Алматыда жалған айлық жазып, 79 млн «жеп қойған» емхана қызметкерлеріне сот үкімі шықты

1618
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы, Медеу ауданының №2 аудандық сотында емхана қызметкерлеріне қатысты аса ірі мөлшерде жымқыру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлады деген айып бойынша қылмыстық іс қаралды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы BAQ.KZ-ке сілтеме көрсете отырып. 

Сотта белгілі болғандар, қылмысқа барлысы жоспарлы түрде қадам басқан. Анығын айтсақ, қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015-2022 жыл аралығында емхананың бас дәрігері К. бас есепші Н. және кадр бөлімінің инспекторы С.-мен алдын ала қылмыстық келісім орнатады.  Олар іс жүзінде жұмыс істемейтін 19 тұлғаны қызметке тағайындау туралы бұйрықтарды рәсімдеген. Ресми түрде рәсімделген қызметкерлердің шоттарына ай сайын еңбекақы жіберіліп отырған. Қылмыстық әрекетке барғандардың бұл қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.

К., С., Н. құқыққа қайшы әрекеттері арқылы мемлекетке 79 млн теңгеден астам шығын келтірді.

Залалды өтеу шараларын ескере отырып, екі тұлға 7 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. С.-ға 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды, Н. 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот бас дәрігер К.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ол орта қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде жазасын өтейтін болады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды, - делінген сот үкімінде.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер