Алматыда баспана 12 пайызға дейін арзандайды

1439

Алматыда баспана 10-12 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Бұл туралы Almaty.tv тілшісіне Қазақстан риэлторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев айтты. Мәселен, биыл сәуір айында Алматыда баспана 3 пайызға арзандаған. Бірақ бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы 10-12 пайызға түсуі мүмкін екен. Тіпті, оңтүстік астанадағы ауа райына байланысты мүліктің құны құбылатыны тағы бар дейді.

"Былтыр қыста бәріміз де осы болжамның орындалуын күттік. Неге десеңіз, былтыр көктемде тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. "7-20-25", "Баспана хит" секілді бағдарламалар жүзеге аса бастады. Алматы қаласына 25 миллионға дейін, Астана қаласына 20 миллионға дейін шектеулері болды. Құрылыс компаниялары бұл бағдарламаларға дайындықпен кірісті. Бұрынғыдай құрылыс материалдарын шетелден шарықтаған бағада әкелмейді, шектеулі бағамен өзімізде сатып алады. Содан да болар, үй құны тұрақталды", - дейді Орынбасар Сатаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар үй бағасының шарықтап кетпеуіне әсерін тигізіп отыр. "Дегенмен Астана мен Алматы ірі қалалар, мұнда туристер көп келеді, сондықтан бағаны ұстап тұрамын деп айту қиын. Өйткені сұраныс жоғары. Оның үстіне, валюта бағамының секіруі, құрылыс материалдарының қымбаттауы да баспана құнына тікелей әсер етеді. Ал, аймақтарда үй алу әлдеқайда жеңілірек болады деп ойлаймын", - дейді маман. Сатаевтың айтуынша, қазір сатып алушыларға төлемнің сан-алуан түрі ұсынылған. Бірақ, олардың көбі ипотекадан гөрі бөліп төлеуді көбірек таңдайды. Өйткені пайызы жоқ, артық төлем жасамайды.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket