Бүгін – Мұхтар Әуезовтің қайтқан күні

8787
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — қазақтың елдігі мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің қайтқан күні.

Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі 1961 жылдың 27 маусымында Мәскеу қаласындағы ауруханада өмірден озған еді.

Ол 63 жылдық ғұмырын қазақ әдебиетінің дамуына арнады. Артына бай мұра қалдырып, елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына  зор үлес қосты.

Қазақтың біртуар классик жазушысы 20 жасында өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебек» пьеасасын жазды. Бұл туынды әлі күнге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді.

Дәл осы шығармадан кейін Әуезов он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен көзге түсті. Атап айтқанда «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр» әңгімелері, «Жетім», «Қараш-қараш оқиғалары», «Қаралы сұлу», «Қилы заман» секілді прозалық шығармалары оқырман назарын бірден өзіне аударды.

«Абай жолы» роман-эпопеясы —жазушының ең көлемді әрі аса күрделі шығармасы. Туындыда классик жазушы бір ғана Абай образы арқылы ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін жан-жақты суреттейді.

«Адырна» ұлттық порталы назарларыңызға Мұхтар Әуезовтің қанатты сөздерін ұсынады.

Тумай жатып – толдым деме, толмай жатып – болдым деме.

***

Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

***

Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет.

***

Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле.

***

Төзім тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа ғой.

***

Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек.

***

Өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады.

***

Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз.

Пікірлер