ЕҚЫҰ миссиясы Қазақстанда өтетін президент сайлауын бақылауды бастады

156

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының миссиясы 8 мамырда Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауының өтуін бақылауды бастады. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында миссия жетекшісі Уршула Гацек хабарлады. Бұл - Гацектің сайлауға алғаш қатысуы. Одан бөлек миссия құрамында 11 сарапшы мен ЕҚЫҰ-ға мүше елдерден 24 ұзақмерзімді, 300 қысқамерзімді бақылаушы бар.

Гацектің сөзінше, миссия Қазақстан билігінің өтініші бойынша келген. Бюро өкілдері сайлау аяқталғанша елде болады.

Бюро миссиясы Қазақстанға алғаш рет келіп тұрған жоқ. Түрлі жылдары ұйым мүшелері елдегі президент және парламент сайлауларына бақылау жүргізген. 2015 жылы өткен президент сайлауынан кейін жарияланған қорытынды құжатта ұйым сайлау науқаны мен дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болғанын жазған.

Қазақстанда президент сайлауы биыл 9 маусымда өтеді. Сайлауға жеті кандидат қатысады.

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

Пікірлер