"Нақты сепаратистік белгілер анықталды". Қызылжардағы "Халық кеңесінің" 3 белсендісі қамауға алынды

3894
Adyrna.kz Telegram

Қызылжардағы "Халық кеңесі" атты ұйымның әрекетіне сараптама-талдама жүргізген саясаттанушылар "сепаратизм белгілерін" анықтады.  Нақтырақ айтқанда, сепаратизмді насихаттады деген күдікке ілінген ұйымға қатысты сараптама нәтижесі шықты. Топтың үш белсендісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы брифинг өткізіп, өздерін «Халық кеңесі» деп атаған топтың үш белсендісінің қамауға алынғанын жариялады.

«Сепаратизмді насихаттады деген күдікке ілінген топқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Олардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодекстің 180-бабы, 2-бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақырумен материалдарды тарату және Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу бойынша сарапталған.

Мұндай әрекеттер ҚР заңнамасы бойынша ауыр қылмыстар санатына кіреді. Ол үшін санкциясымен, қатаң түрде 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жазалау қолданылады.

Топтың негізгі үш фигуранты бүгін бір сағат бұрын уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деді СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы Ғани Жалби.

Саясаттанушы және өзге де мамандардың қатысуымен болған комиссиялық психологиялық-филологиялық сот сараптамасының қорытындыларына сәйкес сепаратизм белгілері анықталған.

«Тергеу барысында Петропавл қаласында 2023 жылғы 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университетінің колледж ғимаратында «Халық Кеңесі» тобына қатысушылар облыс орталығының 20 азаматынан тұратын топтың жиналысы өткендігі, олар өздерін Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ізбасарлары деп көзқарастарын білдіргендіктері белгілі болды. Біреуі кәмелет жасына толмаған баласымен келген.

Қалған 16 адам жұмыстарынан шеттетілген жоқ, қызметтерін жалғастырып жатыр. Олар бойынша шешім қабылданған жоқ.

Кінәсі дәлелденген жағдайда жазаға тартылады. Тергеу барысы қатаң бақылауда. Кімнің қайда жұмыс істейтіндігі туралы, қалай бұл топқа қосылғандығы туралы әзірге ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда және жиналысқа қатысқан басқа тұлғаларға қатысты объективті және жан-жақты құқықтық баға берілетін болады», - деді Ғани Жалби.

Естеріңізге салайық, 30 наурызда «Халық Кеңесі» тобына қатысушылардың жиналысы туралы интернет желілердегі бейнеролик бойынша Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің СҚО бойынша Департаментімен сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді. Сол күні облыс прокуратурасының нұсқауы бойынша Ұлтық қауіпсіздік комитеті департаментінің, Полиция департаментінің, Экономикалық тергеу департаментінің, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, процестік прокурорлар тағайындалды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер