Қазаққа төнген төрт қауіп!

2970
Adyrna.kz Telegram

 

немесе Қытай - Қазақ жанжалы кімдерге тиімді?

1..АҚШ-та тұратын диссидент, ұйғыр халқының ұлт-азаттық күресінің жетекшісі - Рабия Қадыр ханымға тиімді!

Ол бұл күреске өздерінің дербес мемлекеті бар қазақтарды араластыра алса, онда ұйғырлардың ұлт-азаттық күресі қытай мемлекетінің ішкі емес, халықаралық деңгейдегі мәселеге айналар еді! Рабия ханымның арманы - ұйғыр ұлтының басындағы отты қазақтың басына ауыстыру! Бұл үшін ол барын салып, өте жақсы дайындық жасаған екен. Өзінің кинофабрикасында жасалынған, жан түршігерлік неше түрлі видеороликтерді, қытайдағы «саяси үйрену мектебінде» болып жатқан азаптау оқиғалары деп, әлемге, әсіресе Қазақстанға ақпарат таратып, оны қытайдағы қазақтардың тағдырымен байланыстыра алғаны - Рабия ханым күткендей нәтиже берді деп ойлаймын! Дәлелі - қазақ қоғамындағы бүгінгі орын алған дүрбелең! Әсіресе оңай жазылмасы белгілі - оралман, жергілікті болып қазақтардың екіге жарылғаны мен ұлтымыздың абзал ақсақалдары, ұлтшылдарына жағылған күйе! Мұны Рабия ханымның Қазақстан билігііндегі адамдары мен қазақ қоғамына алдын ала дайындалған, тамаша саяси технологиямен енгізілген - жалдамалы белсенділері үрлеп өршітіп отырды. Осының салдарынан, тіпті құжаттарына «қазақпын» деп жазуға келіскен ұйғырдың бәрін елімізге қабылдай берейік деген қазақтар да шықты. Ал бұған соңғы уақытта пайда болған «сәби саясаткерлердің» пәрменді атсалысулары мен жағдайдан бейқабар қарапайым көпшіліктің ештеңе түсінбей қолдай кетуі - мемлекетімізді шынымен-ақ қауіпке тіреп қоюы әбден мүмкін. Осындай көпшіліктің ештеңе түсінбей біреулерді қолдай кетуі салдарынан қазақ мүддесіне кереғар - жаңа Жер Кодексі қабылданып кеткені белгілі.

2. АҚШ-қа тиімді.

Олардың Қазақстанға деген қызығушылығы Қырғызстандағы АҚШ «Манас» әскери-ауа базасы жабылғаннан кейін, еселеп өсті. Әмериканың ендігі арманы - Қазақстанда қазіргі Сириядағыдай жағдай орнатып, соған пәрменді түрде «Әділ би» ретінде қоян-қолтық араласу! Осы жағдайда, «екі қарсыласының екі бүйіріне қанжарының үшын тақап қойып», Қытайға қысымын арттырса, Ресейге дегенін жасату!

3. Ресейге тиімді!

Қазақ қытайдан қорқып, орыстың қолтығына, өз еркімен, кірер еді. Бүгінгі беларусьтер сияқты.

4. Тіпті, бұндай жағдай, қытайдың өзіне де тиімді!

Тәжікстанның Таулы-Бадахшан аймағы сияқты Қазақстанның Алматыға дейінгі жерін өздеріне қосып алатын мүмкіндік тууы ғажап емес!

Міне, қарап отырсақ, қытай-қазақ жанжалы неше бір алпауыт мемлекеттерге тиімді екен! Онда неге олар бұл жанжалды осы уақытқа дейін жасамады? Әмерика - қазақты демократиялық ел етейін, Қытай - қазақты бай көрші етейін, ал Ресей - бұрынғы адал дос деп, жаны ашып отыр ма? Жоқ!
Олардың бірде-біреуінде өздерінің діттеген мақсаттарына толық жете аламын деген кепілдігі ғана жоқ! Міне, қазақты құтқарып отырған осы ғана!
Тап бүгінгі сәтте бізге ең қауіптісі - Рабия ханымның ойыны! Бұл жағдайда жоғарыда жазылған үш мемлекетте бір-бірін айыптай алмайды! Бастаған олар емес. Ол кезде бастаған - қазақтың өзі болады! Үшеуі де өз «еніштерін» алып қалады. Сондықтанда, бұл үш мемлекеттің барлау құрылымдары, жағдайды сырттан бақылап, араласпай, бейтарап отыр. Болмаса, Рабия ханымның сепаратистік әрекетін жоя салу оларға түкке тұрмайды. Ал біздің барлау құрылымдарымыз үшін халықаралық орташа қуатты сепаратистік топ - алынбайтын қамал екен! Бұл біздің жемқорлықпен әбден шіріген жүйеміздің қорғану дәрежесінің көрсеткіші!

Геройхан Қыстаубаев

Пікірлер