25 шілде күні Алматы "Барахолка" базары маңында орын алған жол көлік оқиғасынан 15 жастағы жасөспірім қыз зардап шекті. Оқиғаға қатысты заңгер пікір білдірді, деп жазады "Адырна" тілшісі.
"Алатау ауданы аумағында жол көлік оқиғасы болған жерде жаяу жүргіншілер көпірі орналасқан. Алайда, видеодан байқағандай отбасы мүшелері тыйым салынған тұстан өткен. Біріншіден, ата-ананың бала өміріне салғырттығы. Өз өміріне, бала-шағасының өміріне немқұрайлы қарағандығының белгісі. Жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалық экспертиза тағайындалды. Жүк көлігінің жүргізушісіне ешқандай шара қолданылмайды. Өйткені олар жаяу жүргіншілерге тыйым салынған жерден өтіп отыр. Зардап шеккен 15 жастағы қыздың ата-анасына ҚР Әкімшілік кодексінің 127-бабының талаптарына сәйкес айыппұл салынатын болады. Әрқайсымыз өз өміріміз үшін және балаларымыздың өмірі үшін жауаптымыз. Жолда жүргенде сақ болайық" деді заңгер Қуат Ауғанбек.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматы базарында 15 жастағы қыздың жүк көлігінің астында қалғаны туралы мәлімдеген болатынбыз. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен жасөспірімнің жағдайына қатысты түсініктеме берді.