Түбі бір түркілер: Татарлар

6229
Adyrna.kz Telegram

Татарлар - Ресей Федерациясының құрамындағы айырықша статусқа ие демократиялық құқықтың мемлекет саналатын Татарстан Республикасының байырғы халқы. Олар ерте кезден-ақ түркi тiлдес iрi этностың бiрiнен саналады. Тереңге тартқан телегей-теңiз тарихы бар, мәдениетi мен өнерiнiң мыңжылдық дәстүрi бар, намысшыл қыпшақ ұрпақтарының үлкен бiр бұтағы - осы татарлар. Ресейдiң барлық облысы мен өлкесiне тарай қоныстанған татарлар сан жағынан республикада орыстардан кейiнгi 2-орында тұр. ТМД-ның басқа елдерiнде де татар диаспоры баршылық. Зерттеушiлер «татар» атауын тат-дат-йат (бөтен) және эр-ар-ир (ер адам), демек бөгде адам, бөтен жұрт дегеннен шыққан дейдi. Ертеректе Едiл бойы татарлары өздерiн бөлгәр, қазан немесе, қазанлы деп әрқалай атаған. Марилер қазан татарын сюас деп, удмурттар бигер деп, қазақтар ноғай деп атаған.

Татар-түркология әлемiнде түрiк сөзiнен кейiнгi ең жиi айтылып келген атау. Еуропада туыс халықтарды ертеректе түрiк деп атау дәстүрi болса, орыс деректемелерiнде түрiк-татар сөздерi қатар аталады. Бiр қызығы татар этнонимi көне дәуiрде түркi тайпасының атауы болмаған. «Татар» деген атын ғана иемденгенi болмаса, оларды татар-монғолдар ұрпағы деуге келмейдi. Бертiн уақытқа дейiн татар сөзi көптеген туыс халықтардың ортақ атауы боп келдi. Атап айтқанда, ХVI-XVIII ғасырлардағы орыс жазбаларында Едiл жағалауы мен Орал өңiрiндегi түркi халықтарымен қоса, Ресей империясының шет аймағындағы әзірбайжандар да, Солтүстiк Кавказ бен Орта Азияның, Сiбiрдегi бiраз түркi тiлдес ұлыстар да жалпылама татар аталған. Каспий мен Қара теңiз аралығындағы кең далада көшiп-қонған ноғайлар тiптi Кеңес дәуiрiне дейiн татар аталып жүрдi.

Әр халықтың антикалық көне дәуiрi, сол халық өмiрiндегi аса елеулi кезең жете зерттелмейiнше, бүгiнгi мәдениетi мен өнерiн, тарихын, тiлдiк, этностық өзгешелiгiн анықтау қиын. Татар халқының шығу, қалыптасу тарихына қатысты ғылыми зерттеу мынадай түрде шежiре тарқатады. III-IV ғасырда, ғұндар мен өзге де көпшелi тайпалардың Шығыс Еуропаға жасаған шапқыншылығы кезiнде, одан кейiн IV-VII ғасырда түрiк қағанаты шапқыншылығы кезiнде түркi тiлдес тайпалар легi Орал өңiрi мен Едiл бойына ағылып келе бастаған. VII-VIII ғасырда Азов теңiзi жағалауынан түркi тiлдес булгар тайпасы ауып келiп, олар Х ғасырда Волга - Кама Булгариясы аталған мемлекет құрыпты. Зерттеушiлер қазан татарлары өзiнiң антропологиялық, этнографиялық белгiлерiн ертедегi едiл бұлғарларынан еншiлеген дейдi. Едiл - Кама Булгариясының бiр кездегi дәуiрлеп өркендеген мәдениетi, егiншiлiк кәсiбi мен қолөнерi Едiл бойы, Орал өңiрi татарларының тұрмыс салтында, мәдениетiнде сақталған. Мұндағы түркi ұлыстары басқа тайпалармен бiрге 1223-40 жылдары монғол-татарларға қарсы ерлiкпен шайқасқан. Алтын Ордадан бөлініп шығып, өз алдына отау тіккен Қазан хандығы (1445 - 1552) татар ағайынның алғашқы ұлттық мемлекеті еді. Бұл мемлекетте ұлт болып ұйысқан татар мәдениеті мен экономикасы, дәстүрі мен салты қарыштап дамыды. Алайда көршілес Ресейдің отаршылдық езгісіне түсіп, тұл болған алғашқы түркі ұлысы да осы ел.

Польшада күні бүгінгі дейін түркі халықтарының ұрпақтары – аздаған татар мен қарайымдар тұратыны туралы баспасөзде жазылды. Тарихи деректерге сәйкес алғашқы татар қоныстары Поляк – Литва князьдігінде бұдан 600 жылдан астам уақыт бұрын белгіленген. Орта ғасырда Польша территориясында ислам мәдениетінің өркендеу кезеңі байқалды – көптеген мешіттер соғылды, мұсылмандар саны болса 200 мыңға жетті. Алайда, XV –XVI ғасырлар арасында поляк татарлары жергілікті тұрғындармен сіңісіп, біртіндеп ана тілі мен салт-дәстүрлерін жоғалтты. Қазіргі кезде 5 мыңға жуық поляк мұсылмандарының татар тамыры бар, ал Польшадағы мұсылмандардың жалпы саны 31 мыңға жуық. («Қазақ әдебиеті», 29.04.2009). Татар халқының көне дәуiрдегi ата-бабалары ұлан-байтақ өлкеге ие боп, Қара теңiз жағалауында Булгария, Хазар қағанаты, Едiл Булгариясы, кейiнiрек Алтын Орда, Қазан, Қырым, Астрахан, Қасым, Сiбiр хандығы аталған дербес мемлекеттер құрған.

Ал татар этнонимi қазiргiдей бiр ғана халықтың ұлттық атауы ретiнде ХIХ ғасырдың екiншi жартысында ғана тиянақталды. Бүгiндерi бiр халықтың құрамына кiрген ұлыстар таяу ғасырға дейiн татар атауын қабылдай қоймай, көп уақыт өздерiн әрқалай атап келген. Айталық, еуропалық бөлiктегiлер қазанлы, болғар, мишәр, типтәр, керәшөн, нағайбөк, кәчим, балқа липка (демек литва татары) делiнсе, Астрахан мағындағылар қорағаш, юрт, кундров деп сан түрлi аталып келген. Негiзiнен қыпшақ немесе ноғай-қыпшақ аталатын этникалық тобынан тұратын Батыс Сiбiр татары Едiл бойындағы түркiлерден өзгешелеу едi. Сiбiр татарлары да өздерiн әрқалай атап келген. Тюмень, Тобыл татарлары Тюмень облысының аудандарына тарай қоныстанған. Тар татары Омбы облысының Тар ауданын мекендейдi. Барабин татары Новосибирь облысының аудандарында тұрады. Бұл аталған татарлар өздерiн тұрған мекенiне қарай тоболик, тарлик, бараба деп атайды. Бұхара өңiрiнен қоныс аударып келгендер де Батыс Сiбiр татарының құрамына кiредi. Әуелде оларды бөлектеп, бұхарлық, кейбiрiн сарт деп, ендi бiр бөлiгiн өзбек деп атаған. Бертiн келе бұхарлықтар да татар аталып, бiр этникалық топқа бiрiккен. Тобыл мен барабин татарының тiлi қазақ тiлiне өте-мөте жақын болды. Сондықтан да 1926 жылғы халық санағында Батыс Сiбiр татарлары әртүрлi ұлысқа жатқызылған.

1582 жылы Көшiм хандығы құлатылғаннан кейiн, Ермак бастаған орыс шапқыншылығына төтеп бере алмай, аяусыз жазалауға, қуғын-сүргiнге ұшырап, көптеген татар Чулым бассейнiмен, Тобылға, Енисей өзенiне дейiн ығысты. Сiбiр татарлары патша әкiмдерiне қарсы әлденеше рет ашық көтерiлiске шықты. Қазан төңкерісінің қарсаңында Батыс Сiбiрдiң жергiлiктi халқының саны күрт азайып, қалың орыс арасында шашырай қоныстанып, мүлдем азшылыққа айналып кеттi. Қазан хандығы жойылғаннан кейiн экономикалық езгiнiң күшеюi, ұлттық-рухани қанау, дiни негiздегi қатаң қудалау, христиан дiнiн зорлықпен таңуға тырысу Едiл бойы мен Орал өңiрi татарын жаппай көшiп-қонуға мәжбүр еттi. Орталық ауданнан татарлардың шеткерi өңiрге ығысып, ондағы жергiлiктi түркiлермен мәдени-тұрмыстық жақындасуы, сауда-экономикалық тығыз байланысы бiртұтас татар ұлтының қалыптасуын тездетiп, оған өз ықпалын тигiздi.

Этникалық құрамы айтарлықтай күрделi, әрi ұлан-байтақ өлкеге тарай қоныстанған бүгiнгi татар халқының жеке топтарына тән ерекшелiк пен айырым белгiлерi де әжептәуiр. 1) Қазан татары - сан жағынан татар халқының ең iрi бөлiгi. Олар өздерiн бұрындары қазанлық деп те атаған. Қазан татарының арғы тегi - булгарлар, алтын ордалық түрiктер, оның iшiнде қыпшақтар. 2) Мишәрлар - сан жағынан екiншi орындағы татар этникалық тобы. Мишәрлардың тегiн «бұртас» деп аталатын тайпамен байланыстырады. Кейiн бұртастар мекендеген аймаққа ноғай-қыпшақтар көптеп келiп жергiлiктi халық қыпшақ тiлдi ұлысқа айналған. 3) Тептерлер - ежелгi башқұрт жерiндегi сан жағынан үшiншi орындағы татардың этникалық тобы. Тептер аталатын топтың негiзiн башқұрттар құраған. Кейiн бұл араға қаптап ауып келген Қазан татарлары араласып, татар тiлi олардың ортақ тiлiне айналған. Қазiргi тептерлер өздерiн татар ұлтының өкiлiне жатқызады. 4) Орал өңiрiн мекендейтiн Пермь татарының этникалық түзiлiсiн ноғай-қыпшақтармен қоса угор тайпалары құрайды деген пiкiр айтылады. 5) Нукрат татарының да этникалық компонентiн қыпшақ-ноғайы мен бесермендер құрайды. 6) Ал бесермендер болса, удмурттар құрамындағы татардың шағын этникалық тобы. 7) Қасым татарлары Орталық Ресейде Рязань облысының Қасымов ауданында, Санкт-Петербург, Москва секiлдi iрi қалаларда қалың орыс арасында азшылық боп тұрып жатқанына қарамастан, ислам дiнiн, тiлiн сақтап қалған. Зорлықпен шоқындырылған Қасым татарының шағын тобы тiлiнен де айрылып, орыс боп кеткен. Антропологиялық жағынан татарлар еуропеидтiк нәсілге жатады. Халықтың жартысына жуығы қараторылау келген еуропеидтiк нәсілдiң понтий типiне келiңкiресе, үштен бiрi жирен я сары шашты еуропеидтiк типке жатады. Монголоидтiк пен европеидтiк компонентi аралас оңтүстiк Сiбiр типi татарлардың 14 пайызын ғана құрайды. Соның өзiнде оларда да еуропеидтiк компонент басымдау.

Тоталитарлық жүйе тұсында бүкiл түркi жұртының, соның iшiнде татар халқының тарихы да толық айтылмай, бұрмаланып келгенi белгiлi. Атап айтқанда, ерте кездегi орыс халқымен терезесi тең iргелi ел болған татар ағайындар – тарихтан тиесiлi үлесiн ала алмай келген халық. Дәлiрек айтсақ, орыстар 150 миллиондай болса, татар ұлтының бүгiнгi жиынтық саны одан жиырма есе кем. Оның басты себебi татар халқы бес ғасыр бойы бостандық үшiн ауыр күрес жүргiздi. 1469, 1487, 1506, 1524, 1530, 1545, 1550 жылдары шабуыл жасаған басқыншы орыс әскерінiң шапқыншылығынан өз жерiн ерлiкпен қорғады.

Татар халқының тарихындағы ең ауыр қаралы күн - 1552 жылдың 30 тамызы. 1552 жылы 2 қазанда 150 мың әскер мен 150 зеңбірегі бар орыстар хандықты күйретті. Қазан қаласын алу кезіндегі басқыншылардың қаныпезерлігінің шектен шыққандығы соншалық, осы сұмдықты естіген, алыстағы Рим Папасының өзі діндестерін айыптап, «ешқандай адамгершілік қағидаға сай келмейді» деген екен. Орыс әскерінiң жойқын шапқыншылығы 2 қазанға дейiн созылды. Қаланы басып алған орыс әскері ондағы халықты қынадай қырды. Қазан хандығы осылайша Ресей басқыншыларының отарына айналды. Орыс патшалығының түркi халықтары жерiн басып алу жолындағы алқашқы жорығы осылайша өрбiдi. Аман қалған татар шаруалары қанауға ұшырады. Оларға адам айтқысыз зорлық-зомбылық көрсетiлдi. Халық рухани қанауға тап болды. Патшалы Ресей орыстандыру саясатын мақсат тұтты. Еңбекшi татарлар өздерiнiң ең шұрайлы жерлерiнен үстi-үстiне айрылды. Халық бұқарасы әлденеше рет қарулы көтерiлiске шықты. Өз туған өлкесiнен шет аймаққа жаппай ығысуға мәжбүр болды. Қазан хандығы құлағасын, шоқынудан қашқан және бұдан екі ғасыр бұрын тың өмір іздеген татарлар Орал қаласы мен төңірегіне келіп, қоныс тепкен. Олар тек кәсіппен айналысып қана қоймай, мешіттер, медреселер және мектептер ашқан. Ерте заманнан Ресей отаршыларының қанды қақпанына тап болып, басынан бодандық тұманы арылып көрмеген татар халқының көрген зобалаңы, ұлттық қасiретi аз емес. Олардың метрополияға тым жақын болуы да қыруар кесiрiн тигiздi. 1920 жылы қазан татарлары автономиялық республика деген мемлекеттiк статусын алды.

Небiр қиын-қыстауды басынан өткерген, көп ғасыр бойы бодандықтан зардап шеккен татар халқы асқан еңбекқорлығымен өз ұрпағын құрып кетуден сақтап қалды. 1926-1939 жылдар аралығында ғана татарлар саны жарты еседей өскен. Алайда бұл тек табиғи өсiм ғана емес едi. Өйткенi 1939 жылы тептерлер мен бесермендер татар тiлдi қауымға айналған Мензелин башкирлерi, сондай-ақ қазақ тiлiне жақын диалектiде сөйлейтiн Астрахан ноғайлары, ноғайбахтар, оңтүстiк Сiбiр түркiлерi де ұлтын татар деп көрсетiп үлгiрген едi. Сөйтiп, бұл дәуiрде әралуан туыс ұлыстардың татар ұлты төңiрегiне топтасуы аяқталған. Одан кейiнгi халық санағы көрсеткендей, 1959 жылға дейiн татарлар саны небәрi 15,2 пайызға, 1970 жылы 19,3 пайызға, 1979 жылы 8,3 пайызға, 1989 жылы 7 пайызға ғана өскен. Ертедегi татар жанұялары көп балалы болатын. Алайда жыл өткен сайын татар әйелдерiнiң бала көтеруi азайып, халықтың табиғи өсiмiне керi әсерiн тигiзе бастады. Татарстандағы жергiлiктi халық бүкiл татар халқының төрттен бiрiндейi ғана. Демек, татардың басым көпшiлiгi 75 пайызға жуығы республикадан тыс өлкелерде тұрып жатыр.

Татар халқының бүкiл әлемдiк жиынтық саны 8,6 млн. адам (2009). Кейбір демографтардың пайымдауынша, Ресейде 10 миллионнан астам осы ұлттың өкілі бар. Нақтыланбаған дерек бойынша, әлемде 15 миллионға жуық татар бар көрінеді. Ал 1989 жылғы соңғы санақ дерегi бойынша ТМД елiндегi саны 6.648,760 адам болып, олардың 83 пайызы татар тiлiн ана тiлiм деп таныған. Өзбек, қазақ, тәжiк, тағы басқа толып жатқан тiлдердi 48.740 татар ғана ана тiлiм деп таныса, бiр миллион 70 мың татар орыс тiлiн ана тiлiм деп таныған. Мұншама көп татардың орыс тiлдi қауымға айналуының өзiндiк себебi бар. Татар - бұрынғы кең-байтақ Кеңес Одағының түкпiр-түкпiрiне түгелдей тарап үлгiрген ең шашыраңқы түркi халқы. Олардың басым көпшiлiгi Еуропалық бөлiкте. Әсіресе, Едiл жағалауы мен Орал өңiрiнде бiршама жинақы қоныстанған. Татар азаматтарының осылайша Бұрынғы Ресей империясында тарыдай шашылып кетуiне өткен алмағайып заман айыпты. Алыс шет елде небәрi 110 мыңдай ғана татар тұрады деп көрсетілген. Бұл татар халқының бiр пайызына да жетпейдi.

Кеңес өкiметi тұсында да татар халқының сан жағынан өсуi Орта Азия, Закавказье, Солтүстiк Кавказ халықтарымен, тiптi славян тектес халықтармен салыстырғанда да төмендеу болды. 1926 жылғы халық санағында түркi ұлыстарының арасында қазақтардан кейiнгi ең көп санды халық боп орыс, украин, қазақтардан кейiнгi төртiншi орынды иемденсе, 1959 жылғы халық санағы көрсетiмiмен бесiншi орынға, 1979 жылғы халық санағында алтыншы орынға ығысты. Ал 1989 жылы халық санағында әзірбайжандардан кейiнгi жетiншi орынды иемденгенi анықталды. Репрессияға ұшырап, қуғын-сүргiн көрген халықтармен, сондай-ақ өз тарихында бiрнеше рет жойқын қасiретке ұшыраған халықтардың этнодемографиялық жағдайымен салыстырғанда да татарлардың сан жағынан өз мәнiнде өспей қалуының басты бiр себебi - халықтың ассимиляцияның керi әсерiне тап болуы. Мәселен, 1989 жылғы халық санағы көрсеткендей, ұлтаралық неке, демек аралас неке саны өзбекте 6%, түркіменде 6,4%, қырғызда 6,5%, қазақта 7,4% болса, татардың 41% аралас некеге тұрғандар. Сөйтiп патшалы Ресей шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын жүргiзсе, Кеңес өкiметi тұсында ассимиляцияның керi әсерiне ұрындырып барып орыстандыру әрекетi белең алды. Көп облыстарда татарлардың басым көпшiлiгi - аралас некелiлер. Көп санды халық өкiлiмен некеге тұру аз санды халық үшiн тиiмсiз екенi Едiл жағалауы халықтарының тiршiлiгiнен айқын байқалады. Мұндағы татар, мордва, чуваш, мари, удмурт секiлдi халық өкiлдерi бiр-бiрiмен сүйек-шатыс болса, олар қай республиканың жерiн мекендеп отырса, сол республика ұлтын қалап, соны өз құжаттарында көрсетедi екен. Ал орыс ұлты өкiлiмен некеге тұрса, қай республикада тұрғанына қарамастан, әкесi я анасы ғана орыс болғанын ескерместен, балалары ұлтын орыс деп көрсетедi екен. Орыс ұлтының өкiлi болуды тиiмдi санайтын секiлдi. Сондықтан аралас некеден орыс ұлтының саны өсе түссе, басқаларының санына керi әсерiн тигiзген.

Екiншi себеп - дiни фактор. Татар халқының ерте кезден-ақ ислам дiнiнiң сунниттiк ережелерiн қабылдағанын бiлемiз. Ал Иван Грозный кезiнен берi патша отаршыларының қысымымен зорлықпен шоқындырылған татардың аз ғана бөлiгi христиан дiнiнiң православие тармағын тұтынады. Шоқынған татарлар өздерiн кряшен деп атайды. Кряшендер көне кряшен, жаңа кряшен, ноғайбах, бакалин кряшен, молькеев кряшенi деп бөлiнедi. ХVIII ғасырдан кейiнгi уақытта татарлар арасында топтасу процесiнiң күшеюiне қарай шоқынғандардың мұсылмандыққа қайта оралуы басталды. Бұл процесс ХХ ғасырдың бас кезiнде күшейе түстi. Ең алдымен, жаңадан шоқынған татарлар, сондай-ақ бұрын шоқынғандардың да бiр бөлiгi мұсылмандыққа өттi. Сөйтiп, шоқынғандардың 40% қайтадан исламды қабылдады.

Төрт ғасыр бойы орыс миссионерлерiнiң тынымсыз әрекетiне қарамастан, шоқынған татарлар сан жағынан кемiмесе, өскен емес. 1926 жылғы санақта олардың саны 120,7 мың болған. Салыстырып айтқанда, Иван Грозныйдың тұсында да зорлап шоқындырғандар саны сол шамалас болған едi. Патшалы Ресей тұсында шоқынған татарға жер иеленуде көп жеңiлдiктер берiлген, артық жағдай жасалған. Соған қарамастан, көптеген татар қорыққанынан патша әкiмдерiне, миссионерлерге көз ғып қана уақытша шоқынып, ретi келгенде еш ойланбастан өз дiнiне қайта кiрiп отырған. Ал мүлдем шоқынып кеткендердiң этникалық сана-сезiмi төмен болып, көпшiлiгiнiң қалың орыс ортасында жұтылып кеткенiне ешкiм де таңдана қоймаса керек. Кеңес өкiметi кезiнде де христиан дiнiндегi татарлар сан жағынан өсе алмады. Өйткенi дiнi бiр болғасын, олардың орыстармен салт-дәстүр, мiнез-құлық, тұрмыс-тiршiлiгi жақын боп орыстанып кетуге бейiм тұрады екен. Қайсыбiрде айтылып қалатын «кемiнде екi я үш миллион татар орыс боп жазылып жүр» деген сөздiң де жаны бар ма дейсiң.

Осы орайда мына бiр жағдай ойға оралады. Болашаққа нық сенiммен қараймын деген, отаныммен, халқыммен бiргемiн деген әрбір мұсылман баласы исламның ақ жолынан таймауды есте тұтқаны абзал. Өйткенi дiнiнен айрылған халық табиғат ананың берген үлкен сыйы ана тiлiнен де айрылып, этникалық дербестiгiн жоғалтып алуға бейiм тұратынын тарихтан, өмiрден көрiп-бiлiп жүрмiз. Егер кең-байтақ Сiбiрдiң жергiлiктi бұратана халқын орыс миссионерлерi аз ғана уақыт аралығында-ақ христиан дiнiне мойынсұндыра алса, метрополияға тиiп тұрған татар ағайындардың денiн шоқындыра алмады. Оларды қаншама қорқытып, қысым көрсеткенiне қарамастан, ата-бабасының әлiмсақтан ислам дiнiнiң құдiретiн сезiнiп, имандыққа, мұсылмандыққа бой ұрса, көп нәрседен ұтатынын үндеген өсиетiне адал болғаны құрмет сезiмiн тудырады. Татардың ұлттық мәдениетi мен өнерiнiң, әлеуметтiк құрылымының жоғары деңгейде болуының да ислам дiнiнен айнымауға тигiзген әсерi күмәнсiз. Құлдық сезiммен, құлдық психологиямен жаншылмаған, ер де азат иелерi боп, өз халқының жақсы қасиеттерiн мұрат тұтатын татар азаматы жеткiлiктi. Бүгiндерi олар қашанда iзгiлiкке, имандылыққа тәрбиелеудiң алтын дiңгегi ислам дiнiн уағыздап, үлкен бетбұрыс жасауда.

Патшалы Ресей отары боп келген түркi халықтары тiлiнiң iшiндегi ең көбiрек әрi ертеректен берi толассыз зерттелiп келе жатқаны - татар тiлi. Қазiргi татар тiлi башқұрт тiлiмен бiрге түркi тiлдерi қыпшақ тобының қыпшақ-бұлғар бұтағын құрайды. Басқа қыпшақ тiлiнен өзгешелiгiне фонетикалық жүйесiнде жартылай дауысты ы, е, о, ө дыбыстарының кездесуi жатады. Сын есiм септелмейдi. Сан есiм 6 топқа бөлiнедi. Татар халқы алып Еуразия құрлығының көп бөлiгiне шашырай қоныстанғандықтан, олардың тiлi де бiртектi емес, әлденеше диалектiге, говорға ажыратылады. Орта диалектiге қазан татарларының тiлi жатады, батыс диалектiге мишарлар немесе мещеряктар жатады, шығыс диалектiсiне Сiбiр татарларының тiлi жатады.

Татар тілі қазақ тіліне етене жақын. Татар халқының ауыз әдебиетімен танысқан әрбір қазақ оқырманы: «Ябагалы яшь тайлак ярдай атан булган йорт, ятып қалган бер тукты жәйлеп мең күй булган йорт; Атам кияу булган йорт», - секілді жыр жолдарын өз ана тілінде оқығандай әсерге бөленеріне күмән жоқ. («Ана тілі», 13.07.1992). Ұлттық көңiл-күйдi сөз еткенде ең алдымен ана тiлiне деген көзқарас ойға келедi. Бұл жөнiнде татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқай: «Ана тiлiм - қасиеттi тiлiмсiң, әкем мен анамның тiлiсiң. Сен қандай ғажап едiң! Сенiң байлығың арқылы мен тұтас бiр әлемнiң есiгiн аштым», - деген-дi. Қайсыбір туыс халықтар секілді татар да сөзге тоқтаған. Ел басқарғандары ең алдымен топ алдындағы сөзімен сыналған, тыңдаушысын сөзімен баураған. Ана тіліне қатысты кейбір нақыл сөздері қазақ тіліндегіндей: Тәтті тіл темір қақпаны ашар. Тіл байлығы бай қылар, тіл жоқтығы жоқ қылар. Тіл жылатады да, жұбатады да. Кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз. Ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз. Сүйдірген де тіл, бездірген де тіл. Тұған тілін білмес – тұған анасын сүймес. Ана тілін өзім үшін, өзге тіл күнім үшін. Тіл үшін бас жауап береді. Ақыл да алтыннан қымбат. Алғыс алған – аман, қарғыс алған – тәмам. Жаһанды жел бұзады, адамды сөз бұзады. Білгеніңді сөйлеме, не сөйлегеніңді біл. Ащы тіл – заһар, тәтті тіл – шекер. Кісінің көңілі тілінен танылады. Бал тамған тілден у да тамар. Сүңгі жарақаты кетер, тіл жарақаты кетпес. Жүзден біреу – шешен, мыңнан біреу көсем. Ана тілін қадірлеген халық қадірлі болады. Тілі мықтының елі мықты.

Қазiргi татар тiлi орыс тілімен қатар - Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан республикасының мемлекеттiк тiлi болғандықтан, ондағы қоғамдық өмiрдiң барлық саласында кеңiнен қолданылады. Миллиондаған данамен мерзiмдi баспасөз, әр алуан әдебиет шығады. Республика тұрғындарына түгелдей оқып үйрену мiндеттеледi. Татарлар ерте кезден араб жазуын, 1927-1938 жылдары латын графикасын, 1939 жылдан бастап орыс (кирилл) алфавитiн пайдаланды. Қосымша әрiптерiне ә, ө, ү, ж, һ, ң жатады. Қазір бұл елде қайтадан латын әрпіне көшу мәселесі талқылануда.

Татар тiлi - Алтын орда дәуiрiнен бастау алатын көне жазбалы тiл. Көп жанрлы татар фольклорында шетелдiк басқыншыдан елiн қорғаған батырлар туралы тарихи жырлар елеулi орын алады. «Алыпмәмшен» («Алпамыс»), «Урак белән Мамай» («Орақ - Мамай»), «Козы Көрпә белән Баянсылу» («Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), «Камбәр» («Қамбар батыр»), т.б. көптеген ортақ жыр, дастандарымыз біздің тілі де, діні де, ділі де бір туысқан екендігімізді айғақтай түседі. Татардың көне жазба әдебиетi бар. Оларға ХIII-ХIV ғасырда өмiр сүрген Құл Ғалидың iзгi махаббатты жырлаған «Жүсiп пен Злиха» поэмасы, Құтибтың «Хусрау мен Ширин» поэмасы, Хорезмидiң «Махаббат кiтабы», берiректегi Махмут Бұлғаридың «Жұмаққа жолы», Мұхамедиярдың әралуан поэмалары, авторы белгiсiз «Кесiкбас» дiни-эпикалық жыр, «Сопыларға өсиет» атты дидактикалық шығарма жатады. Көп уақыт тыйым салынған «Идегей» поэмасы 1990 жылы ғана жарық көрді. Содан берi көптеген ақын-жазушылардың дiни дидактикалық, ағартушы-демократиялық бағыттағы шығармалары қалың бұқара арасына кеңiнен тарады. Озық идеяның көшiн бастаған атақты ақын әрi публицист Ғабдолла Тоқайдың, ғалым-демократ, ағартушы, татар әдеби тiлiнiң негiзiн қалаушы Каюм Насиридiң бiлiм мен танымдық мәнi бар шығармалары туған халқының рухани байлығын биiк дәрежеге көтерiп, демократиялық мәдениетiн дамытуға зор ықпал еттi. Талантты ақын, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жалил Мұстафаұлының 1957 жылы Лениндiк сыйлық алған «Маобит дәптерi» атты өлеңдер жинағы ақын есiмiн өшпес даңққа бөледi.

Ұлттық музыкасы башқұрт, қазақ, ноғай халықтары музыкасымен сарындас. Ертеректе татар музыкасы аспапсыз орындалатын бiр дауысты ән дәстүрi негiзiнде дамыған. Сонау алтынорда дәуірінен бастау алатын салт- дәстүрге, үйлену тойына, мерекеге, айтулы оқиғаға қатысты айтылатын әннің түр-түрі кең тараған. Әнмен, бимен, өлең-тақпақ араластырып орындалатын әзiл-сықақ әндерi де көбiрек шырқалады. Музыка аспабына қурай аталатын сыбызғы, флейта тектес үрлемелi аспап, қазақтың шаңқобызы iспеттi қобыз аспабы, гармонь, мандолина, домра, гусли, дудук (скрипка) жатады. Соңғы жарты ғасырда профессионалдық дәрежедегi жергiлiктi композиторлар әр түрлi жанрда көркемдiк бояуы қанық шығармалар тудырып, татар халқының музыка өнерiн жоғары сатыға көтере түстi. Татар композиторларының туындылары профессионалдық жағынан жан-жақты өсiп жетiле түстi. Көркемдiк бояуы қанық опера мен балеттер, музыкалық драмалар, фортепьянолық концерттер, хор, симфония, кантата, оратория мен романстар - мұның айқын айғағы. Татар филармониясы, халық творчествосы үйi, композиторлар одағы құрылды. Музыка факультетi, үш музыкалық училище, 55 балалар музыка мектебi жұмыс iстейдi. Әр қалада, ауданда халық театры, көркемөнер ансамблі халыққа қызмет көрсетеді.

Елдi мекенiн авыл, юрт немесе ил дейтiн. Татар елдi мекенi шағындау боп, көбiнесе өзен жағасына таяу орналасады. Үйлерi биiк дуалмен қоршалып, ағаштан оюлап әшекейленедi. Бай, әлдi-ауқаттылар екi қабатты сәулеттi үй тұрғызса, кедей бiткен қамыс шатырлы балшық араластырып тұрғызған аласа лашық үйлерде тұрып келдi. Ауыл ортасына биiк минареттi мешiт орналасады. 1863 жылғы санақта көрсетiлгендей Ресейдегі 2140 мың татардың алты пайызы ғана көшпелi тiршiлiк еткен. Астрахан татарлары өз көршiлерi ноғай мен қазақтар секiлдi көшпелiлердiң дәстүрiн сақтап, жаз бойы киiз үй тiгiп тұратын. Туыстық жақындығы бар жанұялары үй-жайын жеке махаллада тұрғызып, топтасып мекендедi, шаруашылық жұмысын ұйымдаса жүргiздi. Өкiнiшке орай, тоталитарлық жүйе тұсында мешiттердiң iлуде бiрiнен басқасы түгелдей жабылды, минареттерi құлатылды. Мұның өзi халықтың рухани дүниесiн күйзелтiп, неше түрлi қылмысқа жол беретiн қауiптi әрекет едi.

Татарлар өз үйiнiң алдыңғы қабырғасын бойлата енi бiр жарым метрдей тақтайдан сякә, демек нар жасап, сонда ауқаттанатын, дем алатын, ұйықтайтын, жұмыс iстейтiн, қонақ та күтетiн. Үстел үстiне ыдыс-аяқ, самаурын қойылады. Ислам дiнi қағидасына сәйкес үй iшi екi бөлiкке ажыратылып салынады. Оның бiрiнде ерлер, екiншi бөлiгiнде әйелдер жайғасатын. Әйелдер өз бөлмелерiн ашық бояумен әшекейлеп, гүлдi кестемен өрнектейдi. Әлдi-ауқаттылар үйiнде қонақ күтетiн арнайы «құнақ бүлмәса» болды. Әйелдер қонаққа көрiнбей, басқа бөлмеден керегiн даярлап берiп тұратын да, қонақтарға ер адам өзi қызмет жасайтын. Қонақ жоқ кезде де ол бөлмеге ер адам өзi жайғасатын.

Кезiнде iргелi ел болған татар халқы небiр қиын-қыстау өткелдерден өтiп, өз тiлiн, жер-суын, елдiгiн аман сақтап, ұрпағына гуманитарлық та, кәсіптiк те мол мұра қалдырған. Отаршылардың аяусыз қысымы мен езгiсiне қарамастан қолөнерi барынша дамығанына мынадай дәлел келтiрер едiк. Татар шеберлерiнiң тiккен әшекейлi етiгi, бас киiмi, аяқ киiмi, тiккен кестелi шашақты шәлi орамалы, тоқыма бұйымдары, күмiстен, алтыннан iстеген зергерлiк бұйымдары Ресей империясынан тыс жерлерде де жоғары бағаланып, сұранысқа ие болды. Терi, жүн өңдеу кәсiбi дамыды. Басқа халықтар, әсіресе көршiлерi татардың тұрмыс-тiршiлiгiнен, киiм киiсiнен, үй-жай тұрғызуынан, қолөнерiнен, үй жиһазын әшекейлеп ұстауынан көп нәрсені үйрендi. Мәрмәрдан, тастан қашап, ағаштан, терiден өрнектеп, оюлап жасаған мозаикалары көз тартады. Бейнелеу өнерi дамыған. Кесте тiгу өнерiн татар қызы жастайынан үйренедi. Сүлгi, дастархан, перде, төсек жапқыш, жамылғы, кiлемше, т.б. үй жиһазын кестелеп өрнектейдi. Iш киiм, бас киiм, сырт киiм деймiсiң бәрін де жергiлiктi шеберлер кестелеп, шашақтап әшекейлейдi. Қарапайым көпшiлiк аяғына тоқылған лапти, шоқай киген, кейде табаны ағаш аяқ киiм кидi. Әлдi-ауқаттылар терiден әшекейлеп тiккен етiк кидi. Қала тұрғындары көбiнесе терiден галош, қыста өрнектi етiк киетiн. Татар басқалардан көп бұрын шыт, жiбек, мата, бархыт, қызыл мата секiлдi фабрика маталарын киiм тiгуге пайдаланды. Ерлер балағы кең шалбар, жейде, қыста сырыған, терiмен астарлаған бешпет, тақия, терi тымақ киген. Әйел көйлегi қала үлгiсiнде тiгiлiп, көйлектiң омырауына кестелеген алқа салып, оның сыртынан жеңсiз камзол киген. Ұзын шәлi орамалын мойнынан асырып, ұшын артқа жiберiп тастайды.

Үйлену салты жағынан басқа қыпшақ ұлыстарына ұқсас. Қалыңдықты құда түсiп, қалыңмалын төлеп алатын. Қалыңмал мөлшерi Орта Азия түркiлерiнен гөрi анағұрлым аз. Нәрестелi болу зор қуаныш саналады. Сәбидi әкесiнiң жейдесiне орайды. Бұл - бақытты болсын деген ырым. Аузына сарымай, бал жағады. Бұл - бай, әлдi-ауқатты болсын деген ырым. Анасы аяқ-қолын бауырына алғасын исем құшу (есiмiн қою) өткiзедi. Үйлену тойы үш бөлiктен тұрады: ярашу - бұл құда түсу салтанаты, никах туй – бұл ұзату тойы (бұл күнi неке қиылады), килен төшеру- бұл күйеу бала үйiндегi үйлену тойы. Қалыңдық ата-анасымен сыңсып жылап қоштасады. Кейде әр түрлi ырым-сырыммен жас келiн алғашқы баласын босанғанша ата-анасының үйiнде тұра бередi. Алып қашып үйленгендер шағын ғана кеш ұйымдастырып, қымбатқа түсетiн үйлену, ұзату тойларын өткiзбейтiн. Сондықтан кей кезде, артық шығынды ауырсынған екi жақтың ата-аналарының келiсiмiмен жiгiт қалыңдығын алып қашып үйленетiн. Қазiр қалыңмал талап етiлмейдi. Жастар өз қалауымен үйленедi. Үйлену тойы ән-күймен, бимен, әзiл-сықақпен қызықты өтiп жүр. Соңғы бiр жылда үйленгендер кешi өткiзiлiп, онда алтын той иелерi жас отау иелерiн құттықтап, игi тiлектерiн бiлдiретiн болды. Татар - туыстықты қастер тұтатын халық. Әр ауылда жетi атадан бергi шежiренi тарқатып беретiн шәджәрә болған. Тiптi алыс туыстар өзара ынтымақтасып, тығыз қарым-қатынаста болған. Үш я төрт атаға дейiн қыз да алыспаған. Дiн иелерi ұл балаларды әйел жынысынан бөлек тәрбиелеп, тiптi 4-5 атадан қосылатын туыстықты сылтау етiп, өз аулының қызына үйлендiрмеуге тырысатын.

Ислам дiнiнiң қағидасымен өлген кiсiнi жерлеу ритуалына ерлер ғана қатысады. Бейiт басына да ерлер апарады. Бейiтке ағаш егу рәсiмi бар. Сондықтан да қабырстан кiшiгiрiм тоғайға ұқсайды. Татар этногенезiне тiкелей қатысты ертедегi булгар түркiлерiнiң анимистiк дiни сенiмi бойынша әр нәрсенің жарылқаушы пiрi болады деп ұқты. Оларға су анасы - демек су қожасы, урман иясе немесе шурале - орман қожасы, жир анасы- жер қожасы, өй иәсе - үй қамқоршысы, абзар иәсе - қора-қопсы қожасы т.б. жатады. Х ғасырдан бастап булгар түркiлерi ислам дiнiн қабылдай бастаған. Ұлттық мейрамның ең көрнектiсi - сабантуй (демек соқа тойы). Мұнда ұлттық спорт түрi күрес, жаяу жарыс, ат жарысы өткiзiледi. Жастардың көктем мейрамы йомырқа бәйрәме, чәчәк бәйрәме, жимчәчәк, жаз кезiнде джиен өткiзiледi. Күзде қыздар белсендiлiк танытып қаз өмәсе, сүс талку өмәсе мерекесiн өткiзедi. Қыста нардуған, аулақ өй көңiл көтеру күнi ұйымдастырылады. Ураза бәйрәме, қорбан бәйрәме атап өтiледi. Татар балалары молдадан оқып сауатын ашып, одан кейiн бастауыш мектепке, медресеге барып оқуын жалғастыратын. Қыздар молда әйелiнен үйде оқып сауатын ашатын. Басқа халықтармен салыстырғанда татарлар арасында сауаттылық жоғарғы деңгейде болды. 1897 жылы ерлердiң 21,1 пайызы, әйелдердiң 19,7 пайызы сауатты болған.

Халықтың материалдық мәдениетi жөнiнде мына нәрсені айта кеткен жөн. Татар Едiл бойындағы ең көп санды жергiлiктi халық болумен бiрге әлеуметтiк, мәдени даму деңгейi мен шаруашылығы, кәсiбi жағынан да басқалардан озық, алда болды. Татардың басым көпшiлiгi ерте кезден-ақ көп салалы шаруашылықпен айналысты. Бидай, арпа, тары, сұлы, бұршақ, қарақұмық, зығыр, сора ектi, әр үйдiң бақшасы болды. Егiншiлiкпен, бау-бақшамен, мал шаруашылығымен қатар айналысты. Сауда-саттықпен де шұғылданды. Татар саудагерлерiн көршiлес чуваш, мари, мордва, удмурт деревняларынан, тiптi алыс өлкелерден де жиi көретiн. Халық отырықшы боп, қой-ешкi мен сиырды қорада ұстап бақты. Үй құстарынан тауық пен қазды көбiрек ұстады. Едiл бойы мен Орал өңiрi орман-тоғайлы, шалқын-шөптi болғандықтан, омарташылық дамыды. Мұнайға бай, ауылшаруашылығы мен өнеркөсiбi қатар дамыған көп ұлтты Татарстан халқының тұрмыс дәрежесi Ресей Федерациясының басқа өлкелерiмен салыстырғанда жоғарғы деңгейде деп жүрмiз.

Татар ұлттық тағамы жұртшылыққа кеңiнен танымал. Iшiп-жемiнде нан, картоп, көкөнiс басым. Дәстүрлi ет пен сүт тағамын ұнатады. Қой, сиыр етiн көбiрек жаратады. Жылқы етiнен қазы, шұжық даярланады. Қақлаған (демек қақтап сүрлеген) қаз етi - татардың сүйiктi дәмi. Тұтырған тауық,  сүттен қаймақ, айран, ақмай, сары май, қатық, сүзбе, құрт, iрiмшiк даярлайды. Нанға құрмет айырықша. Нан тағамының түр-түрi бар: тоқмач, салма, чумар, үрә, икмәк, кабартма, қоймақ, бәлеш, гөбәдия, пәрәмәч, чөкчәк, очпочмақ, бавырсақ, қош теле. Ыстық тағамына қатық қосқан салма, тукмач лакша, қазанда қуырып даярлайтын ет тағамы бишбармақ, шұжыққа ұқсас тутырма жатады. Жемiс-жидектi кептiрiп қысқа даярлайды. Жемiс пен балды араластырып ширбәт (шербет) даярлайды. Кiрген адамға шай демдеп, сый көрсетедi. Татардың ас мәзіріне туыс халықтарының, қала берді ежелгі көршісі орыстың әсері көп. Мәселен халық әлімсақтан бері тұтының жүрген палау, халуа, кептірілген жеміс пен жаңғақ, қалампыр, талшы секілді шардәрілер сол шығыс елдерінен ауысқан. Ұлттық және діни мерекелері қазақтікіне ұқсас. Ораза мен Құрбан айт, Наурыз бен оған қосымша сабантуй, жиен (жиын-терім) мерекелері ұйымшылдықпен тойланады.

Едiл бойындағы татарлардың басқа жергiлiктi халықтардан ерекшелiгi ертеден-ақ олар iрi қалаларға орнығып, жеке татар слободасында жинақы тұрды. ХIХ ғасырдың өзiнде-ақ ұлттық буржуазия қалыптасқан. Қаладағы татарлар сауда-саттықпен, қолөнерi өндiрiсiмен айналысты, бiразы фабрикада, өндiрiсте iстедi. Татар жұмысшылары Ресейдiң орталық қалаларында, Москва мен Санкт-Петербургте, Донбасс пен Бакуде көп болды. Темiр жол құрылысында, Едiлде жүкшi боп iстедi, арбакеш, (извозчик) татарлар барлық қалалардан кездесетiн.

1999 жылғы халық санағы көрсеткендей, бүгiнгi күндерi татарлардың үштен екiсi қалаларда тұрып, өнеркәсіптiң, ғылымның, мәдениеттiң түрлi саласында қызмет етедi. Қазақстан мен Орта Азия республикаларын мекендейтiн миллионға жуық татар диаспорының да басым көпшiлiгi қалалы жерде тұрады. Түбі бір түркілердің ішінде қазақпен мидай араласып кеткен халықтың бірі – татарлар. Қиын күндерде татар қазақты, қазақ татарды паналап, өзара көмектесіпті. Ал айдай аппақ татар аруларының талайы қазақтың жан жары болып, ұрпағын өсірген. Татар ұлтының бетке ұстар маңдай алды өкiлдерi Қазақстан мен Орта Азия халықтары ғылымын, мәдениетi мен ұлттық өнерiн дамытуға лайықты үлес қосуда. Абдолла Тоқай, Ғалымжан Ибрагимов, Сабыр Шарипов, Сақит Рамиев секiлдi татар ақын-жазушылары қазақ тiлiн жоғары бағалап, кейбiр шығармаларын қазақ тiлiнде жазған. Қазақстандағы үш жүз мыңға жуық татардың да жинақы емес, бытырай қоныстануына қарамастан, барлық дерлiк облыста татар-башқұрт мәдени орталығы құрылды. Қайсыбiр мектептерде татарша оқытатын сыныптар ашылды, бала бақшаларда татарша тәрбиелейтiн топтар құрылуда. Аптасына екi рет радио хабары берiледi. Татар тiлiнде «Шәшмә» газетi шығады. Ұлттық ән-би, фольклорлық ансамбльдерi құрылуда. 1992 жылдан татар ұлттық сабантуй мерекесi атап өтiлуде. Татар мәдени орталығында бауырлас қазақ, татар халықтарының тарихи, тiлдiк, мәдени байланысын зерттеп, жан-жақты етiп, екi елдiң достығын, бауырмалдығын жалғастыру секiлдi iзгi ниеттегi жұмыс қолға алынуда.

Татарлар республика халқының жартысына жуығын құрайды. Татардың тамаша ұлттық мiнезiне ұлтаралық татулық мәдениетiн қастер тұту жатса керек. Мұның өзi адамның бiлiмi мен мәдениетiне қоса, басқа ұлт өкiлiмен ортақ тiл таба бiлуi екенi анық. Татарстандағы жетпiске жуық халық өкiлi арасында ұлттық төзбеушiлiк, алауыздық байқалған емес. Ересек татарлар түгелдей орыс тiлiнде еркiн сөйлейдi. Бұрынғы Кеңес Одағындағы ең көп санды халықтың бiрi болғанына қарамастан, татар халқының Одақтас республика ретiндегi мемлекеттiк статусының болмауы өкiнiшпен айтылып келдi, әділетсiздiк деп танылды. Кеңбайтақ өлкеде жинақы қоныстана алмай, бөгде тiлдi ортада азшылық боп өмiр сүру салдарынан татар ұлтының көп бөлiгiнiң тiлден де, дiннен де, әдет-ғұрыптан да алшақтап қалуы көп ғасыр бойы тағдыр тәлкегiне ұшырап, қыруар зардап шегiп, қуғын-сүргiнге ұшыраған халықтың ұлттық қасiретi iспеттес. Қазiр жағдай түзеле бастаған секiлдi. Ресей Федерациясы құрамындағы Татар республикасына айырықша статус берiлiп, елдiң егемендiгiне, еркiн iшкi-сыртқы саясатына дұрыс жағдай тудыра бастағандай. Татар зиялылары Отаншылдық, қоғамдық үздiк сана – туған халқының рухани қайнар көзi, елдiк пен ерлiктiң қайнар көзi деуден танған емес.

Сейдін Бизақов

Пікірлер