Кенесары мен Оспан қазақта "қатыгез", "жауыз"

2390
Adyrna.kz Telegram

Баяғыда, Хан Кене өзінің отаршылдарға қарсы күресі кезінде, оған алым - салық бермей бас тартқан қазақтар болыпты. Қостанай өңірінің қазақтары Хан жіберген Науашқа қарсы шығып онда қырғын болған екен. Оны тарихта бәрі біледі.

Кенекем, "бұл қазақты қалай біріктіремін, қалай мемлекет боламыз" деп оңтүстігінде Қоқанмен алысып, терістікте орыспен жағаласып жүрген жолбарыс қой. Оған қаражат керек, қару керек, көмек керек. Алайда, оны ол кезде барша қазақ түсінбепті. Сол қазақтар әлі күнге шейін, "Кенесары бұрын бүйткен, сүйткен, тышқақ лағымызды тартып алған, Балғожаның атын алып кетті, Есенейдің түйесін тоңқарып кетті" деп күңкілдеп әңгіме айтады.

Сол қазақ ана қытайдағы Оспанды да сондай қылады. "Оспан бүйтті - сүйтті" деп.
Кене де, Оспан да соғыс жылдары күллі қазақтың жәрдеміне мұқтаж болған қолбасылар, олар идеяның адамдары, оларға не істесе де жарасады.

Ал енді сол қазақ кейін қайтті дейсіздер ғой. Сол малдарын тартып алып өздерін қойдай қырған (1929 - 1933 ж) большевиктер үшін майданға өз еркімен (1941 ж) аттанып, қолындағы барын сол жаққа жырып берген екен. "Бір түйір дәніміз жаудың маңдайына оқ болып қадалсын" деп, өзі ашқұрсақ боп жүрсе де дәнін де, оғын да берді. Сол соғыстағы үш оқтың екеуі бізде жасалды. Бүгінде, бізде сол соғысқа қатысқан қазақ - батыр да, малдарын тартып алған большевиктер де әулие, қалаларымызда бір - бір көше атын иемденіп отыр.
Ал Кене мен Оспан қазақта әлі "қатыгез", "жауыз", "бүйткен - сүйткен"...

P.S. Қайран Кенекем мен Ошың қазақтан бұндай жәрдем көрсе баяғыда өз мемлекеттерін құрып алатын еді. Бұны тағдырдың тәлкегі десек пе екен..

Олжас Әбіл

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер