Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия Республикасының Премьер-Министрі Петр Фиаланы қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Петр Фиаланың елімізге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қатынасты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
– Сіз елімізге үлкен бизнес-делегация алып келдіңіз. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты ілгерілетуге пайдасы өте зор бизнес форум өтеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Чехия Президенті лауазымына сайланған Петр Павелге құттықтауын жолдады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-логистика саласын нығайту перспективаларына баса мән берілді. Президент чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
– Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймыз. Сондай-ақ елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашамыз деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Петр Фиала Чехияның елімізбен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
– Чехия Республикасы Қазақстанмен бұрыннан достық қарым-қатынас орнатқан және оны жалғастырамыз деп сенеміз. Осы кездесуіміз белсенді байланыстарға тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан – біз үшін өте маңызды серіктес. Қазақстан мен Чехия Республикасының ынтымақтастығы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың аса маңызды тірегінің бірі саналады, – деді Чехия Премьер-министрі.
Сонымен қатар кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.