Қызық қоғам, қызық билік

1372

Негізі біздің қоғам да, билік те қызық. Ел басқарудағы кемшіліктерді айтып жүрміз. Бірақ, кейде қоғам мен xалықтың билікке қойған талаптарын оқып отырып та таң қаласың. Көпбалалы аналардың министрлікке барып үкіметке қойған талаптары маған қызық көрінеді. Мысалы:

1. Тегін баспана. Нарықтық экономикада тегін деген нәрсе жоқ!!! Ол болмайды ешқашан. Билік көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларына 2-3 процентпен пәтер алу мүмкіндігін жасауды қолға алды. Демек, бұл мәселе дұрыс бағытта келеді. Тек, осы бастаманың қалай орындалатынын қоғамдық бақылауға алған жөн.

2. Несиені жою. Бұл енді маған мүлдем қызық көрінеді. Неге жою керек?.. Өз аяғымен барып алды. Енді төлесін. Мүмкін, алған несиені жою емес, көпбалалы аналарға проценті төмен несие беру деген ұсыныспен шықса тыңдауға болады.

3. Тегін медицина, тегін оқу. Бұл жерде Кеңес заманынан шыққан псиxология ұрып тұр енді. Неге тегін оқуы керек?.. Региондарда кәсіптік білім беру колледждерінде онсыз да тегін оқиды. Колледж мұғалімдері адам жинай алмай жүр. 20 мың стипендиясын тағы алады. ЖОО-да тегін оқу емес, конкурстық негізде грантты ұтып алсын. Бәріміз мектепте оқыдық. Ертең қазақтың баласы көпбалалы отбасынан шыққандарға ЕНУ-да оқу тегін екенін білсе мектепті қарық қылып оқымайды. Зачем оқып? Мен де оқымас едім. Бәрібір тегін түсемін. Раxат қой. Мотивация жоқ! Осындай талапты қойып отырған аналар да қызық. Егер грантқа балы жетпесе, ақылы бөлімге түсіп жатса оқу ақысына 20-30% жеңілдік жасалсын десе бөлек әңгіме. Қарастыруға болады.

4. Прописка сұрамау дегендері қызық екен. Түсінбедім. Пропискаға тұру әр азаматтың міндеті. Халықтың миграциясын біліп отыру үшін қажетті дүние. Қазіргі дамуымызда керек нәрсе. Ол анықтаманы алу үшін электронды кілтің болса үйде отырып-ақ инеттен шығарып алуға болады. Телеграм приложениесі арқылы тегін алып, электронды почтаға 2 минутта жіберуге болады. Онсыз да Қайрат Нұртастың әлеуметтік желідегі парақшасын оқып, әр әншінің кіммен жүретінін, тоқалы кім екенін зерттеп отыратын xалыққа бұл проблема емес. Әншілердің парақшасын аңдымай приоритетті өзгерту керек. Бұл көтеретін де мәселе емес негізі.

5. Мектептен бала оқиды деген анықтама сұрамау. Ал, сұраса не болыпты?.. Қиын ба мектептен анықтама алу?.. Әр бала мектепте онсыз да тегін оқиды. Анықтаманы 1-2 күнде алуға болады. Бұл жерде қандай проблема бар? Балаң үкімет есебінен тегін оқып жатыр, 4-5 балаңның мектепте оқитынын дәлелдеп, керісінше балам кәмелеттік жасқа толмаған деп көмекті алуға септігі тиетін құжатты өткізе сал. 3-4 класта оқитын баланың күніге барып келетін мектебінен 40-50 жастағы зіңгіттей әкенің, жұмыссыз бос отырған шешенің бір рет барып анықтама алып келуі қиын ба? Осы да сөз ба???

6. Талаптардың ішіндегі мен келісетін тұс отбасының кірісін есептеуде сиыр, қой, жылқы, тауық пен итті есептемеу деген тұс. Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар. Ауылды жерде 100-200 қойы, 20-30 сиыры, 10-15 жылқысы бар көпбалалы отбасылар да бар. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Бірақ, сүті мен қымызын, малдың етін сатып пайда тауып отыр. Официально кіріс жоқ. Де-юре кедей. Де-факто тұрмысы жақсы. Мұндай азаматтарға көмек қажет пе?.. Мысалы, оның көршісі де көпбалалы. Қорасында малы да, жағдайы да жоқ. Ақша бәріне жетпейді. Бұл жағдайда екі отбасының қайсысы 21 теңгені алу керектігін есептейтін бір жүйе мен ереженің болғаны дұрыс. Тек, тауықты, одан шығатын жұмыртқаны, бау-бақшаны есепке алуды қою керек шығар. Тым ұсақталып қажет емес деп ойлаймын.

Жалпы, бізде әлі сана мен саяси мәдениет өсуі қажет. Бұл билікке де, қоғамға да қатысты.

Бауыржан Серікбаев

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket