15 күннен соң. Президент Тоқаев қайтадан Мәскеуге ат басын бұрды

2030
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республкасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан Мәскеуге ат басын бұрды. Мемлекет басшысы Ресей астанасына 25 мамыр күні өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Президент «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар форумға Ресей басшысы Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров қатысады, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнебайланыс режимінде сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.

Орайы келгенде айта кетейік, бұдан бұрын, 9 мамыр күні, Мәскеуде өткен әскери шеруге барған ел басшысының сапары да қоғамдық пікір тудырған еді. Президенттің алдыңғы сапары жайлы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов былай деп жауап берген.

- Мен бұл сапарды өте дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі Ұлы отан соғысы – біздің ортақ тарихымыз. Ұлы жеңіс ол да біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан сол бауырлас мемлекеттердің басшыларының барлығы дерлік кешегі парадта болды. Бұл біздің соғыста шейт болған ата-бабаларымызға арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл жерде бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Бұл бір. Екіншіден, біздің Қазақстанның өзінен 1 млн 200 мыңға жуық адам соғысқа кетті. Сол соғыстан біздің әке, аталарымыздың жартысы оралмады. Олардың көбісі Ресей жерінде жатыр. Жауынгерлердің іздеушісі, жоқтаушысы болуы керек пе, болмауы керек пе? Іздеушісі, жоқтаушысы кім болуы керек? Менің ойымша, қазақ халқы мен президентіміз болуы керек. Президенттің сапарын зерделеп саралайтын болсаңыз, бірінші кезекте президент Астанадағы «Отан қорғаушылар» мемориалына гүл шоғын қойып, еліміздегі Отан қорғаушыларға тағзым етті, - дейді Мәжіліс төрағасы.

Ол өзінің портал журналисіне берген сұхбатында "Президент - қазақ жауынгерінің жоқтаушысы" деп айтқаны көпшіліктің әлі есінде.

 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер