбит Дүйсенбайұлы - дәрігер, анасы Бақтылы Мұсағалиқызы - "қазақ тілі мен әдебиеті" пәнінің мұғалімі. Аянның  әкесі Сәбит 1969 жылы Миялы селосында қайтыс болды. Ол кезде Аян 3 жаста болған. Анасы Бақтылы Мұсағалиқызы қызы Алмажайды, ұлдары Абзал мен Аянды өзі тәрбиелеп өсірді. Аян Сәбитұлы 1973-1983 жылдары сол кездегі Крупская, қазіргі Халел Досмұхаммедұлы атындағы орта мектепте оқып білім алды. 1984-1986 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келді.

1991 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын, 2000 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін аяқтады. Мамандығы - ұстаз, заңгер.  Аян Сәбитұлының Ішкі Істер Органдарындағы қызметі 1999 жылы басталды.
1999 жылдың тамыз айынан қыркүйек айы аралығында Ішкі Істер Министрлігінің дайындық мектебінде оқыды. 1999 жылдың қыркүйек айынан 2001 жылдың қаңтар айы аралығында Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл болып жұмыс істеді.

2001 жылдың қаңтар айынан 2003 жылдың наурыз айы аралығында Алматы қалалық Ішкі Істер Басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарған. 2003 жылдың наурыз айынан тамыз айы аралығында Атырау облыстық Ішкі Істер Басқармасында ұйымдасқан қылмыспен айналысатын топқа қарсы қызмет басқармасында, 2003 жылдың тамыз айынан 2004 жылдың қыркүйек айы аралығында Атырау облысында "Арлан" жасағының командирі, 2004 жылдың қыркүйек айынан 2005 жылдың ақпан айы аралығында Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінде қызметте болды. 2005 жылдың ақпан айынан 2006 жылдың ақпан айы аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Атырау облысы бойынша арнайы қызметінде болды. 2006 жылдың ақпан айынан 2007 жылдың қазан айы аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің жедел басқармасын басқарды.

2007 жылдың қазан айынан 2009 жылдың шілде айы аралығында Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің Алматы қаласындағы жедел басқармасын басқарды. 2009 жылдың шілде айынан 2012 жылдың маусым айы аралығында Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің арнайы департаменттерін Атырау,Алматы, Астана қалаларында басқарды.

2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Атырау облыстық Ішкі Істер департаментінің бастығының бірінші орынбасары, 2016 жылдан бастап Атырау облыстық Ішкі Істер департаментінің бастығы. Қазір Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы.

Дүйсенбаев Аян Сәбитұлы - филология ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік марапаттардың иесі. Дзюдодан ССР-дің спорт шебері, қазақша күрестен ҚазССР-дің спорт шебері.
Отбасылы. Жеті баланың әкесі. Екі ұлы, бес қызы, немере-жиендері бар.

Осы ақпараттың өзі Аян Дүйсембаевтың қатардағы уәкілден бастап, генерал-майорға дейінгі аралықтағы жиырма жылды қалай жүріп өткеніне дәлел болады. Әлеуметтік желіге атқа мінген сәті жүктелгеннен бастап халықтың генералды қорғай сөйлегенінен-ақ, оның ел арасындағы абыройының қаншалықты екеніне көз жеткізуге болады. Көптеген қайырымдылық шаралары мен жетім-жесірге қамқор болғанын жерлестері енді жазып жатыр. Өзі ондай шараларды жариялауға қарсы болыпты. Үкімет көп балалы отбасылардың жағдайына көңіл бөлеміз дейді. Көңіл бөлетін болса, Аян Сәбитұлын мұншалықты қатаң жазаламайтын еді. Жеті баласы үшін ғана сөгіс беруге болатын еді.

Сайлау алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев генерал Дүйсембаевқа байланысты шешімін қайта қараса бір облыстың ғана емес, барша халықтың ықыласына ие болар еді. Ат мінгізу қазақтың ең үлкен құрметі екенін асфальтта өскен өзгелерге де үлкен насихат болар еді.

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер