Қазақша контент, қандайсың? Сала сарапшыларының версиясы

2680
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тіліндегі ақпарат, контент сапасы қайтсе көтеріледі? Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында осыны БАҚ өкілдері мен сарапшылардан сұрап көрдік. Қазақша контенттің қай жерден ақсап, қай тұста кемшіліктер жібергенін талдауға тырыстық. Сіз қалай ойлайсыз?

«АҚПАРАТТЫ ТАЛҒАМАЙ АЛУ АРТҚА ТАРТАДЫ»

Есей Жеңісұлы, «Ақжелкен» журналының бас редакторы:

- Қазір әлеуметтік желінің арқасында қазақ тіліне деген ақпаратқа сұраныс артып келе жатыр. Бұрын Ютуб, Инстаграм, Фейсбук парақшаларында орысша ақпаратқа көбірек сүйенетін едік. Меніңше қазір ақпарат алудың көзі көп, бірақ оны әркім әртүрлі қабылдайды.

Ақпарат алу тілі адамның жеке қалауына байланысты. Бірақ көп жағдайда оқырман арзанқол ақпаратқа сеніп, оның рас - өтірігін тексере бермейді.

Ақпаратты талғамай алу, оған бірден сену, ол үгіт, не насихат екеніне мән бермеу бізді артқа тартып жатыр деп ойлаймын. Соның әсерінен өз пікірі жоқ, кез келген нәрсеге сенетін адамдар көбейіп барады.

Әсіресе, қазіргі жағдайда орысша ақпарат сенімді деп, сол елдің ақпаратын оқу өте қауіпті.

Қазақша контентке аудиторияны қызықтыру үшін меніңше қазақ тілді аудиторияға аса ақылды контенттің қажеті жоқ. Қазақ тілді аудитория ақпаратты сол сәтте ғана оқып, видеоны көріп, сосын келесі ақпаратқа бірден өтіп кететін жағдайға жетті. Дегенмен бұл қаншалықты шын деген нәрсені зерттей алмайды.

Бірақ алдағы уақытта қазақ тілді аудитория арзанқол ақпараттан жиреніп, кәсіби материалдарды көп оқиды деген сенімдемін.

«ПІКІР БАЛАНСЫН САҚТАЙТЫН КОНТЕНТТІ БАЙҚАМАЙМЫЗ»

Әйнел Әмірхан, OY-DETOX, «Тасадағы әйелдер» жобасының негізін қалаушы:

- Мен өзім екі тілде де ақпарат тұтынамын. Қазақ тілінде «Қызықtimes», «Түнгі студия» деген көңіл көтеретін контенттерді көп қараймын. Ал жаңалықтарды орысша оқимын. Дудь, Варламов сияқты орыс журналистерінің оқырманымын.
Менің пікірімше, аналитикалық материалдарды оқырман орыс тілінде тұтынатын сияқты. Сол себепті біз журналистерге азық болатындай, баламалы пікір ұсынатындай контент жасауға тырысып жатырмыз. Кейбір жобалар тек Ютуб желісінде ғана шығатындықтан, қалың аудиторияға жете бермейді.

Қазақша ақпаратты дамыту үшін сараптамалық, зерттеу мен түсіндіруге бағытталған контентті көбейтуіміз керек деп ойлаймын. Мемлекеттік арналар мемлекеттік тапсырысқа қана өмір сүретіндіктен, қаражаттың көбі ойын-сауық бағытындағы бағдарламаларға бөлінеді.

Біз әрқайсымыз өз вакуумызда өмір сүреміз де, көзіміз үйренген журналистер мен көзіміз үйренген БАҚ-ты ғана оқимыз.
Сол себепті пікір балансын сақтап, баламалы пікір беретін қазақша контенттерді байқамай жатамыз. Сондай БАҚ-тың оқырманы болсақ, оны бөлісіп, қолдауымыз керек деп ойлаймын.

«ЖАҒА ҰСТАТТЫ» ЖАҢАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА ЕМЕС»

Жадыра Нармаханова, «Ұлан» газетінің бас редакторы:

- Қазіргі кезде шыны керек қарапайым адамдар бір газетті немесе сайтты оқып отырады дегенге сенбеймін. Оны кейінгі кездегі газет-журнал тиражы, сайттардың қаралым саны растайды. Өйткені ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алған жылдам әрі тиімді.

Бірақ қазақтілді контенттерді интернет желісіне орналастырар кезде көп редакция СЕО, СММ мамандарының жұмысына, кәсібилігіне назар аудара бермейді. Тіпті көптеген қазақ басылымдарында мұндай мамандар атымен жоқ.

Сондықтан газет-журналдарға шығып жатқан жақсы контент интернет желісінде айналысқа ене бермейді. Тақырып қою, лид жазу жағы ақсап жатады. Газеттегі материалды интернетте айналысқа түсірерде осының бәрін ескеру керек. Ілмек сөздер дұрыс болмағандықтан да миллиондаған ақпараттың ішінде жақсы материал «жұтылып» кетуі мүмкін.

Меніңше, қазір қазақ тілінде контент жасау – шоу бизнес, кино әлемінде табыс көзіне айналды. 2000 жылдары жастар көбіне шетел музыкаларын тыңдаса, қазір көбі қазақша контент жасайтын әншілерді тыңдайды. Осыдан он жыл бұрын саусақпен санарлық фильм түсірілсе, қазір жылына 50-ге жуық фильм түсіретін халге жетіппіз. Мұның бәрі дені қазақ тілінде. Себебі аудиторияның сұранысы сол.

Бірақ ескеретін бір жайт қазіргідей «жаға ұстатты» жаңалықтарды ұсынатын «сары басылымдар» журналистика емес.
Жалпы, қазір қазақ журналистикасының өзегіне құрт болған дүние – рейтинг қуу. Яғни, рейтинг жақсы болса, тендер, ақша болады. Сол үшін көптеген интернет редакция рейтинг үшін «сары басылым» деңгейіне түсіп кетті. Бұл – өз алдына үлкен тақырып, журналистиканың өзекті проблемасы.

Аружан Айтбек,
Тұран университетінің 2 курс студенті

Пікірлер