Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялар пакетін мақұлдады

107
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Еуроодақ елдерінің тұрақты өкілдері Брюссельде Ресейге қарсы 15-ші санкциялар пакетін мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жаңа санкциялар Ресейдің мұнай экспортына баға шектеуін айналып өту үшін пайдаланылатын «көлеңкелі танкер флотымен» күресуге бағытталған.

«ЕО елдерінің елшілері Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына жауап ретінде 15-ші санкциялар пакетін келісіп бекітті», – деп хабарланды Еуроодақтың қазіргі төрағасы Венгрияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Бұл пакетте санкциялық тізімге жаңа жеке тұлғалар мен ұйымдар қосылды. Сондай-ақ, Ресейге және үшінші елдерде орналасқан, Ресейдің әскери және технологиялық дамуына жанама түрде ықпал ететін субъектілерге қатысты шектеулер енгізілді.

Жаңа шектеулер Ресейді қолдайтын үшінші елдерге тиесілі кемелердің қызметін де шектейді.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен:

«ЕО мен оның G7 серіктестері Кремльге қысымды жалғастыруға бекем. Мен 15-ші санкциялар пакетін мақұлдауды құптаймын, ол нақты Ресейдің көлеңкелі флотына қарсы бағытталған», – деді.

ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары өкілі Кайя Каллас:

«Біз Ресейге қатты қысым көрсетуіміз керек. 15-ші санкциялар пакеті қабылданғанына қуаныштымын», – деп атап өтті.

Ресей Батыс санкцияларына жауап ретінде ескі және қолданыстан шыққан танкерлерден құпия «көлеңкелі флот» құрып, мұнай мен тауарларды жасырын тасымалдауда деген болжамдар бар.

Бұған дейін ЕО Ресейге қарсы 14 санкциялар пакетін енгізген. Олар сауда, қаржы, энергетика, өнеркәсіп, технология, көлік, қосарлы мақсаттағы тауарлар, сәнді заттар, алтын және алмаз секторларын қамтиды.

Пікірлер