«Ту әне, шаңырақ міне!»

2564
Adyrna.kz Telegram

Сырт көз

Қарағандыда қыста қазақтың көкөрім жігіті жат қолынан өлді.  Билік: «Оқиғаға ұлттық реңк бермеңдер, әдеткі төбелес» деп, толқыған жұртты сабырға шақырып, әйтеуір дауылдың алдын алды. «Болары болды, бояуы сіңді», ертең-ақ бәрі ұмытылады деп ойлайды, бәлкім. Солай ойлайтындықтан тағы да Қазақ Елін мекендеп отырған жүздеген ұлттың «тонның ішкі бауындай татулығын» баяғыша бар пәрменімен насихаттап, жауырды жаба тоқуға көшеді. Соған иландырғысы келеді, иланар едік, өмір иландырмай тұр!

Сәуірдің іші. Павлодар қаласында Наурыз тойланып жатыр. Түс мезгілі болып, Екібастұз қаласы тіккен киіз үйде бір табақ ет жеп,  қазақтың арғы-бергі тарихын, мықтылығын айтып, өзара әңгіме сапырып отырмыз. Бір уақ жағасы кестелі ақ көйлек киген орыс шалы: «Да ну вас, без родины, без флага» деді, шамырқанып, сөзін төбеден жай түсіргендей етіп. Төрт-бес қазақ бір-бірімізге «Мынау қайтеді?» дегендей одырая қарадық, үстел басындағы екінші орыс – еңгезердей шопыр жігіт ожар шалдың сөзі өрескел шыққанын ұғып, күжірейген мойнын ішке тығып, иіні салбырап кетті.

  • Это, наверно, у вас нет Родины, нет флага. У казахов был и будет! Отан, міне, мынау шаңырақ,- дедім ашудан бұрқ-сарқ еткен қалпымда киіз үйдің түндігін көрсетіп, содан соң: «Ту, әне, желбіреп тұр!» дедім ашық есіктен көшенің қарсы бетіндегі ғимарат үстіндегі көк байрақты саусағыммен нұсқап.

«Достық үйіндегі» славян орталығының ардагерлер хоры қатарында концерт қойып, «ұлттар достығын жырлауға» келген әлгі шал да, киіз үй ішіндегі басқа  қонақтар да жым-жырт. Дәл сол мезетте есіктен именшектене қазақ шалы бас сұғып, «Наурыз құтты болсын! Рұқсат болса, бір-екі бауырсақ ұстатсаңыздар, дәм татайық та» деді жасқаншақтана. Айтарымды айтып, енді сабама түсе бастаған едім, қазақ шалының сөзі ашуымды қайта қоздырды.

  • Ақсақал, несіне қипақтап, несіне күмілжіп тұрсыз. Төр де, тамақ та қазақтікі! Бұлдайтындай ешкім ештеңесін өзімен бірге алып келген жоқ. Қазақтың пейіліне берілген ырыздығы. Тамағымызды жеп, табағымызды теуіп отыр ғой, міне, мынау да,- деп орыс шалына тағы бір алара қарадым да: «Төрге сіз шықпағанда, кім шығады?»,- дедім даусымды жұмсартып.

Әп сәтте найзағай ойнап, күн күркірегендей күй кешіп, үрпиіп қалған шенеунік қазақ келіншегі: «Иә, иә, жоғарылатыңыз. Қыздар, қонаққа табақ әкеліңдер» деп жік-жапар болды.

Біз, қазақтар, мінез көрсете білмейміз. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген ата-бабамыз. Жуасты кім қадірлейді. Басынады, басыңа шығады. Мұны күнделікті өмірден көріп жүрміз, сол себепті қазақтың жүрегінен қыжыл кетпей тұр.

Айтпақшы, еңгезердей шопыр жігіт Володя  -  менің көршім. Анда-санда далан көзінде отырып, бірге сыра ішкенде, «Ну и характер у тебя, сосед» деп, кеңк-кеңк күледі. Жасанды емес, риясыз күлкі. Жасанды сыйластық емес, риясыз сыйластық. Түйсігі бар орыс та, басқасы да қазақтың жанын, ниетін ұға біледі, бізге көлгірсіген құрғақ сөз, саясат  «жасаған достық» емес, нағыз шынайы, табиғи достық қымбат!

. Ал әлгі орыс шалының қазір қайда екенін білмеймін, осы оқиғадан соң көрмедім, бәлкім өз туы, өз отанын іздеп кетті ме екен?!

Жассерік Жәлелұлы

Пікірлер