Алматыда Орталық Азиядағы тұңғыш қытайтану форумы өтті

1122
Adyrna.kz Telegram
Сурет: nazarmedia.kz
Сурет: nazarmedia.kz

21 мамыр күні Алматы қаласында Орталық Азиядағы алғашқы қытайтану форумы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс-шарада Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы диалогты нығайту және аймақтағы қытайтану ғылымының даму үрдістері мен болашағын талқылау мәселелері көтерілді.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев форумға жолдаған құттықтау хатында Қытайдың Қазақстан үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктес екенін атап өтті. Ол қазіргі уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жаңа сапалы деңгейге көтеріліп жатқанын жеткізді.

Ал Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй форум барысында екіжақты қарым-қатынастардың кеңеюін ерекше атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан – тату көрші әрі сенімді серіктестер. Гуманитарлық ынтымақтастығымыз белсенді дамып келеді. Қазір қазақстандық жастардың Қытайда білім алуға қызығушылығы артып отыр, сонымен қатар Қытай тіліне деген қызығушылық Қазақстанда да тұрақты өсуде»,—деді ол.

Алматы қаласындағы қытайтанушылар қауымдастығының төрайымы Динара Дәуен Қытай мен Орталық Азия арасындағы өзара әрекеттестіктің терең әрі мазмұнды болуы үшін өзара түсіністікті арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген қытайтанушылар, ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ Қытайдың университеттері мен зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар Орталық Азиядағы қытайтану ғылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, Қытай мен аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықтағы қытайтанудың рөлін, қытай тілін оқыту мен үйрену мәселелерін, сондай-ақ аймақтағы қытай тілі мен әдебиетінің дамуын талқылады.

Форум Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Пікірлер