Мониторинг барысында анықталған "көпес" азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша сатқан. Нақтырақ айтқанда, ресейлік бидай өнімін 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарып, "екі асап биге шыққан".
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мәліметтері жария етілуге жатпайды.
Қазіргі уақытта департамент өкілдері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынғанын хабарлады. Бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз берудің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деп мәлімдеді ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.
"Адырна" ұлттық порталы