Алдар Көседен алатын өнеге                         

2755
Adyrna.kz Telegram

(Үздік қазақ киносы туралы бір үзік сыр)

"Алдар Көсе" фильмін көріп, менің өмірге деген көзқарасым өзгерді.Өмір туралы  терең ойлай бастадым. Бұл кинофильм адам бойындағы қайырымдылық сезімін оятады. Алдардың образы мейірімділіктің нұрына толы. Алдар - қазақ халқының жан дүниесінің жарқын бейнесі, дархан пейілінің,  ізгі ниетінің символы. Алдар - Көсе әрдайым кедейлердің, мұқтаж адамдардың қорғаушысы болды. Ол үнемі жатып ішер байларды, халықтың қамын емес, қара басын ойлайтын тоғышарларды өзінің ақыл-айласымен алдап түсіреді, тіпті, шайтанның өзін шыр көбелек айналдырады. Бұл фильм 1964 жылы түсірілді. Шәкен Айманов "Алдар Көсе" фильмінің қоюшы режиссері ғана емес, басты рөлін сомдаған актер еді. Талант иесі Алдардың бейнесін нақышына келтіріп тамаша сомдады, тура өмірдегі өзінің образын жасап шыққандай болды. "Алдар Көсе" кинофильмі арқылы Шәкен Айманов адамзатқа өмірдің құны әділдік үшін күресте екенін, қолдан келсе қайырымдылық жасау керектігін түсіндіруге ұмтылды.
Егер маған: "Алдар Көседен үлгі алу керек пе?"- деп сұрақ қойса, мен ойланбай- ақ "Иә!"деп айтар едім.

      Қазіргі таңда әлемде мейірімді жандар өте көп. Бірақ, олар осы қасиетті дәл Алдар–Көсе секілді басқаларға насихаттай ала ма? Жоқ па? Жүрегіндегі мейірімділік сезімін ашып, өзгелерге көмек қолын соза ала ма? Дәл осы сауалдың жауабын "Алдар Көсе" фильміндегі нақты бір көрініспен сипаттауға болар еді. Кішкентай бүлдіршін қыз, базарда алма сатып тұрған әйелге " Маған бір алма бересіз бе?"- деп сұраған кезде, сатушы әйел алма бермек тұрмақ, айқайлап , ұрсып жібереді. Қыз бетін басып жылап қалады. Осының бәрін көріп тұрған Алдар, бар өнерін салып, сатушы әйелді алдап-арбап, жүрегін жібітіп жібереді. Әйел затына сай барлық әдемі, жақсы сөздерді айтады. Сатушы әйелдің Алдарға алданып қалғаны соншалықты, алма бермек түгілі, қолыңдағы алтын жүзікті де шешіп береді. Сөйтіп, Алдар бетін басып жылап тұрған қызға алманы апарып беріп, оны жұбатады. Осылайша, Алдар кішкентай бүлдіршіннің ғана емес, алма сатып тұрған әйелдің де көңілін тауып, екеуіне де қуаныш сыйлайды. Фильмдегі осы бір жүрек тебірентер сәт - үлкен, тіпті терең мағына беретін айтулы құбылыс. Мен айтар едім, бұл - мейірімді Алдардың және сол рольді сомдаған  Шәкен Аймановтың автопортреті.
"Казақфильм" киностудиясы неліктен Шәкен Аймановтың атымен аталатының осынау бір фильмді ғана көру арқылы шынайы түсінгендей болдым. Ал Шәкен Айманов түсірген фильмдер мен сомдаған рөлдер қаншама?! Ендеше,  бұл тақырыпқа тағы да оралатын боламыз.

                                                                                    Айрет Жанель

                     Алматы қаласындағы 157 -  мектептің 11 - «в» сынып оқушысы

Пікірлер