24kz-тің жазуынша, ауруханаға Жаңақорған ауданынан 77 жастағы ер адам, Шиелі ауданынан 51 жастағы ер адам жеткізілген. Олардың жағдайы нашарлап, ем қабылдамастан қайтыс болған. Оларға Конго-қырым геморрагиялық қызбасы диагнозы қойылды.
"Әр жағдайды тіркеген кезде 12 сағат ішінде жеке аумақтарды, мал қоралары мен жануарларды дезинфекциялау жүргізіледі. Барлық байланыста болған адамдар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Жалпы үш ай - мамыр, маусым, шілде кененің қауіпті түрлерінің белсенді болатын уақыты. Сондықтан облыс тұрғындарын сақтық шараларын орындап, шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралуын сұраймыз", - деді Қызылорда облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Таиландтан келген 37 жастағы қызылжарлық азамат денге безгегін сол жақтан жұқтырып келген еді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ол инфекцияны маса шағуы арқылы жұқтырғаны айтылады.
"Адырна" ұлттық порталы