Путиннің Польша жеріне қатысты пікір білдіріп, кезіндегі Сталиннен қалған сыйлық екендігін хабарлаған мәлімдемесінен кейін дау туды. "Сталиннің сыйы туралы" айтқан сөзіне байланысты Ресей елшісі Польша сыртқы істер министрлігіне шақырылатын болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий Твиттерде хабарлады.
Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеп, Польша КСРО мен Иосиф Сталиннің ұстанымының арқасында "Батыстың ауқымды жерін, Германия жерлерін алды" деп мәлімдеді. Яғни, Путин бұл аумақтардың "Сталиннің поляктарға берген сыйы" екенін айтты.
Осыдан кейін Моравецкий Сталинді "жүз мыңдаған поляктардың өліміне кінәлі әскери қылмыскер"деп атады.
"Тарихи шындық - күмәнсіз. Ресей Федерациясының елшісі СІМ-ге шақырылады", - деп жазды поляк премьер-министрі.
Орайы келгенде айтқа кетейік, "әлемге сый-cыяпат" үлестіргіш Ресей билігі Қазақстан аймағын да бір кездегі өздерінің сыйлығы екендігін айтқан.
«Қазақстанның жері – бұл Ресей тарапынан жасалған сыйлық», - дейді Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов. Никонов бұл сөздерін ресейлік «Бірінші арнада» өткен «Үлкен ойын» бағдарламасында айтты.
«Қазақстан деген жер мүлде болмаған. Қазіргі солтүстік аймағында адам тұрмаған. Халықтың басым бөлігі оңтүстік жақтарда ғана болған. Қазақстанның қазіргі жері Кеңес одағы мен Ресейдің жасаған сыйлығы»,-деді В. Никонов. Сонымен қатар ол Ресей барлық елді жаулап алған дегенмен келіспейтінін білдірді.
"Адырна" ұлттық порталы