Ұлттық журналистиканың үздік тәлімгері

2557
Adyrna.kz Telegram

Жарты ғасырдан астам уақыттан бері қазақ журналистикасының көсегесін көгертуге үлесін қосып келе жатқан журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Балбұлақ» республикалық журналының, «Дертке дауа» республикалық медициналық газетінің бас редакторы, самайын қырау шалған қаламгер 77 жастағы Мағира Қожахметовамен сұхбат құрдық.

Мағира Қожахметова - 1946 жылы 5 ақпанда Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Қошқарбай ауылында дүниеге келді.
Көкшетау кітапхана техникумын бітіреді. Мектепте, кітапханада жұмыс істейді. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде 1981 жылға дейін қызмет істеген. 1981—1992 жылдары «Қазақстан әйелдері) журналында, 1992—1994 жылдары «Денсаулық» журналында, 1994—1996 жылдары «Ай», 1996 жылдан «Ақ желкен» журналында қызмет еткен. 2002 жылдан бастап балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, 2005 жылдан бері көпшілікке арналған медициналық, танымдық «Дертке дауа» газетін шығарыл келеді.

«Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», « Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптарының, көптеген танымдық материалдардың, шығармашылық портреттердің авторы. 2006 жылы шыққан Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырған.
1982 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Тералқасының Құрмет грамотасымен, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2008).

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша бүгінгі журналистика мен бұрынғы журналистиканың айырмашылығы қандай?

- Кешегі журналистика мен бүгінгі журналистиканы, әрине, салыстыруға болмайды. Өйткені, журналистика заманның ағымына қарай дамиды. Мәселен, сенің өзің мектепті енді бітіріп жатырсың, соған қарамастан журналистиканың барлық саласында керемет еңбек етіп, талай адамнан сұхбат алып жүрсің. Менен де сұхбат алып отырсың, мен дән ризамын және Қарақат, сенің жеңістерің үшін өте қуаныштымын. Сен сондай ізденесің, соншалықты мәнді материалдар, мақалалар жазасың. Бұны мен өзімнің журналдарымда, газеттерімде жариялап келемін. Журналистиканың арасындағы айырмашылықты тіпті, сенің ғана шығармашылығыңнан байқауға болады. Бүгінгі журналистика мен кешегі журналистиканың арасы, әрине, жер мен көктей. Менің толқыным, менің замандастарым журналистиканы көркемдік биіктікке жеткізген. Ал сендердің замандарың мүлдем басқа. Журналистиканың ақпараттық маңызы зор. Мен сенің ізденісіңнен, сенің бізге жазған дүниелеріңнен қарап отырып түрлі терминдерді байқаймын. Сенің жақында «Менің мультимедиалық бір күнім» деген еңбегіңді оқып қайран қалдым. Себебі, ондағы терминдердің өзін түсіну үшін іздену керек. Порталдардан басқа да толып жатқан сайттарды зерттеуіңнің өзінен талай жаңалықты тауып отырмын. Қазіргі журналистканы біздің кезеңмен, біздің заманмен салыстыруға болмайды. Өкінішке орай мен ұқпайтын түрлі терминдер, түрлі атаулар пайда болуда. Мысалы, дата журналистика дейді, бұл не деп ойласам, кәдімгі деректі журналистика екен. Бұның өзінің де бір керемет дамуы бар. Сондықтан да, заманның талабына сай сендер еңбек етесіңдер, ал мен әрине, сендерден үйренемін. Журналистика бұл – өмірдің тынысы, кез келген қоғамның айнасы. Кешегі, бүгінгі, ертеңгі журналистиканың дамуынан әлі сендер талай жаңалық ашасыңдар, талай ізденесіңдер, неше түрлі теория алып келерсіңдер. Менің оған сенімім зор.

- Зейнет жасынан ассаңыз да бір газет, бір журналдың редакторы болуыңыздың сыры неде?

- Адамның миы зейнет жасына келді деп тоқтап қалмайды ғой. Мен адамның миын өмір бақи жұмыс істейді деп ойлаймын. 22 жылдан бері «Балбұлақ» журналын шығарып келемін. 17-18 жыл болды, «Дертке дауа» газеті шығып келеді. Бұл басылымдарды шығарудағы себебім – өзімнің шығармашылық ізденістерімнің жүзеге асуы. Басылымдардың алғашқы жылдары таралымдары жақсы болды да, кейінгі кезде қатты құлдырап кетті. Соған қатты қапаланамын. «Екі басылымның редакторы болудың сыры неде?» деген сұрақтың өзі қызық. Мен үшін зейнетке шығу, демалу деген ұғым жоқ. Мен миым жұмыс істеп тұрған кезде өзімнің барлық жоспарларымды, арман-тілектерімді жүзеге асыруым керек деп ойлаймын. Бәлкім, осы екі басылымның редакторы болуымның сыры осындай мақсат қойғанымда болар.

- Қазіргі журналистерге көңіліңіз тола ма?

- Өмір деген қартайған адамның талап тілегіне қарамайды ғой. Сондықтан да, мен қазіргі журналистерге көңілім толады деуге де болады. Оларға кешегі талапты қоя алмайсың ғой, кешегі заманның мақсаты басқа болатын, бүгінгі заманның мақсат, тілегі мүлдем басқа. Қазіргі журналистер өздерінің уақытына сай жұмыс істеп келеді, жаңалықтар ашуда, мен оларға өте жақсы қараймын, көңлім толсын, толмасын одан ештеңе өзгермейді ғой. Дегенмен де, журналистердің тіршілікке, билікке, қандай да бір мәселені шешуде алғы шепте болуын қалар едім. Адами қасиеттерді насихаттауда, билік басындағыларға небір құндылықтарды жеткізуде, соларды жүзеге асыруда өздерінің позициясын орындаса деп армандаймын.

- Сіздің орындалмаған армандарыңыз бар ма?

- Менің жасымда орындалмаған арман деу ыңғайсыздау болар, десек те жазылған драмаларымның, пьесаларымның сахналанбауы қатты алаңдатады. Өзімнің жасап жүрген жұмыстарымның көбі көпшілікке жетпейді, көптеген дүниелерімді оқырман білмейді, соған алаңдаймын. "Балбұлақ" журналына жарияланған балаларлың дүниелерін хрестоматия ретінде шығара алмай жүрмін. Басқа да толып жатқан жоспарларымның жүзеге аспағанына қатты қиналамын. Орындалмаған деген істерге осылар жататын шығар.

- Сіздің жас кезіңіздегі Жазушылар Одағы қандай болды?

- Біздің жас кезіміздегі Жазушылар Одағы кәдімгідей арман болатын, өте киелі санадық. Одақтың алдына барып, ішіне кіруге қымсынатын едік. Өйткені, мұнда небір ғажап тұлғалар тірлік кешті. Соларды сыртынан көріп керемет әсерге бөленетінбіз. Енді, әрине, кез келген жас қаламгер үшін Жазушылар Одағының маңызы зор болды ғой ертеректе. Мен Жазушылар Одағы өзінің мәнін жоғалтқан жоқ деп қазір де ойлаймын. Қандай кезең болса да Жазушылар Одағы халық үшін өте қажетті мекеме. Жазушылар, қаламгерлер неғұрлым көп болған сайын қоғамда жақсылық көп болады деп есептеймін. Сондықтан Жазушылар Одағы қай заманда да керек.

- Жазу өнерін меңгеруді қалай бастадыңыз?

- Бірден жазу өнерін меңгердім деп айта алмаймын. Бірақ жазуды 13 жасымда бастаппын. 15 жасымда жазған күнделіктерім бар. Мен жазатын, жазғысы келетін адамдарға күнделік жазуға кеңес берер едім. Менің өмірімде күнделік жазудың үлкен мәні болды, кезінде оқуға түсуге де күнделіктерім көмектескен. Мен 7 классты қазақша бітірдім де, қалғанын орысша оқыдым. Сол кезде не қазақша, не орысша жазудың ережесін, емлесін білмесем керек. Өзімнің осы жолымды таңдауға, журналист болуға, жазушы болуға 13 жасымнан бастап кейде қазақша, кейде орысша жазған күнделіктерімнің үлкен мәні болды. Қазір сол күнделіктерімнің 800-900 беті басылды, әлі де басылып жатыр. Сол күнделіктерді оқып отырып кейде ойға қаламын, кейбір нәрселер ұмытылған. Күнделіктегі өзімнің 15 жастан бастап кешкен тірлігім мен тағдырымның барлығын оқып терең ойға батамын. Бұның барлығы бір өзгеше жанр. Ал енді журналист болғаныма, жазып келе жатқаныма 50 жылдан асыпты. Көптеген портреттер, мақалалар, сын жазылды. Менің жазу тақырыбым әртүрлі. Бір зерттеген тақырыбым екінші зерттеген тақырыбыма ұқсамайды. Мен көптеген бағытта жұмыс істеймін, маған тірлік кешу, жазу оңайырақ. Жазғанымның барлығы талдауды, зерттеуді қажет етеді. Оны ғалымдар зерттеп, студенттер диплом қорғады кезінде. Өзімнің замандастарым менің шығармашылығым туралы өте көп жазды. Соның барлығына шүкіршілік етемін. Менің ең басты бақытым деп ойлаймын.

- Өз замандастарыңыздың ішінде шығармашылығыңызға ерекше әсер еткен қаламгер деп кімді айта аласыз?

- Мен үшін алдыңғы өкілдердің де, аға толқын жазушылардың да әсері көп болды. Әбіш Кекілбаевтың және Сафуан Шаймерденовтің шығармаларын керемет ұнаттым. Тіпті "Болашаққа жол" деген Сафуан Шаймерденовтің романы менің журналистика факультетіне деген құштарлығымды оятқан, тіпті ол кісіге хат та жазғаным есімде. Кейін Сафуан аға «менің архивімде сенің оқушы кезіңде жазған хатың бар» деп айтқан. Замандастарыма келсем, біздың курс өте талантты. Мынау тылсым дүниелерді зерттеуіме, өнер тақырыбын жазып жүргеніме әсер еткен курстасым Сейсен Мұхтарұлы болды. Жас кезімізде ол ешкім мән бермейтін тақырыптарды меңгерді. Университетте оқып жүргеннен бастап қазақтың ою-өрнектерінің әліппесін айтатын. Ол кезде бұл тақырыпты ешкім жазып, меңгерген емес, бірақ Сейсен Мұхтарұлы осындай күрделі тақырыптарды сөз қылғанда мен қайран қалатынмын. Екінші курстасым Құрманғазы Қараманұлы Мустафиннің кезінде алақандай әңгімелері шықты. Бұл да бір қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалық болатын. Ол қазір де жаңалық, дегенмен оған пәлендей мән берілген жоқ. Мен үшін Құрманғазы Мустафиннің де алақандай әңгімелері керемет әсер еткен.

- “Қыз бала үшін журналистика ауыр жол” деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

- Журналистиканың жолы кім-кімге болса да ауыр. Ал қыздар үшін бірнеше себепті ауыр екені рас. Журналистикада қызмет атқарудың толып жатқан қиындығы бар. Мен көзқарасымды сұхбаттарымда айтып та, жазып та жүрмін. Қазір журналист қыздар өте көп. Дәл қазір технология, техника алға жылжыған сайын журналистиканы жігіттерден гөрі қыздар өте жетік меңгерген сияқты әсерде қаламын. Қазіргі заманда журналистиканың қыздар үшін соншалықты ауырлығы жоқ-ау деген пікірдемін. Біздің кезімізде журналист қыздар көп болған жоқ, саусақпен санарлықтай ғана. Проза жанрында да қазақтың қыздары аз. Ал журналистикада қазір талантты қыздар өте көп. Кез келген басылым, кез келген портал, кез келген сайтты қарасаңыз, меңгеріп отырғандардың басым көпшілігі қыздар. Журналистика болсын, басқа болсын, жазу, сызу айналасы қыз үшін де, жігіт үшін де оңай шаруа емес.

- Журналистік жолыңыздағы сағына еске алатын сәттерді баяндап берсеңіз.

- Журналистикада келе жатқаныма 54 жыл болыпты. Осы жылдардың арасында сағынышпен еске алатын сәттерім «Лениншіл жас» газетінде өткен 11 жылым. «Лениншіл жас» менің ертегім деген сөзді жиі қайталаймын. Шынында да, ең бір ғажап, бақытты сәттерім осы «Лениншіл жаста» өтті. Әрине, сағына еске алатын сәттер өте көп. Тіпті, алғашқы сапарларымның бірі осы Шерхан Мұртазаның бас редактор кезі. Сонда өзінің туған жері Жуалыға мені командировкаға жіберді. Іссапарда мен бригадамен ілесіп, жарты айдай солармен бірге жүргенім есімде. Сол уақытта маған іздеу салып редакциядан іздеп хабар келгеніне, бас редактордың маған деген сондай кешіріміне әлі таңқаламын. Бір жұмаға кетіп, жарты ай жүру деген қазір ойлап қарасаң қисынсыз ғой. Сонда сол командировкаға барғанымда қойшыларға, жайлаудағы бүкіл отырған елге концерт қойдық. Біздің қатарымызға Әміртай Бөриев деген сол жердің жазушы жігіті, журналист, керемет талантты азамат қосылды. Барлығымыз 10 шақты күн Жуалының керемет, ғажап табиғатында концерт қойғанымызды сағынышпен еске аламын. Сондай-ақ, Маңғыстау өлкесінде жиі сапарда болдым. Ол уақытта әулиелердің жері айдала, мүлдем күтімсіз жататын. Сонда сол Маңғыстауға барғанда неге екенін білмеймін, бәлен жүз шақырым жолды кейде жаяулап, жалпылап қорымдарды аралағаным, керемет әсерге бөленгенім есімде. Маңғыстаудың үстіртінде жүргенде жер мен аспанның бірдей астасып кеткен, таңғажайып табиғаттың керемет бір құбылыстарын көргенмін. Соны да ертегідей еске аламын. Әрине, өте көптеген сапарлар болды, «Жігітті алып қашқан қыз» деген сияқты бір оқыс тақырыптарды жаздым. Еске алатын сәттеріме сан жетпес. Шынында да, сұрағың өте жақсы екен. Осы сұрағыңнан кейін журналистік жолдағы небір сәттерді жазуға болады екен-ау деп ойланып отырмын. Сағына еске алатын сәттердің көрінісі «Лениншіл жас» газетінің, «Қазақстан әйелдері» журналының бетіне жазылды, сол мақаларды қазір қайта қарасам ба деп отырмын. Біздің кезеңдегі журналистикадағы романтика, ол кездегі жолға шығу, кейде жаяу, кейде машина, кейде трактормен, неше түрлі транспортпен жүрген сәттерімнің барлығы мен үшін қымбат. Жарты ғасырдан асқан журналистік жолымдағы ертегідей небір сәттер бар. Оның барлығын асықпай жазуға болады екен деп ойға қалып отырмын.

- Ұлттық психологияны зерттеп жүрген қаламгерсіз. «Адам құпия», «Жападан жалғыз» соның дәлелі. Ұлттық психология тұрғысынан бүгінгі заманауи жастарға қандай ақыл кеңес айтасыз?

- Ұлттық психологияның шет шегінде жету мүмкін емес. Бұл бір телегей теңіз тақырып қой. Менің жазып жүргенім бірең сараң тақырыбы деп ойлаймын. Кез келген ұлттың философиясы, психологиясы, педагогикасы сол ұлттың тілінде, мақал-мәтелінде, ертегілерінде, жыр, эпостарында сақталса керек. Біздің қазақ ұлтының да бүкіл философиялық байлығы ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелінде сақталған. Кейбір сөздерде де, кейбір әріптерде де біздің ұлттық психологияның көріністері бар деп болжаймын. Мен бұл тақырыпты сондай бір керемет меңгердім деп айта алмаймын, бірақ көркем әдебиетте Мұхтар Әуезов биік шыңына жеткен.

Психологияның шыңына жету өте қиын-ау деп ойлаймын, биік шыңына жету мүмкін де емес шығар. Өйткені, бұл ұдайы дамып, ұдайы жалғаса бертін тақырып қой. Қазақтың ұлттық психологиясында, әрине, керемет зерттеуге тұратын тақырыптар табуға болар еді. Небір зерттеу, ізденістер жүргізуге болар еді деп ойлаймын. Себебі, біздің ата-бабаларымыз өздерінің салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында барлық байлығын тастап кеткен. Неге біздің ата-бабаларымыз әлемнің бұрыш-бұрышындағыдай архитектуралық ансабльдер, мавзолей салмады екен деп ренжитінмін. Соны бертін келе түсіндім, бүкіл өнердің саласы, бейнелеу өнері ма, оның ішінде дизайн ба, архитектура ма, соның барлығының көрінісі біздің тілімзде, мінез-құлқымызда сақталған екен. Қарап отырсам, «ғ,і,ү,ә,ө» деген әріптеріміз қандай нәзік, қандай ғажап. Біздің осындай нәзік әріптеріміздің өзі ұлттық байлығымызды құрайтын сияқты болып көрінеді. "Дертке дауа" газетін шығарып жүргендегі себебім қазақтың әдет-ғұрпынан әлемдік парапсихологияның емле-ережесін іздеп, тапқым келеді және оны табуға да болады. Қазақтардың тірлік кешу тәсілінде, өмір сүру әдісінде, күнделікті тірлік тынысында соншалықты заңдылықтар мен тыйымдар бар. Оның кейбірі керемет байлық, барлығын түсіну мүмкін емес. Соның барлығына классификация жасап, ғылыми ізденістер жазуға болатынын бертін келе түсіндім. Мен соны тиіп, қашып қана жазып жүрмін. Шіркін-ай, жастар өзіміздің осындай өткенімізге үңілсе деп ойлаймын. Болшақта жас ұрпақтың қандай болатынына, адамның адам болып қалуына мұның үлкен әсері бар. Өйткені, нәзік психологиялық тәрбиені ұлттық психологиядан табуға болады. Мен бұл туралы дәріс оқи алмаймын, ол мүмкін де емес. Бірақ жастарға айтатыным технология жақсы дамыған, мүмкіндіктер өте көп. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып ұлттық психологиямыздың бүкіл байлығын, адамды сыйлау, адамды құрметтеу, қонақты қабылдау, адамның адамға деген, біздің ұлтымыздың басқа ұлттарға деген құрметінде ұлттық мінез-құлқымыздың керемет қасиеттері бар, оның бәрін кеңінен талдап жазуға болады. Бүгінгі заманауи жастардың осыған мән беруін, терең үңілуін қалар едім. Қазақ әдебиетіндегі эпостық жырларда, мақал-мәтелімізде, жұмбақтарымызда, жаңылтпаштарымызда қазақ ұлтының байлығы жасырын жатыр. Соны түсініп, ұғынған адамның тағдыры жақсы болады деп сенемін. Осыны жастар ұғынып ойланса екен деген ұсынысым бар.

- Сізден тәлім алған шәкірттеріңіз жайлы айтып берсеңіз.

- Өзім тізгінін ұстаған басылымдардың тұтастай ұрпақ өкілдерін тәрбиелеуге қосқан үлесі жайлы көп жазылды. Кешегі балақай, жас тілші, жас кейіпкерлеріміздің бүгін ел игілігіне адал қызмет етіп, тұлға ретінде қалыптаса бастағанын іштей мақтан тұтатыным рас. Солардың кейбіріне тоқталайын. Қазір лауазымды қызмет атқарып жүрген Әсел Батырханқызы мен Шыңғыс Батырханұлы Төкеевтер бір кезде біздің де, оқырманның да сүйікті кейіпкерлері болды. Бір кездегі жас тілшіміз бұ күнде қайраткерлік дәрежеге көтерілген.
Күні кеше сияқты еді, 15 жасар Айдар Қырықбайұлының алғашқы балғын жыр шумақтарын жариялап, көрген түстеріне шейін зерттегенім, ұйымдастырушылық қабілетінің көзалдымда шыңдалғаны. «Ақ желкен» журналындағы бас редакторлық кабинетім Айдарға да ортақ, қосымша кілтті өзіне бергенмін. Жан-жақтан қабілетті балақайларды жинап, Алматының мәдени орындарымен, театрларымен келісіп, республикалық деңгейде түрлі шаралар өткізді. Қазір оны танымайтын жан жоқ. «Балбұлақтың» алғашқы редколлегия мүшелері дизайнер Марсель, «Жұлдыз» продюсерлік орталығының президенті Қалкен Қасымбеков, «Шапағат» жастар қайырымдылық қоғамдық қорының президенті Айдар Қырықбайұлы, «Айналайын» балалар би ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұржігіт Құлбарақтың жастарды өнерге баулып тәрбиелеудегі еңбектері күні бүгінге шейін абыроймен жалғасуда.

- Мәнді де, мағыналы сұхбатыңызға рахмет, апа! Аман болыңыз!

Сұхбаттасқан
Дүйсен Қарақат
Алматы қаласы
№58 жалпы білім беретін мектептің түлегі,
«Үздік аттестат» иегері

Пікірлер