Өзбекстан Конституциясына енгізілетін өзгертулер – Орталық Азияда қалыптасқан авторитарлық биліктің жалғасы. Аймақта Кеңес одағынан бергі президенттердің үшінші толқыны билікке келгенімен, ел басқару сипаты таяу арада өзгермейтін сияқты.
30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияның жаңа редакциясы референдумға ұсынылады. Онда негізгі мәселе – президенттік мерзімді ұзарту. Алайда бұл туралы ресми ортада аз айтылады. Бұл – қолданыстағы Конституция бойынша Өзбекстанның қазіргі басшысы Шавкат Мирзяевтің соңғы мерзімдегі президенттігімен тұспа-тұс келіп отыр. Әрине, президенттері кезектен тыс сайлау өткізіп, биліктен кетпеуден басқаны білмейтін аймақта кездейсоқ ештеңе болмайды.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ НӨКІС ОҚИҒАСЫ ТЕЖЕДІ
Өзбекстан биылға дейін өткізбек болған бұл референдумға Нөкіс оқиғасы кедергі келтірді. Өйткені Конституцияның сол кезде ұсынылған нұсқасында Қарақалпақстанның саяси мәртебесі дау тудырған. Онда Қарақалпақстанның референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шығып кете алатыны туралы қолданыстағы бап алынып тасталған еді. Мұның соңы наразылыққа ұласып, кінәлілер қамауға алынып, сотталды. Қарақалпақстанның көтерілуі – Ташкент үшін болжанбаған оқиға. Және бұл орталық биліктің жергілікті жағдайдан хабарсыз екенін аймаңдай етті. Қарақалпақстандағы көңіл-күйді есептеген болса, Ташкент басқаша маневр жасай алатын.
Тек Нөкіс оқиғасы тұтанғанда, президент іркес-тіркес Қарақалпақстанға суыт барып қайтқан. Мирзияев тұтанған наразылықты ситуативті шешімдер қабылдап қана басуға тырысқан. Яғни, Орталық Азиядағы Өзбекстанға көрші елдер мәселені қалай шешсе, өзбек билігі де содан еш ұзаған жоқ. Тиісінше, Нөкіс оқиғасындағы бейбіт наразылық күшпен таратылды. Соңынан наразыларды жазалау басталды. Халықты қорқытып, үркіту арқылы Конституцияны өзгерту енді Ташкентте жалғаспақ.
Бір парадокс бар. Бұл Өзбекстанның өзіне де, Өзбекстанмен қатынас жасайтын өзге де елдерге тиімді болмаған күннің өзінде, тұрақтылықты қамтамасыз ететіндей көрінеді. Өйткені аймақ елдері басшылары Кеңес одағы құлағаннан кейін өздеріне деген сенім жүгін арттыру үшін осындай кепілдік жүйесін қалыптастырған. Яғни, менен басқа ешкім де қатынаста қолайлы орта қалыптастыра алмайды дегенді аңдатқысы келеді. Қайсібірі осы арқылы елге шетел инвестициясын тартуды көздейді. Алайда жүйені жасанды жолмен басқару инвестиция қауіпсіздігіне де нұқсан келтіреді.
ЖАҢА ДА ЕСКІ ӨЗБЕКСТАН
Өзбекстанда президент билігін созуға жасап жатқан бұл әрекетті жергілікті халық қолдайды деп айту қиын. Алайда Нөкіс оқиғасынан кейін айтарлықтай наразылық білдіргендер де байқалмады. Нөкіс оқиғасының жетістігі – референдумға ұсынылған Конституция жобасындағы бұрынғы Қарақалпақстан мәртебесін қайтарып алуы ғана болды.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болған соң билікті қолына алған сол кездегі премьер, қазіргі президент Шавкат Мирзияев өзін реформатор ретінде танытуға тырысады. Тіпті билікке келген жылдары «Жаңа Өзбекстан» және «үшінші ренессанс» жайлы жиі айтатын.
Алайда оның көкейіндегі басты мәселе өз билігін созу екені уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Жаңа Конституция қабылданғанда Мирзияев екі рет әрқайсысы 7 жылдан тұратын президенттік билікке ие болмақ. Бұл деген – өзбек отбасындағы теледидардан алдағы 15 жылдың ішінде Мирзияев бейнесі кетпейді деген сөз. Сондықтан алдағы жексенбіге жоспарланып отырған саяси науқан Өзбекстан Конституциясының емес, президент Мирзияевтің референдумы болып шыға келмек. Сонымен қатар, Өзбекстан Конституциясына енгізілетін өзгертулер Орталық Азияда қалыптасқан авторитарлық биліктің әлі де ұзақ жалғаса беретінін көрсетеді.
Жанат Алғадай