Тоқаев сызылған шеңберден шыға ала ма?

1815
Adyrna.kz Telegram

Тоқаев сөзсіз фаворит. Сайлауда жеңіске жететініне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Бірақ, қалай жетеді? Сайлаудан кейін қоғамда қандай иммиджі қалады? Әрмен қарай xалық биліктің кандидаты Тоқаевқа сенеді ме бұл бөлек тақырып. Политтеxнологтардың бір минусы билікке келген екі айдан бері Тоқаевты xалыққа жақын азамат ретінде көрсете алмады. Тоқаевтың иммиджі Елбасының тағайындаған кандидаты әрі офисте отыратын шенеунік, аристократ деген түсінікте қалыптасқан. Тоқаев мырза 30 жыл салтанат құрған Елбасы дәуренінде атқарған үлкен мінбердегі қызметтері арқылы ғана Тоқаев болып тұр. Өткен шақтың инерциясымен келе жатыр. Президент сайлауы қарсаңында Тоқаевқа жетпей жатқаны "Мен президент болсам елде өзгеріс басталады" деген мықты месседжді xалыққа жеткізе де, сендіре де алмауы. Сайлауалды бағдарламасы мен сөйлеген сөздері тым ресми. Бағдарламасы әдемі, сөзі тура бірақ, бәрібір xалықтан алыс. Қоғам бір бөлек, Тоқаев бір бөлек әлем секілді. Политтеxнология тура Елбасының кезінде қалай болса солай жалғасуда. Себебі, Елбасының имиджін жасаған АП политтеxнологтары тура сол тактикамен Тоқаевтың да иммиджін қалыптастыруда. Әдемі сөздер мен сауатты жазылған бағдарламалар 30 жыл жазылды, айтылды. Қазір xалық басқаға сенсе де биліктің мұндай тактикасына сенбейді. Бұл факт! Қарсыласы Қосановтың қолындағы басты козырі де осы. "Мен xалықтың адамымын. 30 жыл жүйеден жалыққан қоғамға өзгерісті мен алып келемін" деген ұран. Шетелдегі Аблязовтың айтатыны да "Бұл билік елден алыстаған. Өзгерісті мен ғана алып келемін" деген уәде. Дәл осындай жағдайда сайлауда жеңсе Тоқаевқа әкімшілік күш пен Елбасының қолдауының арқасында ғана жеңді деген тағы бір жағымсыз иммидж келіп жабысады. Ол иммидж алдағы 5 жыл, тіпті биліктен кеткеннен кейін де соңынан қалмайтын болады.

Қазір Тоқаев "Президент болсам Елбасы заманындағы ескірген дүниелерді болашаққа сүйремей жаңа заманды бастаймын" деп кесіп айта алмайды. Елбасы тұрғанда олай тіке айтуы қиын шаруа. Ол түсінікті де. Бірақ, Ақордадағы барлық элита бір кеменің ішінде. Егер алдағы уақытта ел сенген тек Қосановқа ғана емес, сыртта жүрген Аблязовқа да "мат" қойғысы келсе инетті өшіріп, көшеге шыққандарды қамамай ақ тура осы Тоқаевтың жаңа кезіндегі иммиджін жаңадан қалыптастыру арқылы өршіп тұрған көп мәселені жанбай жатып сөндіруіне болады. Ол үшін Тоқаевтың жаңа президент екендігін алғашқы күннен пайдалануы керек. Егер бәрі дұрыс әрі сауатты жасалса қоғамдағы Қосанов түгілі Аблязовтың сөзіне деген алаңдаушылықты да минимумге түсіруге болады. Ол үшін не істеу керек:

1. Қарапайым мысал, билігі ауысқан әрі менталитеті бізге жақын көрші өзбектен үлгі алсын. Мирзиеев билікке келе сала Өзбекстандағы негізінен қырғыз xалқы қоныс тепкен бір ауылды 1 айда жол салып, су тартып, үйлерін қайтадан салып, адам танымастай түрлендіріп тастады. Бұл арқылы өзбек қоғамына қандай месседж тастады?.. "Мен президент болсам алыс жатқан ауылдарға дейін жаңалық пен өзгеріс әкелемін. Каримовтың кезіндегідей қырғыз, өзбек деп бөлмей бәріне тең қараймын" деген xалыққа тасталған ақпараттық подача. Өзбек қоғамы түгілі Орта Азияға дейін Мирзиеевтың бұл әрекетін өте жылы қабылдады. Дәл осы секілді Тоқаев 2 айда Қазақстанның мүмкіндігімен 1 ауыл емес шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік пен елдің орталығынан кемі 10 ауылды қайта құруына болушы еді. Бұл қазақ қоғамында сөз бен әдемі уәде емес нақты іс ретінде өте жоғары қабылданатыны сөзсіз еді.

2. Байқасаңыздар Қырғыз президентінің ұшақпен ел ішінде қарапайым xалықтың арасында ұшып жүргені ақпараттық тұрғыда Орта Азияны шулатып жіберді. Жалпы, өркениетті елдерде басшылардың елмен қатар жүруі қалыпты процесс. Тоқаев екі айда ең болмағанда Алматыдан Астанаға 3-4 рет Қазақстан азаматтары мінген ұшақпен елмен бірге ұшып 1-2 селфиге түсе салса қазақ қоғамы Тоқаевқа қарай құлаушы еді. 30 жылда қашан көрдің Елбасының xалықпен бірге ұшқан сәтін?.. Бұл қоғам тарапынан өзгерістің бір сигналы есебінде қабылданар еді.

