«Қарағай, басын кессең, түбі қалар...»

8523
Adyrna.kz Telegram

Уақыт деген сондай – Қуат аға Есімхановтың бұл дүниеден жүз үйіргеніне де жыл толыпты.

Мына азды-көпті ғұмырымызда талай жаны жомарт жақсыны, мейірі асқан ағаны көрдік қой, құдай-ақы, солардың ішінде Қуат ағаның болмысы бөлек еді...

Дүние тіршілігінде Қуат деген кісінің бар екенін алғаш 2010 жылдың жазында, Керекудің түбіндегі «Мойылды» шипажайында демалып жатқанымда, кешкі сейілдер кезінде Қойшығара ағамыздан естідім. Қойшекең соның алдында ғана бір топ болып Ресейдің Алтай өлкесіне барғандарын, Естай әнге қосқан Хорланның жаңадан табылған басына ескерткіш орнатып келгендерін майын тамыза әңгімеледі. Демеушісі, бастамашысы – Ерлан Арын және ҚТЖ-да лауазымды қызмет атқаратын Қуат Есімханов деген азамат.

Астанаға оралысымен Қуекеңді тауып алдым. Өзім бас редактор болып отырған «Астана» журналында «Мінкен ер» деген бір жоба бар-ды (ортаңғы айқарма бетке бір адамның фотосүгіреті түгел-толайым беріледі), соған қатысуға шақырдым. Негізі, жастар жағы болмаса, үлкендеу кісілер ондай нәрселерге бара бермейді ғой. Таңданарлығы, Қуат ағамыз сөзге келген жоқ – бірден келісті. Фотографымыз көк шөптің үстіне шалқасынан жатқызып қойып түсірді. Жанына немересі Айғанымды шоқитын отырғызып қойдық (Айған «түспеймін» деп жылап, алдап-сулап әрең көндірдік). Қасымхан Бегманның студент кезімізде жаттап алған, «КазГУ-дің қалашығы, / Көздерімнің тұңғиық қарашығы, / Сезімдерім секілді мөлдірейді, / Шалғында дала шығы... / КазГУ-дің арулары, / Арман қуған сонау бір ауылдағы, Сіздерді аңсап жыр жазған беймазалау, / Жүрегім жануда әлі...» деп келетін өлеңінен шығарып, «Қазағымның даласы. / Көзімнің қарашығы. / Шалғында – дала шығы...» деп жазып қойдық. Кейін білдік, түйсігімізбен кейіпкердің ішкі конституциясын дәл ұстаппыз.

Тегінде, Қуат аға кісімен тез іштесіп, шүйіркелесіп кететін адамдардың санатынан емес еді, қайта аралас-құраластықта кіділеу, шікірттеу еді десе дұрыс. Сөйте тұра, адамдардан сырторай жүрер біртоға мінезімді ұнатты ма екен, әйтеуір  аяқ астынан маған «ышқысы» оянып, өзі ел ішіне шыққанда қалдырмай ілестіріп алатын болды. Қалада саржамбас боп жатқан пақырыңызға Сарыарқаның сардаласын ұзынынан да, көлденеңінен де кездірді-ау, несін айтасың, мен Астанада өткерген төрт жылда. Жер тістеніп жатқан мық бұйырғынның арасында өскен мен қазақтың ұшы-қиырсыз дала мұхитын, еркелей аққан өзендерін, сартегеш көлдерін, қолмен қалап қойғандай текше тастарын сонда көріп, армансыз қарыштадым. Қазақтың ұсақ шоқылы белдемін бойлап жатқан өлкенің әсем табиғатын көріп, ғажап қалдым. Одан әрі асырып, Маралды арқылы Ресейдің Алтай крайына, баяғы Хорланның басына апарды Қуат аға. Ғұмырымда бірінші рет тарихи Құланды даласын, Қарасу (Қарасұғ) аймағын, Ноғайсібір қазақтарын көрдім.

Одан кейінгі үлкен сапар – Қызылжар атырабы, Ғабең – Сәбең елі, соның ішінде белгілі «Есенейдің бүркеуі» дейтін тоғайлы, шабынды жерді аралағанымыз. Бір кезде Ғабең «Қыз қарағай» атықтырған атақты дара ағаш о күнде жоқ екен, орны ғана жатыр. Сол маңға «Астана» журналының атынан бала қарағай егіп, айналасын қоршадық та, әлгі жерді айнала тұра қалып, Жоламан Тұрсынбаев Мақсұтжан Әубәкіровтың сөзіне шығарған мәшһүр «Қыз қарағай» әнін бәріміз қосылып айттық (бұл оқиғаның жай-жапсары кейін «Қыз қарағай» эссеме арқау болды). Осының бәрін ұйымдастырған-үйлестірген, әлбетте, Қуат ағамыз – біз «дайын асқа тік қасықпыз» ғой. 

Десе де, «ат тұяғы тентек» деп бәрінен де көп апарғаны – өзінің туған жері Кереку алабы. 1990-жылдардың басында атын өзі бастап қазақшалатқан Қызылшырпы (кейін Ермак атанған) шәрінен әріректегі, Май ауданына қарасты Бескөл (бұрынғы «Қызыл құрама» колхозы) ауылында неше мәрте болдық. Дария толқып, су тараған өңір екен – Қуекеңнің атакүлдігі Бескөлден әрі, Ертістің бір саласына таяу жатыр. Өзен жағалауындағы көлеңкелі көк жазық тоғайда, осы бір зытымдағы көне жұртта Қуат ағаның балалығы қайнап тұнған. Осы жерде оны тағдырдың талқысы ерте төске салып есейткен. Осы жерде ол қой жайып, қозы көгендеп, өреден құрт ұрлап, балдәурен бала шағын өткерген. Сол жолы мен бір нәрсені – Қуекеңнің мамандығы бойынша «технар» бола тұра, бір болыс елдің малындай кітап жинауының, ғұмырынша руханият дүниесіне, өнер адамдарына жақын жүруінің, жақын жүріп қана қоймай, «ұлт құндылықтарының жанашыры» деген бейресми атақты иеленуінің сай-себебін ұққандай болдым: Қуат Есімхан кішкентай кезінен саусақтары сырнайдың тілшелерінде жорғалап өскен, домбыра тартып жетілген, солардың сүйемелімен биік те кең диапазонды даусымен қазақтың небір желді, ескекті әндерін әуелете, дегдарлықпен келістіре айтқан әнші-тұғын және осы қабілетімен ол емін-еркін әнші әртіс болып кетер еді, егер жалғыз ұлды етегі елпі, жеңі желпі жеткізген анасы алыстағы консерваториядан іргедегі индустриялық институтты қолай көрмегенде. Тәрізі, өзінің осы өнер жолына түсе алмай қалғанына іштей бек өкінсе керек. Сөйтсе-дағы, соңғы жылдары қолына сырнайды сирек алып, әнді де сирексітіп жібергенімен, өзінен құлағы қырық жыл бұрын туған құйма құлақ зиректігін, шежіре шөгелдігін ешуақыт жоғалтқан емес. Әннің әуені мен сөзін бір кезде өзі тыңдай қалған Байғабыл сынды шапқан аттай ырғақтататыны секілді, сөз бен сөзді де жіліктің майындай ұйқастырып, тоғытып айтушы еді, шіркін. Қанында, жанында қасиет шалған, кие қонған елінен беріліп, дамылдап жатқан, «өзінен қырық жыл бұрын» туған, өзін де құндақтап өткен ескі сөз киесінен еді мұның барлығы.

Қуат Есімханның ұлы бабасы – Малайсары батыр. Қазақта бірнеше Малайсары бар ғой, Қуекең бабасы бәсентиін ішіндегісі, бірақ бәсентиіннің де, жалпы арғынның да көлемінен асып, үш жүзге бірдей мәлім болған дабыралы адам. Сонау Кереку жерінен Жетісуға келіп, жоңғардың жағасын дипломатиялық сүйкімділігімен де, болмағасын келдек найза, қара қылышпен де сілкіген тұлға. Сондай шайқастың бірінде мергеннің қапия оғы тиіп, денесі Алтын-Емелдің тауында қалған. Бір жылы Қуат аға Талды-Қорғанның Кербұлақ ауданында, Қаратал өзені бойындағы шаһид сарбаздар қорымының жанына бабасына арнап кеуде-мүсін қойды. Бір арба болып бардық. Жолда, Арқарлының кезеңінен итіне түсіп келе жатып бір бетегелі белдің тепсеңіне аял жасадық. Ілгеріде Күләш Байсейітова келін боп түскен еліне бара жатқанында осы жерге тоқтап, дастарқан жайып, үлкендерге шай құйған екен. Біздің Қуекең сол жерді мөлшерлеп белгі-тас қойған. Жарықтық, ескерткішті құлата да, орната да білетін еді ғой. Бүгінде Қуат Есімханов жайында айтып-жазып жүргендер қалай да аттап өтпейтін осы фактіні, яғни отызға тарта белгілі тұлғаларымыздың елеусіз қалған басына белгі-тас қоюын айтқан кезде онша көп ескеріле бермейтін бір жағдай бар, ол – әлгі тас-белгілердің қазақтың жалпақ даласының әр-әр түкпірінен табылатындығы, яғни, алаламай, бөлмей-жармай орнатылуы (мұның жайы біздің «Некрополистика Куата Есимханова» дейтін эссемізде кеңірек қамтылған).

Өзім ішінде болған бір жағдай.

Сол жылдары, Қуат ағаға еріп, Арқаны «қиыр жайлап, шет қонып» жүргенімде Баянауылға бір емес, бірнеше рет жол түсті. Бір сапарда жергілікті өлкетанушы Алтынбек Құрманов маған заманында Мәшһүр Жүсіпті оқытқан, тіпті Абайдың өзін тоқытқан-мыс делінетін Камараддин хазіреттің жатқан орнын көрсетті. Батыс Қазақстандағы түу Бөкей Ордасында туып-өскен, сүйегі ноғайқазақ екен. Астанаға келгесін хазірет жайында қосымша дерек жинап, оларға көрген-баққанымды қосып, «Камараддин хазірет» деген бір эссе-мақала жаздым. Соны оқыған Қуекең бір күні телефон соғып, екеулеп хазірет басын қарайту жөнінде ұсыныс тастады. Ортадан ақша шығардық, Қуат аға Баян-Аулаға арнайы барып, Баянтаудың қызыл гранитінен тас кескізіп, бетіне «Камараддин хазірет Бижомартұлы. 1807 – 1889 ж.» деп бәдіздетті. Тасты ауылдағы қорымның жанына қойып қайттық. Кейін Атырауда баяғы Батыс Алаш-Орданың бір ұясы болған Ескі Қызылқоғаның орны қарақорымданып, ел есінен шығып бара жатқанын айтып қалып едім, ағам оған да тас қоймақшы болып жанып түсті. Бірақ Атыраудағылар намыстанып, арқасын беріп қарағандықтан ол идея жүзеге аспай қалды. 

Мұны айтып отырғаным, Қуат ағаның ру сұрағанымен руға бөлмегенін аңғарту. «Жігіттің төртінші жұрты – өз елінің азаматы» деген сөз бар ғой қазақта, осы сөз дәуде болса Қуекең сияқты бүтін бітімді адамдарға қарата айтылған. Осы ыңғай өзіме де жұғысты болды деп қояйыншы.

Керекуге барғыштап жүріп, атақты әнші Майраның өнеріне, қиын да сұлу тағдырына қатты қызықтым. Қай бір жылы Қуат ағалар Павлодарда әнші апамыздың атына көше беріп, кеуде мүсінін орнатқан рәсімге қатысқанның соңында Майра Уәлиқызына байланысты дерек-мәліметтерді тірнектеп жинай бердім де, аяғында «Магира: песня пламени и льда» кітабымды жазып шықтым. Қуат аға мұныма іштей риза боп қалса керек, әйтеуір беделімен басып отырып, Павлодар қаласы әкімдігінің қаржылай қолдауымен әлгі кітапшаны аздау таралыммен болса да бастырып шығарды. «Майра» менің орыс тіліндегі жазуымның отының алды, суының тұнығы және ол соңыра музыка тақырыбына ауысуыма, Құрманай Омарова, Димаш Құдайбергендер жайлы эсселік дүниелер жазуыма тікелей түрткі болды. Яғни, Қуат аға бұл әрекетімен мені соны соқпаққа түсірді. Осы ретте және бір айта кетер жағдай, егер бізде Қуат Есімхан тәрізді кеңінен ойлайтын тұлғалар көп болғанда, бәлкім, әр аймақ өз тарихын ғана түгендейтін, өз қазанында ғана қайнайтын қазақы қаспақ ғадеттің көрпесі әлдеқашан түрілген болар еді-ау. Әрине, Майра тақырыбы өз жамбасыма жығылып тұрды ғой, десе де, Қуат аға мені жалпақ Арқаны аралатып, қатпар-қатпар тарихымен көзапара таныстырмағанында Майраға да, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдиндерге де ынтықтығым оянбас еді-ау деп ойлап қоямын осы күндері...

Қуат Есімхан айрықша жаһаткер адам еді. Притыка селосы маңындағы Хорланның (Қорлығайын) басына қоятын ескерткішті апара жатқанында Ресейдің шекарашылары салмағы төрт тоннадан асатын қызыл гранит тасты өткізбей, ұстап қалады. Қуекең сол жерде Сібір жағындағы бір генерал танысына звандап, рұқсат алады (өзінің тамыр-танысы көп-тұғын). Сондай азаппен әкелінген зілмауыр қырдың қырық желінің өтінде шайқалмай тұруы жағынан келгенде инженер-құрылысшы Есімхан жасаған есептеулер негізге алынады (тастұғырдың төменгі бөлігін темір таяулар сіңірген бетон сұпымен екі метр тереңге жіберген). Зәуімде көшеде көлікпен өтіп бара жатсақ, «Әттеген-ай, мына жолдың шетіндегі желілік баған дұрыс орнатылмаған екен!» деп, кәдімгідей апшып қалатын. Кәдуілгі көп бағанның біреуі біз үшін, не қорқатыны бар дейсің. «Жоқ, – деп басын шайқайды ағамыз. – Жоқ, қате ойлайсыз (жеті-сегіз жас үлкендігі бола тұра, маған «Сіз» деп сөйлейтін), егер алда-жалда дауыл соғып, не жер қимылдай қалса баған адамдардың үстіне құламас үшін бір жағына, жол шетіндегі жырақаны бойлап сұлауы тиіс». Кім ойлаған...

Зейнеткерлігінің алдында бірнеше жыл ҚТЖ-ның станса-бекеттерді, олар тұрған ауыл-кенттерді сумен, жылумен қамтамасыз ететін дөкей мекемесін басқарды (ресми атпен «Теміржолжылусу» АҚ-ның президенті). Алматыға іссапармен келгенде әдетінше маған хабарласып, ертіп алып кетеді. Бірде кезінде Димаш Ахметұлы пайдаланған дейтін арнаулы вагонмен Достық-Алашанкоу атырабына барып, сондағы жылу, су қазандықтарын тексеруге қатысқаным бар. Алматы маңындағы Қопа дейтін үлкен теміржол бекетінде жер асты артезиан су көзінің дебеті (су қоры екен ғой) анықталған өндірістік кеңестің ортасына түсіп қалып, су мәсһаласында көзқарақты да болғанмын. Сонда байқағаным, әдетте біздің рухани ортада жұртпен қытықсыз араласып, домбыра мен сырнайда кезек-кезек ән әуелетіп, сөз саптап, шежіре дестелеп отыратын ағам мына жерде – қызметте мүлдем басқа адам: бағынышындағы қызметкерлер алдында аяғының үшімен билейді десем, өтірік бола қояр ма екен!?

Алпысқа жасын шегелеген жылы Астанадағы бір топ қаламгерді Керекуге мәшінмен алып барды. Желтоқсан ғой дүние есігін ашқан айы, сол жолы Арқаның әдеттегі зымыстан қысы әбден ұшынып, термометр бағаны 47 градусты көрсетіп тұрды. Сонда бар ғой, жолда жазатайым мәшінелеріміз сынып қалғандай болса, бәріміз жарты сағатта, Қуат аға айтпақшы, «дайын» болар ек. Ербекет-ау, көшеде жаныңдағы адамға бірдеңе десең, даусың көгілжім шыңылтыр ауада шыңылдап, біраздасын барып жетеді. Өз дыбысыңа қолыңды тигізуге болады. Қуекеңнің мінезі сол өзі туған өңірдің ақпан-дақпанындай еді. Бірақ өзіне бір нәрсе ұнамай қалса ғана, шампанның тығынынша атылатыны. «Таңертең тұрсам, Қалекең жатқан орнында жоқ, сыртқа шықсам аяңдап келе жатыр екен, «Жармақ иттің ескерткішін шіреніп тұрып бір теуіп қайттым» дейді, түтігіңкіреп», – деп, Қалтай Мұхамеджановтың бір қылығын өзі айызы қана әңгімелейтініндей, бойы екі кез, еңсегей Қуат ағаның жанында жүру біз үшін жолбарыстың жалын сипағанмен бірдей еді. Ұнамадың ба, сөзбен осып жібереді. Ілгеріде айтқан Малайсары бабасының басына барғанымызда бір мезгілде қазан-ошақ жақтан айқай-шу шықты. Асқа деп сойылған қойдың еті ертесіне табаққа тоңазыған күйде тартылыпты. Барсақ, Қуекең ас жабдықта жүрген жігіттерді «Немене, жұрт іші бүріп құласын деп жүрсіңдер ме!?» деп, інгенше қайқаңдатып тұр екен. Айтуынша, қойдың майы жарықтық жылқыныкіндей емес, суық (тоң) күйінде ішекке барып тұрып қалады екен. Қалада өлген қойдың етін жеп жүрген біз қайдан білейік ондайды, иә...

Қуат аға өрістен қайтқан қойдай боп жуас ағатын өзеншіктерді – қазақ «мігіт» деген қатынбас еркектерді жалпы жаратпаушы еді. «Бүгінгінің еркегі өсек айтады, әйелден оздырып, көркем айтады» деп тыжырынатын. Шұрым-бұрым, көди-сөдимен ісі жоқ ол еңбегін әспеттеуді де білмейтін, тіпті орнатқан белгі-тасына «тас қойған...» деп аты-жөнін жаздыруды атақ шығару деп түсінетін. Баянда Камар хазіретке тас қойылған соң дамолланың нәсіл-нәсібі әр жерден жиналып келіп ас берді, Қуекеңді арнайы шақырды, бірақ ол әлденеге барудан бас тартты. Мен де бармадым. Мұнымыз дұрыс па, әлде қате ме, ол жағына ой жүгіртпеппін, әйтеуір білетінім – ағалы-інілі болып қатар жүргенде біздің көп ойымыз бір жерден шығып жататын. Өзімді қайдам, ал Қуекеңнің онысы ақиқатшыл әділ жүрегінен бе деп ойлаймын.

Осы шыншылдығы ғой, қазанның тұзын татып отырғандардың балын жалап жүретін мақтабастар мен бабадан қалған қасқа жолды жауып жатқан жебірлерді шешеден жіберетіні. Тас қоя, не өңге шаруамен елге барғанында баз біреулерше бастықтың қабылдауына кіру яки «мен келдім» деп хабар салдыру ғайып-ғадетінде жоқ-тын. Негізі, Қуат Есімханов 1990-жылдар басында Ермактың мәңгі мызғымастай ескерткішін бір түнде дүңк еткізіп, қаланың атын қазақшалап тастаған «жұлдызды сәтінен» кейін мансап баспалдағымен тез көтерілген: Жоғарғы Кеңестің депутаты, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары. Қажымұрат Нағыманов Қызылжардан кеткенде аты оның орнына бірінші болып аталған кандидат та Қуекең еді. Бірақ жұрт күткендегідей болмады. Айтушылар айтады: соның алдында, Ғабит Мүсіреповтің жүз жылдығы кезінде тойдың бас ұйымдастырушысы Қуекең сол кездегі ел президентінің алдындағы бас табақтың етін қолмен араластырып жіберіп, алдына таман ысырған екен, онысы жиіркеншек «ханға» ұнамай қапты. Мүмкін солай да шығар – біз әлгі киіз үйде болған жоқпыз, сондықтан кесіп-пішіп айта алмаймыз. Десе де, сол оқиға маған айсбергтің су бетінде көзге көрініп тұрар бөлігі сияқты болады да тұрады: ақиқатында, кімнің кім екенін, қандай екенін тамыршыдай тап басып танитын сұңғыла – «өзі сұр, өзі ұры» тарихи персонаж қайткенде де шындықты шиқанын шығарып айтатын, Қызылжардағы Абылайдың «Ақ үйін» жаңғырту тәрізді кесек іс-қимылымен ел ішінде бедел жинай бастаған Қуат Есімхановтай ақиқатшыл тұлғадан қауіп илесе керек. Біріншіден, өзіне ет асата жаздап отырған адамның шындықты бетке айтушы (ағылшынша: speak truth to power) екенін жазбай таныған. Екіншіден, ол жылдары орысы жын атып, СҚО-да 70-80 пайыз боп тұрған (қазірдің өзінде 56%), Павлодарда да бүкіл халықтың жарымын құраған (қазір 40%) өңірге ұлтшылдық қаны шыққан адамды бірінші басшы ету өзінің мәшһүр тағаттылық саясатына шалыс түседі деп сескенсе керек.

Достық – Алашанкоу сапарымыздан мынадай бір әңгіме.

Бір кәсіпорынның жанында тұрмыз. Жоңғар қақпасы жақтан күшті жел үзбей соғып тұр – әгәрәки басыңды жуып тысқа шығып кетсең, мұнда шаш кептіретін феннің керегі жоқ, заматта құрғатып береді. Сәйкесінше, айнала төңірек – жел күшімен қаңғалағы зыр айналып, қуат өндіріп тұрған желгенератор. Түгел дерлік шекараның қоршау-дуалының аржағында. Бер жақта – жалғыз қаңғалақ, оның өзі сынық. «Андағы төрт жүз мың шаршы метр жер Қытайдың пайдалануына берілген», – деді Қуекең өңі күреңітіңкіреп, самсаған көп генераторды иегімен нұсқап. Әдетте басы қатты кісі, бұл жолы әлденеге іркіліңкіреп, сөз аяғын күңгірттеу тастап, келте қайырды. «Арыстан ізінен, жігіт сөзінен қайтпас» деген сөз Қуат ағамызды да меңзеп айтылғандай, десе де, мына дүниеде жігіттің жігітін сынайтын, кейде сындырмаса да илігіңкіреп жіберетін жағдай-жағдаяттар болады. Айналып келгенде, әкенің алды мен өріктей ұл, алмадай қыздың болашағы шеккіге тартылған кезде соңғысы таразы табағын тайғанататын сәттер аз емес...

х х х

Осы жерде кейіпкерімді «өмірге өле ғашық еді» деп жақауратпай-ақ қояйын. Әркім де ғұмырының белгілі бір кезеңіне көтерілген соң артына қайрылып көз салып, өзіне де, өзгеге де есеп бергісі келеді емес пе. Соңғы жылдары Қуат аға сондай бір күбініңкі көңіл күйде жүрді. Өлең сөзді көп оқитын, белгілі ақынымыздың «Өмір өтіп барады, ештеңе емес, сәттер өтіп барады, сол өкініш...» деп келетін жолдарын жиі айтып отыратын ол алдымен «Қимастар мен сыйластар» деген атпен естелік кітабын, соңыра, қайтарының алдында өзі жайында жазылғанның басын құрап бір жинақ шығарды. «Арман түбі көрінерде бірін-бірі қимайды екен» дейтін Меңдекеш ақынның сөзі осы жерге дәлірек. Оның себебі, достарын, сыйластарын қимайтын кім бар, не болды ма сондай адам деп сұраса, мен алдымен Қуат ағаны айтқан болар едім. Маңайына адам жинамай, жалғыз өзі ас ішпейтін, төңірегін кісіге толтырмай әңгіме бастамайтын альтруист, бұрынғының биі сынды, көптің қормал абызы болуға жаратылған жанды кешегі ковидте өкпесіне ілінген ақаудан бұрын, эпидемия үйді-үйге қуып тыққан, сөйтіп іштесіп сөйлесер адам да қалмаған, ел аралар сапарларының жолы кесілген, Қуекең үшін адам төзгісіз жағдай әмбеге дарқан ақ жүрегіне қоса қалжыратып кеткен жоқ па екен деп ойлаймын. Шау тартпай жатып шардақ тартатындардың сұрпынан емес, қарекетсіз, әрекетсіз отыра алмайтын үлкен энергияның иесі Қуат сөйлесетін ортасы, тең-құрбысы болмағасын жан күйзелісіне ұшырайтын базбір зейнеткерлер сияқты, дәл ковидтің өзінен емес, оның ауыр салдары – посттравматикалық стрестік бұзылудан (ПТСР) жақпар тастай опырылып түскен болуы. Осыған жалпы мына сұм жалғанда өзекке түсер өкініштер, әсіресе бұдан бірқанша жыл бұрын қапияда айрылып қалған ұлы Балташтың қайғысы келіп жамалса да өзі білсін. «Баланың қайғысы өзекте» дейді ғой... 

х х х

Үлкен ағамыз емес, қатарым кемігендей күйде қалдым. Ұлытаудың басына шыға алмай, қасынан қайтқандай болдым. Мұндай жоғалтулар қатарымызды жақпар тастай опырып өте ме деп қорқамын, себебі, жан дүниесі зият, зияткер адамдардың уақыты келмеске кетіп бара жатқандай болып көрінеді. Соны ойлаудың өзі күйінішті еселей түседі. 

Ол ғана емес. Енді маған алды ақ жайлаудай аға табыла ма, жоқ па, ол жағы бір Құдайға аян. Қарғыс атқыр ковид қаны бір туған ағаны, туыспай туысқан және бір ағаны қосарынан алып, қос қабырғамды тура қақырата суырып әкеткендей болды ғой. «Көтер еңсеңді, түсірме ұнжырғаңды!» деп кім қайрайды енді мені?! Әділетсіз заманға налып өткен Мәди бабасы айтқандай, «басын кессең түбі қалар зау қарағай» шығар ма алдымнан қалған өмірде?! Білмеймін. Білмеймін... Қайткенде де, әлденеге, «Живых все меньше в телефонной книжке... Но цифр этих я стирать не буду. И рамкой никогда не обведу...», – деп кеткен Валентин Гафт лұғатымен асыл ағаның уатсаптағы телефон нөмірін өшірмей қалдырдым. Авада жан-жағын бір Шығыс нақылымен әдіптеп қойдым:

«Шыңның биігінде тұрғанмен көрінбейтіндер, не қандай сайда жүрсе де таудың басында тұрғандай көзге түсетіндер болады».

Ағаның жүзін топырақ жасырғанына жыл толар алдында осы бір қолдан келген қораш еске алуды жазуды өзіме борыш деп білдім. Бір кезде екеуміз «Дәуір көшіп барады» деген атпен диалог-кітап жазуды жоспарлап жүргенбіз, оған жетпей өзі көшіп кетті. Бәлкім, мына еске алу сол алдағы үлкен дүниеге апарар жолдың басы да шығар...

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

     

 

Пікірлер