Ұлттық басылым күні сөз бостандығы жайында айтылмайды

1674
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – Ұлттық басылым күні. Былтыр ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 1913 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген “Қазақ” газетінің 110 жылдығына орай  дәл осы күнді атаулы дата ретінде бекітті. Биыл бұл атаулы күн алғаш рет аталып өтілмек.

Қазақстан сөз бостандығы рейтингісі төмендеген кезде Ұлттық басылым күнін атап өтуді қолға алды.

Қазақтың алғашқы баспасөзі  мен оқулықтарын зерттеуші Абай Мырзағалидың айтуынша, «Қазақ» газеті баспасөз  тарихына серпін әкелген басылымдардың бірі болды.

- Бәрімізге белгілі, «Қазақ» газетіне дейін де қазақта сапалы біршама басылым болды. Мәселен, 1911 жылы шыққан «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы, 1907 жылы Санк-Петербордан шыққан «Серке», одан бұрын 1870-1882 жылдары шыққан «Түркістан уәлаяты газеті» мен 1888-1902 жылға дейін шыққан «Дала уәлаяты газеті» болды. Бұлардың барлығы өз кезегінде жұмысын сапалы атқарып, халықтың көзін аша білді.  Дегенмен «Қазақ» газеті Алаш зиялыларының ұзақ уақыт дайындалып, кемелденіп, жүйеленіп шығарған және өмірі ұзақ болған, бүкіл халықтық, ұлттық сипат алған басылымға айналды. Сол уақытта Алаш зиялылары қазақ басылымының дамуына, газет-журналдардың жүйеленуіне үлкен үлесін қосты.  «Маса» болып ызыңдап, «Оян!» деп түртіп жүріп, халқын оятуға, көзін ашуға ат салысты. «Халықтың көзі, құлағы,  һәм тілі» бола білді. Сондықтан «Қазақ» газетінің туған күні «Ұлттық басылым күніне» бекіту осыған байланысты», - деді Абай Мырзағали «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында.

«ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІН БІРІКТІРЕТІН ТАРИХИ КҮН»

«Қазақ газеттерінің» Бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы осы атаулы күн туралы былай дейді:

 - Ұлттық басылым күнін мерекелер тізіміне енгізу оңай болған жоқ деп ойлаймын. Бұл күн - біздің тарихқа, дәстүрге адалдық және сол дәстүрді жаңа заманда жалғастыру, сол мұраттарды бүгінгі тәуелсіздіктің, мемлекетшілдіктің деңгейінде үйлестірудің жолы. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының бірнеше жанры бар. Жалпы журналистерге арналған да, радио қызметкерлеріне арналған да атаулы күн бекітілген. Ал бұл мереке - солардың бәрін біріктіретін тарихи күн, - деді Дихан Қамзабекұлы. 

«БАСПА МЕН БАСПАСӨЗ ЕЛЕНЕТІН КҮНІ ӘЛІ АЛДА»

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Дәрмен Смайылдың айтуынша, мерекенің «Ұлттық басылым күні» деп аталуында қателік бар.

- Былтыр бекітілген «Ұлттық басылым күнін» биыл бірінші рет атап өткелі отырмыз. Дегенмен, мұнда бір қисынсыз дүние бар. Алдымен «басылым» дегенге тоқталайық. Жалпылама айтсақ, басылым деп – белгілі бір шығару мәліметі бар мерзімді және мерзімді емес өнім түрлерін айтамыз. Яғни, оған кітаптан бастап, газет-журнал, плакат, буклет, ақпараттық, жарнамалық және үгіт-насихаттық парақшалар т.б. жатады деген сөз. Тіпті, бұрын «аталым» деп аталған басылымның түрлері ресми, ғылыми, ғылыми-көпшілік тағы басқа сан-салалы болып тармақталады. Сонда «Қазақ» газетіне дейін 1807 жылы шыққан тұңғыш қазақтың (мерзімді емес басылымы) баспа кітабы «Сәйфүл-Мәлік» пен 1870 жылы тасқа басылған тұңғыш баспасөзі – «Түркістан уалаятының газетін» қайда қоямыз? Олардан бұрын шыққан өзге де мерзімді емес және мерзімді басылымдар ше? Сондықтан, «Қазақ» газетінің шыққан күнін «Ұлттық баспасөз күні» деп атағанымыз жөн шығар. Бірақ, баспасөз де кіретін журналистика саласында бұл да даулы мәселе. Өйткені, 1990 жылдары Қазақстан Журналистер одағын Камал Смайылов басқарып отырған тұста жалпы пленумда «Түркістан уалаятының газеті» жарық көрген 10 мамырды – Қазақстан журналистері күні деп белгілегенін де естен шығармауымыз керек. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш БАҚ туралы заңының қабылданған маусымдағы күніне қарағанда – бізге осы күн маңызды болуы керек еді.., - деді Дармен Смайыл «Адырнаға» берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ол «Қазмембас» («Киргосиздат») құрылған 3 қарашаны да «Ұлттық баспа күні» деп атайтын сәт келгенін айтты.

- Ұлт руханиятындағы келелі дүниелерге арнаулы дата берген екенбіз, онда елімізде кейінгі кезде нақтыланған Радио қызметкерлері күні және Кітапханашылар күні сияқты 1920 жылы Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің декретімен «Қазмембас» («Киргосиздат») құрылған 3 қарашаны да «Ұлттық баспа күні» деп бекітетін сәт те келді деуге болады. «Жазушы», «Жалын», «Мектеп» секілді тағысын тағы ірі баспалардың «қарашаңырағы» саналатын «Қазақстан» баспасының «арғы атасы» – Қазмембас тек мемлекеттің баспа ісі саласымен ғана айналыспаған, ол барлық газет ісіне де тікелей жауапты болғанын ескеруіміз керек. Осы орайда, баспа мен баспасөз саласындағы барлық мамандардың еленетін күні әлі де болса алда деп ойлаймын. Сонымен қатар, кейінгі уақытта баспасөзге қатысты ақпарат кеңістікте «баспа басылымдары» деген «атау» пайда болды. Бұл да білместік. Баспа басылымдарына не жататынын жоғарыда айттық, ал интернет басылымдарынан (шығарылымдары) бөлек қағаз түріндегі тасқа басылған сөзді шығаратын газет-журналдардың «баспасөз» екенін есте ұстаған абзал», -  деді Дәрмен Смайыл.

Бүгінде ақпараттық-технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қойып отыр. Нарықтың заңдылығына орай, әлемде мерзімді басылымның біразы оңтайланғаны рас. Бұл үрдіс біздің елімізде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Дегенмен, қазіргі қазақ басылымдарының хәлі қалай? Интернет ресурстар қазақ ақпарат кеңістігінде мерзімді басылымдарды ығыстыра ма?

- Бүгінгі қоғамның ақпараттық сұранысы әлеуметтік желілер, газет-журналдардың интернет версиясы болып бара жатыр. Бірақ әлеммен салыстырып қарасақ, әлемде екеуі де қатар жүріп келеді. Сондықтан біз мүмкіндігінше дәстүрлі қалыптан айнымаймыз. Біз - БАҚ-тың классикалық формасымыз. Менің «Қазақ газеттерін» басқарғаныма бір жарым жылдай болды. Газеттерде өткір, өзекті мақалалар жариялануда. Сонымен бірге, өндіріс, білім, ғылым, қоғамның өзекті мәселелеріне байланысты материалдар шығып отырады. Оқырмандар да оны оқып, өзіне керегін алып жатыр. Қазір “Егемен Қазақстан” газетінің тиражы – 80 мың. Аптасына 5 рет шығады. Ал интернет нұсқасы 40 мың оқырман шамасында. Екеуін қоссақ, 120-130 мың болады. Мысалы, Ресейде 145 млн халық тұрады. Олардың ірі басылымдары 135 мың тираж ғана. Салыстырып қарасақ, Қазақстанда шығатын басылымның таралым саны қалыпты. Дегенмен, бізде балалар басылымдары10 мың тиражға дейін шығады. Бұл сан Қазақстанның барлық мектеп кітапханасына жете ме? Сондықтан балалар басылымының тиражын арттыру керек. Қазақстандағы балалар саны мен ата-аналардың талғамымен есептелу керек. Өкінішке қарай, ата-ана өзі газет оқымайды, ұрпағын да оқытпай отыр. Бұл – күрделі мәселелердің бірі. Алдағы уақытта бұл мәселенің жүйелі шешімі болады, деп есептеймін, - дейді Дихан Қамзабекұлы.

«ҒАЛАМТОР БАСПАСӨЗДІ ЫҒЫСТЫРА АЛМАЙДЫ»

Әрине, интернеттің ілгерлеуі балалардың ойын өзіне аударуда. Дегенмен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстазы Дәрмен Смайыл жастардың баспа ісі саласына қызығушылығы күннен күнге артып келе жатқанын айтады.

- Баспа ісі саласына, баспагер-редактор мамандығына студенттердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Оған баспа өнімдеріне, кітапқа рухани азық деп қана емес, тауар ретінде қарайтын, инновациялық ойлай білетін тұлғаның өмірлік тәжірибесін өзге бір адам санасына трансформациялаудың ең озық түрін бизнес көзіне айналдырудың жолын түсіне бастаған шәкірттер қатарының көбеюі нақты мысал. Талапкерлерге бөлінетін мемлекеттік гранттардың да саны молайды. Тарихы тас кітаптардан басталатын БАҚ-тың атасы, ақпарат таратудың ең көне түрі – кітап екенін бәріміз білеміз. Кітаптардың электронды нұсқасы да бар екенін ескерсек, баспа саласы ешқашан одан кенжелеп қалмайды. Ал ақпараттық бәсекеде ғаламтордың пайда болуы баспасөзді кері ығыстырады деген жаңсақтық. Өйткені, газеттердің электронды нұсқалары мен сайттары шынайы ақпарат жеткізуде әлеуметтік желілермен бәс тіге алады. Қайта газеттердің интернет желісіне икемделуі медиа кеңістіктің маңызын арттыра түспек, цифрлық медиа, кибер-журналистикада қабілетін шыңдай түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Газеттер осыған басымдық бере білгені қажет. Газеттердің интернет-журналистикадағы блогосферада, телеграфтық стильде басым түсетін тұстары да бар екенін айта кеткеніміз жөн. Ол публицистикалық жанр тұрғысынан, яғни терең зерттеулерге құрылған талдамалық және көркем-публицистикалық жағынан. Осы бағытта баспасөздің өз асығын алшы түсіруге мүмкіндігі бар. Оқиғаларды ойнатып жеткізуде жанрлық, пішіндік тұрғыда қоғамда өз беделін арттыра алады. Сондықтан, баспасөз саласы жаңа медиадан артта қала алмақ емес, интернет қайта серпін бере түсері даусыз. Оған бүгінгі Қазақстанда тіркелген мерзімді БАҚ-тың көп пайызы қағаздық басылымдар екенін де мысалға алсақ жеткілікті. Ал егер кейбір баспасөз редакциялары заманауи талаптарға икемделе алмаса, онда интернеттен емес, өзінен көрсін, - деп қортындылады Дәрмен Смайыл.

Қазақстанда Ұлттық басылым күні алғаш аталып өтіп жатқанда «Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген жағдайда» шетелдік БАҚ-ты тіркемеу туралы ережені заң талабына айналдыру дауға айналды. Мәжілістің бұрын-соңды белгісіз болып келген депутаттары Никита Шаталов пен Анас Баққожаев "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деген себеппен кейбір шетелдік БАҚ-қа аккредитация бермеуді ұсынып отыр. Бұл Қазақстандағы сөз бостандығы рейтингісі едәуір төмендеген жағдайда өріс алып отыр.

 Дана Нұрмұханбет
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер