Қазақтың жақын бауыры ноғайлар

3408
Adyrna.kz Telegram

Баяғыда, (15 - 16 ғасыр) парсының арап саяхатшысы ибн Рузбихан біздің оңтүстік өңірге келіп өз көргендерін хатқа түсіріп кеткен екен. Ол еңбек бізге "Бұхар қонағының жазбалары" деген атпен белгілі. Сонда ол былай дейді "Шыңғысханның үш жұрты бар, оның бірі Шәйбанидің өзбегі, екіншісі - жауынгер қазақ халқы, үшіншісі - маңғыттар еді" дейді, яғни маңғыттар билеген ноғайды айтқаны. Сосын бұл арап сол кез осы Шәйбанидың, қазақтың сұлтаны - біздің Жәнібек ханның ұлы Жаныш сұлтанның ауылын шапқанына куә болады. Сонда қазақтар алдарына мыңғырған малын салып Сырдың бойын ен жайлап арбамен киіз үй сүйреп көшіп жүреді екен. Одан ертеректе Бату да солай көшіп жүріпті, оны Рубрук 13 ғасырда жазды. Батудың Ордасы арбамен сүйретіліп көшіп келе жатқанда тұтас қала жылжып көшіп келе жатқандай әсер береді екен (суретте).


Бұл арап, сол заман қазақ пен өзбек хандарының өзара қырқысына қарап отырып таңғалыпты "ау сендер түр - пішінің, салт - дәстүрің, тілің дінің біп - бірдей бір халық емессіңдер ме, не жетпейді сендерге" деп хан - сұлтанды ақылға келтірмек болса, әбден "Еженнің әулеті", "Шибанның әулеті", "Тоқай Темір ұрығы" боп бөлініп алған хан сұлтандар "араптың дала істеріне басы жете қоймас" деп олар бұны түсінбепті. Жалпы Шыңғыстан кейінгі ұлыс қуалаған хан - сұлтандардың тұтас елді жырмалауға келгенде әбден зияны тиді, ол ақиқат. Сол өзбек Шәйбанимен сарт жағалап, ақыры Совет заманы сарт боп кетті.
Сонда Еділ бойын жағалап маңғыт Едігенің бек - мырзаларының қол астында болған қазақтың ет жақын бауырының бірі осы ноғайлар еді.
Суретте Анадолыдағы ноғай қауымдастығының төрағасы Cemil Sütbaş ағамыз.

"Түркияда 2 жарым миллион ноғай бармыз" дейді бұл кісі, "ноғай түрікпіз" деп атайды екен өздерін.
Бұған "апырай, бұл бір қауым ел ғой, тіпті бір мемлекеттің халқы ғой!" деп таңғалдым. Бұл баяғы шежірелі жұрттың бір жұрнағы ғана. Жалпы Ноғай Ордасы, өз заманында саны мен құдіреті жағынан Қазақ Ордасынан асып түспесе еш кем болмаған. Оны 16 ғасырдағы литва саяхатшысы Михалон Литвиннан көруге болады. Сол қазақ ішкі есеппен ашаршылық болмағанда 70 - 80 миллион болар еді десек, ноғай да сонша болар еді. Ал бұл әлемдегі болмай қалған екі ірі мемлекет.
"Ұлттық киімдеріңіз әлем жәлем боп кетіпті, шежіре, тіл, тарих, жалпы руһани жағдайларыңыз не боп жатыр аға?" деп мазалап жүремін бұл кісіні.
"Шежірені үш - төрт атаға шейін ғана білеміз" дейді Жеміл ағамыз. Ұмытылады ғой әрине, түрік ру санамайды.
"Ноғай тілін, дәстүрін сақтап қалуға қазақтың көмегі болмас па" деп қоямын, "екі тілдің айырмасы жоқ, болса да пәлендей емес, ноғай халқы үшін егіздің сыңарындай болатын қазақта тіл мен салт - дәстүр сақталды, сақталамыз деген мақсаттарыңыз болса, сол дәттеріңізге қуат болмас па екен" десем, ағамыз күмілжіп "оны уақыт көрсетеді, мен мында қазақтармен кездесіп тұрамын" дейді.
Қазақстан келешекте латын әлібпиіне көшіп жатса, бұл бауырларымыз өз ұлттық мектептерін ашатындай ниет танытса, біздің мемлекет оларға өз оқулықтарын ұсына алады. Басқа жағынан да біздің мемлекеттің бұл халыққа берері көп.
Жалпы, ноғайлардың негізгі рулары да тап біздің рулар. Бұрынғы географиялық жағдайда ноғайларға сырттан қосылған халықтар да бар. Солардың бірі осетин - аландардан қосылған рулар. Оларды Бату Ордасы "астар" деп атаған екен кезінде, қазір де ас деп аталады бұл ру, Бату Ордасына адал қызмет етіп бұл аландар кейін ноғайланып кетті. Енді қазір Ресейдегі азғантай ноғайды осылар әбден шатастырып отыр ау деген ойдамын. Ресей ноғайлары қазір соның әсерімен лезгинка билеп кавказ боп барады. Әйтпесе, бұл ноғай бір кезде бірге домбыра сабалап, жыр төгіп, бесік тербеткен, асық ойнаған, шежіре жаттаған бауырымыз еді.


Күндердің бір күнінде осы ет жақын бауырларымыз, бір ыңғайлы сәтте Еділ бойы ата жұртқа оралып, еврейлер істеген ерлікті қайталаймыз, тұғырымызды қайта тіктейміз деп жатса, оларға Қазақ Мемлекетінен алар нәрсе мол болады, ол анық. Әсіресе осы руһани жағынан бұл халықтың музейі - осы біздің қазақ халқы, ноғайлар айнаға қараса қазақты көреді.
Біздің де бір өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер еді.


Бізге осы бір кезде тағдырдың тәлкегіне ұшырап атамекеннен ажырап жырақтап кеткен ноғай бауырларымызды назарда ұстау керек сияқты... бұлар біз ойлағандай 80 - 100 мың ғана емес, 2 жарым миллион және Түркияда бөрілі байрағын ұстап отыр.

Олжас Әбіл

Пікірлер