Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында екі күнде 3 ақау шықты. Бұл туралы «Риддер ЖЭО» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
Бірінші ақау 22 сәуір күні шыққан.
«Отын беру трактында ақау болып, оны жөндеуге 9 сағат уақыт кетті. Ал 23 сәуірде №4 қазандық апаттық жағдайда өшірілді. Бірден резервте тұрған екінші қазандық іске қосылды. Бірақ бес сағаттан кейін екінші қазандықта да ақау болды. Мамандар шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды», - делінген хабарламада.
25 сәуірде бесінші қазандық қайта іске қосылған. Қазір орталықта екі орта қысымды қазандық жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, наурызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддердегі жылу электр орталығында екі қазандықтан өрт шыққанын хабарлаған болатын. Даниал Ахметов стансаның жаңа иелерін технологиялық бұзушылықтар жасады деп айыптады.
Сондай-ақ, 23 наурызда Риддер ЖЭО №6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы жарылды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымдарын қиратты.