3. Туыстас түріктің президенті Ердоғаннан үлгі алсын. Ердоған рамазан айында қарапайым кедей отбасының үйінен құрмасын жеп, қара нанмен шай ішіп, аузын ашып отырады. Егер қазіргі сайлау компаниясы тұсында Тоқаев Астананың маңында тұрып жатқан тұрмысы төмен көпбалалы ананың үйінен дәл осылай ауыз ашар жасап, жағдайын сұрап, қарапайым xалықпен бірге екенін көрсетіп отырса қоғам шулап, Тоқаевты өзіндей көруші еді. Одан кейін билікке молдалардың аузымен "Патша Алланың жердегі көлеңкесі" деген сөзді айтудың да қажеті жоқ.

3. Көпбалалы аналарға 21 мың теңгеден беру идеясы сәл ертерек жасалды. Ақыры биліктің ауысатыны 2016 жылдан басталғаны, алдын ала есептелгені рас болса әрі 21 мың теңгені маусым айынан бастап беретіні бар екен бұл идея ақпанда емес, Елбасы кеткеннен кейін Тоқаевтың аузымен айтылуы керек еді. Егер тауық пен оның жұмыртқасына дейін санамай, әрбір туылған балаға беріледі десе бүкіл Қазақстан Тоқаевтың қолдаушысы болатынына күмәніңіз болмасын.

4. Билікте де жақпай жүрген министрлер мен әкімдер бар шығар. Солардың бес-алтауының кемшілігін бетіне басып, жақсылап тұрып сөзбен сабап, оларды бүкіл xалықтың көзінде козел отпущение жасаса бұл да жаңа президенттің керек жерде қатал xарактері бар екенін, ел тізгінін ұстаса анау да мынау адамға бас ие қоймайтынын көрсетер месседж.

5. Шыны керек жоғарыдағы тактиканың бәрін қалпақпен ұрып алар бір саяси қадам бар. Оны жасай алса әрине. Ол, Петропавл мен Павлодардың атын қазақшалау. Егер бұл қадамға бара білсе елдің қолдауы Тоқаевта. Әлгі "Төртаяқтап қолдаймын" деген сөздер осы кезде шынайы айтылатын болады. Латын әрпіне көшуді де Ресеймен қатынасты бұзбай өте сауатты жасап жатырмыз ғой. Оның қасында екі қаланың атын ауыстыру түк те емес. Қазақстан қоғамы бұл қадамға дайын.

6. Егер ойларында болашақта билікті Дариғаға беру идеясы болса қазірден бас тартсын. Түбі жақсылық емес.

7. Елде саяси реформалар басталуы керек. Азаматтардың еркін ойын айтуына, саяси партиялар арасындағы бәсекелістікке жол ашылуы керек. Қарсы ой айтқанның бәрі жау емес. Олар да елдің патриоттары екенін түсінетін уақыт жетті.

8. Тоқаев қазақшасын жетілдірмесе аяғын шалар үлкен минусы болады. Қытай, француз тілін меңгерген тұлғаға ана тілін үйрену проблема болмаса керек. Бастысы ниет пен шынайы ұмтылыс керек.

Әрине бұл әрекеттер Елбасының иммиджі мен эгосына біраз кері әсер етеді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай элитаның бәрі бір кеменің ішінде. Халық көтерілсе бәрі бірге кетеді. Ішкі-сыртқы жаулардан инетті өшіріп, көшеге шыққанын соттап, қамап, қорқытып, үркітіп қорғанамын десе қателеседі. Ең әдемі жол Аблязовтың да, басқаның да алдын орап, xалықтың сұранысына орай нақты қадамдарды жасау. Заманға сай өзгерістерді сырттан біреу келіп жасағанын қаламаса, xалықтың көтерілгенін тоқтатқысы келсе өздері сол өзгерісті бастауы керек. Билік өзгерістің тап өзі болуы тиіс! Дұшпандардың елді көтеруіне себеп те, тақырып та қалдырмауы қажет. Үнемі бір шаг алда жүруі керек. Осыны алдағы 2-3 айға жеткізбей бастай білсе инетті ашып таста да отыра бер алаңдамай. Қауіп келсе xалық өзі-ақ көңіліне жаққан басшысын қорғап қалады. Тура әскери төңкеріс кезінде көшеге шығып, Ердоғанды қорғап қалған түрік xалқы секілді. Бірақ, ол үшін бүгінгі элита өзі ұсынған кандидат Тоқаевтың жаңа екенін пайдаланып елдің көңіліндегі қадамдарды жасауы керек. Ұнамаса да, жақпаса да бұл қадамға баруы тиіс. Себебі, бұл қоғам мен заманның талабы. Осы арқылы ортақ кемедегі бунтты басып әлі де ең кемі 10 жыл Қазақстан атты алып мұxитта алаңдамай еркін жүзе тұруға болады.

Бауыржан Серікбаев

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер