Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы бірнеше кәсіпкерлік нысандарында болып, жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын көбейту, шетелдік нарыққа шығу жөніндегі жоспарларын, өтініштерін тыңдады. Қандай қолдау қажет екенін сұрап, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді.
Бүгінде Түркістандағы «ASIA BREND» жиһаз компаниясы жылына 22000 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Жылдық қаржылық айналымы – 1,1 млрд. теңге. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи үлгідегі технологиялар қолданылатын кәсіпорынның жиһаздарына өз елімізбен қатар көршілес мемлекеттерден де сұраныс бар. Облыс әкімі кәсіпкерге жобаның қуаттылығын арттырып, эскспортқа жұмыс істеу қажеттігін айтты. Дархан Сатыбалды осы күні «IDEAL TURKESTAN» ЖШС-нің әлеуетімен танысты. Жиһаз зауытында 50 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс бар. Кездесуде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану, өндірісті жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Түркістан өңірінің жиһаз шығару саласындағы әлеуетін жоғары бағалаған облыс әкімі бұл бағыттағы жобаларды жетілдіре түсу, экспортты ұлғайту маңызды екенін, осыған қатысты ұсыныстар қаралатынын жеткізді.