1993 жылғы Конституцияны қайтармасақ, мемлекеттігімізден айырылып қалу қаупі бар - ЗАҢГЕР

10614
Adyrna.kz Telegram

Қан төгілген қаңтар қақтығысы үлкен өзгерістерге жол ашты. Алайда, халықтың көңілі әлі де тынышталмақ емес. 1993 жылғы Конституцияны қайтарғысы келеді. Сондай-ақ, жазықсыз жандардың қамалып, қудалауына қарсы. “Адырна” ұлттық порталының тілшісі белгілі заңгер Алмабаев Алибек мырзамен осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті. 

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан” дәуіріне көшеміз дегендей қылды. Бәрі жаңашаланса, біздің заңды да жаңарту қажет пе?

-Иә біздің қолданыстағы кейбір заңдарды түбегейлі түрде өзгертіп, оларға заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі аса өзекті.

Ол заңдардың ең бастысы: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы заң», «Бейбіт шеруді ұйымдастырып, өткізу тәртібі туралы» т.б.

-Әр сала бойынша қылмыс көбеймесе, азаймай жатыр. Ол бала құқығынан бастап түгел қоғам дертіне айналды. Дәл осы өзгерістер науқанын ең бірінші неден бастау керек?

-Ең бастысы құқық қорғау органдарының өзінде реформа жасау керек. Біздің мемлекетте бүгінгі уақытта қылмыстың алдын-алу шаралары тек қағаз жүзінде ғана жүзеге асуда.

Сол себепті бірінші кезекте құқық қорғау органдарында реформа жасау арқылы қылмыстың алдын-алып, сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын заң талаптарын қатаң сақтау жолымен жүргізу қажет.

-Халық әлеуметтік желілерде белгілі бір әкімдердің кетуіне петиция жариялауда. Жалпы петиция пайдаға аса ма?

-Иә,асады. Петиция дегеніміз белгілі бір топтан тұратын адамдардың билік орындарына ұсынылған ұжымдық өтініші, талабы.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерге жасалған мониторингтен көптеген елді мекендердегі тұрғындар билік өкілдері болып саналатын әкімдерге және олардың нөкерлеріне сенімсіздік білдіруде.

Бұл жерде ескеретін басты мәселе көп жағдайда сенімсіздік жалаң сөзден тұрмайды. Барлық сенімсіздік білдірген тұрғындардың дәйекті уәждері мен айғақтары бар.

Негізінде осы аталған айғақтарға зерттеу жасайтын болсақ, көптеген әкімдердің іс-әрекетінде қылмыстық әрекетсіздіктің құрамы анықталады.

Сол себепті билік басында отырғандар осы петицияда ұсынылған мәселелерді міндетті түрде зерттеп, талдап, оларға тиісті құқықтық баға беруі керек деп санаймын. Өйтпегенде ашулы халықтың толқып, алаңға шығып, үшінші Жаңаөзен оқиғасының қайталанып кету қаупі бар.

-Қаңтар қырғыны кезінде алаңға шыққан кейбір жазықсыз адамдар қазір тергеу изоляторында. Тіптен іздеу салып, жақындарын таппай жүргендер қаншама. Олар өздерінің лаңкесеместігін дәлелдеп шығуына күштері жете ме?

-Бұл мәселені егер заң аясында қарастыратын болсақ, әрине, жетуге тиіс. Алайда біздегі қолданыстағы заңдар өз мақсаты мен принциптеріне сәйкес жұмыс істемейді. Біздің мемлекетте заң талабынан гөрі жоғарыда отырған бастықтың нұсқауы басым күшке ие.

Осының нәтижесінде көптеген деструктивті күшке мүлдем қатысы жоқ біздің отандастарымыз, соққыға жығылуда, тергеу изоляторларына қамалуда. Ал ертең олар қылмыскер деп танылып, бас бостандығынан айырылып кетуі де әбден ықтимал. Қазіргі жағдайда 1986 жылғы ызғарлы желтоқсанда орын алған жағдаяттар айна-қатесіз қайталануда.

Әрине, бұған жол беруге болмайды. Біз зайырлы, жариялы, әлеуметтік-құқықтық мемлекеттің резиденттеріміз. Біздегі басты құндылық адам құқығы мен оның бостандығы. Бізге осыны ұмытпаған жөн.

Бұл, әсіресе, ІІМ қызметкерлерінің жадында сақталатын қағида. Әттең, шіркін, осыны естір құлақ болса...

-Халық арасында 1993 жылғы Конституцияны қайтару керек деген талап айтылуда. Аталмыш ұсынысқа көзқарасыңыз қалай?

-Мен бұл талаппен толық келісемін және толық қолдаймын. Бұл аса маңызды талап және міндетті түрде орындалуға тиіс талап. Егер біз осы талапты орындамасақ, мемлекеттігімізден айырылып қалу қаупі бар.

Інжу ӨМІРЗАҚ,

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер