Қылмыстық процестің үш буынды моделі: азаматтардың құқығы қалай қорғалып жатыр?

16948
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында қойылған міндетке сәйкес, 2020 жылы 19 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейті мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2020 жылдың 31-желтоқсанында қолданысқа енген болатын. Бұл өзгеріс еліміздің сот жүйесіне, құқық қорғау саласына оң өзгерістер әкеліп, нәтижелері іс жүзінде көрініп жатыр, дейді Атырау қаласы прокурорының орынбасары Рүстем Ғапу.

Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Енді полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді.  Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қойып, қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермейді. Ал сот органы түпкілікті шешім қабылдайды, - деп айтты прокурор орынбасары.

Оның сөзінше, қылмыстық процестің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтарының дер кезінде қорғалуын қамтамасыз етеді және жоғарғы халықаралық стандарттарға жауап береді. Жаңа заңға сәйкес прокуратураның функционалдық міндеттері күшейтіліп, қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімімен және бектітумен қабылданып жатыр. Нәтижесінде заңсыз қабылданған жүздеген шешімдер қайта қаралған.

Атап айтқанда азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын істер бойынша негізгі іс жүргізу шешімдерін шығарудың электрондық форматына толықтай көшіп, қылмыстық қудалау органдары қабылдаған 6 мың шешімнің 472-сі заңсыз болуына орай келісуден бас тартылды. Мысалыға айтар болсақ, Атырау қаласында азық-түлік дүкенінде тазалықшы болып жұмыс істеген азаматшаның үстінен полиция басқармасы ұрлық деректерімен қылмыстық ісі қозғап, оны дер кезінде уәкілетті прокурордың зерделеу нәтижесінде іс қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты өндірістен тоқтатылды. Осылайша біздің тарапымыздан аталған азаматшаны қылмыстық іс-жүргізу орбитасына заңсыз тартылуына жол берілген жоқ. Азаматша прокуратура органдарына «құқығымды қорғап, тез арада шындықты анықтауға көмектесті» деп алғысын білдірді, - дейді Рүстем Ерболатұлы.

Жалпы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселесі қала прокурорының қатаң бақылауында. Күнделікті қылмыстық құқық бұзушылықтар мәліметін тексеру нәтижесімен заңсыз басталған 26 қылмыстық істі өндірістен тоқтату туралы шешім қабылданды. Енгізілген қадағалау актілерінің қаралу нәтижесімен 39 лауазымды тұлға әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда қала прокуратурасы жаңа заң нормаларының мүлтіксіз жүзеге асырылуына бағытталған барлық іс-шараларды атқаруда,- деді прокурор орынбасары.

Осы орайда біз қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу нәтижесіне конституциялық құқығы қорғалған кәмелеттік жасқа толмаған азаматтың заңды өкілі, яғни әкесі Серікбай Ерболатұлына да бірнеше сұрақ қойып көрген болатынбыз.

- Серікбай мырза, айтыңызшы балаңыз қандай жағдайда қылмыстық қудалау шеңберіне ілікті? Ұлыңыздың құқығы прокурормен қалай қорғалды?

- 2021 жылдың қазан айында «Атырау индустриалды колледжі» маңында ұлым өзінің таныс курстасымен сөзге келіп қалып, өзара төбелесіп, курстасының мұрнына байқаусызда зақым келтірген. Орын алған төбелестен кейін ұлыма қатысты Атырау қаласы полиция басқармасының №1 қалалық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігі бойынша іс тіркелді. Ал жәбірленуші тарап ұлыма қатысты кешірім беріп, бізге қояр талап арыздарының жоқтығын көрсетті. Олар арызын қайтып алғаннан кейін бәрі біткен шығар деп ойладым. Алайда, тергеуші ұлымды күдікті ретінде тану туралы қаулы шығарды. Іске қалалық прокуратураның дер кезінде араласып, 2021 жылдың 30 қараша күні тергеушінің аталған қаулысы келісуден бас тартылып, ұлым қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

- Сізге аталған қаулыны қабылдау барысында қандай заң бұзушылықтар орын алғанын және не себепті бас тартылғаны түсіндірілді ме?

-  Тергеушімен ұлымды күдікті ретінде тану туралы қаулыны шығару барысында Қылмыстық кодекстің 15-бабының талаптары өрескел бұзылуына жол берілгендігі прокурормен анықталып, бас тартылған екен. ҚК-тің 15-бабында «қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады» деп көрсетіліпті. Ал менің ұлым 15 жаста. Осыған байланысты ұлыма қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты өндірістен тоқтатылып, ұлымның құқықтары қорғалды. Ұлымның конституциялық құқығын қорғап, кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде атқарып жүрген қала прокуратурасының қызметкерлеріне алғыс білдіремін.

Міне, осылайша, қылмыстық процестің үш буынды моделі тергеу органдарына, сот жүйесіне қатысты қалыптасып қалған «тек айыптаушы» деген стереотиптің жойылуына өз сиптігін тигізеді. Барлық істің жіті тексерілуі шешімнің әділ қабылдауына оң ықпал етеді.

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер