Халықтың наразылығы кешіктірілген мина механизмы секілді, тыңдалмаса жарылады - ЖАНДОС ТҰЯҚОВ

7375
Adyrna.kz Telegram

Елде орын алып жатқан соңғы жағдайлар халықтың бірқатар заңдарға келіспеушіліктерін білдіріп, заң аясын өзгерту туралы пікірлер білдіруде. «Адырна» тілшісіне кеше белгілі заңгер Әлібек Алмабаев сұхбат берсе, бүгін Нұр-Сұлтан қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Тұяқов Жандос Есенкулович пікір білдірді.

 -Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан” дәуіріне көшеміз дегендей қылды. Бәрі жаңашаланса, біздің заңды да жаңарту қажет пе?

 Жандос Тұяқов: Әрине, Тоқаевтың жаңа Қазақстанға бет алу реформасы жан айқайын ешкім елемей  жүрген халықтың қойнауына үлкен үміт ұялатқаны сөзсіз. Біздің қолданыстағы заңнама шикі немесе халықтың құқықтарын қорғауға бағытталмаған деп дөп басып айтуға болмайды.

Заң бар, бірақ сол заңды қолдану және талқылау барысында ол заң кімге қызмет атқарып жатыр, міне мәселенің төркіні осыда.

Менің ойымша сансыз заңдарға өзгеріс енгізгеннен пайда жоқ деп санаймын.

Біріншіден, соттарға тәуелсіздік беру қажет. Өйткені әлі күнге дейін судья ақтау үкімін шығару үшін немесе азаматтық істер бойынша халықтың емес, мемлекеттік органдардың мүддесіне қарай бет бұрып тұратын тұстары аз емес, өйткені судьяның тәуелсіздігі мемлекетке зияны тиіп кетпей ме деген үлкен күмәннің қойнауынан шыға алмайды.

Екіншіден,  қолданыстағы заңнаманың  дұрыс жүзеге асуына мемлекеттік деңгейде қадағалау мәселесін басшылыққа алу қажет.

Үшіншіден, соттағы кадр мәселесіне көп көңіл болу қажет, бір сөзбен айтқанда мемлекетке немесе жоғарыда отырған тұлғалардың ойына алаңдамайтын, конституцияда бекітілгендей ең алдымен адамдардың  құқықтарының тапталуына жол бермейтін  судьялар тағайындалуы тиіс.

 -Әр сала бойынша қылмыс көбеймесе, азаймай жатыр. Ол бала құқығынан бастап түгел қоғам дертіне айналды. Дәл осы өзгерістер науқанын ең бірінші неден бастау керек?

 -Мен 2008 жылы, адвокаттық қызмет табалдырығын аттаған кезімде менің адвокат ұстазым айтқан болатын:

«есіңде сақта, дағдарыс адвокаттар мен адам жерлеушілерге өз ықпалын тигізбейді» деп.

Шыныменде, менің тәжірибем көрсеткендей елдің жағдайы төмендеген сайын, қылмыс өршие түседі. Қазіргі таңда 18-22 жастар аралығындағы қанаттары әлі қатпаған жас балапандар ақша үшін есірткіні бір орыннан алып екінші орынға қоямын деп 10 жылға бас бостандыған айырылып жатыр, ал компьютердің арғы жағында  отырған нағыз қылмыскерлер бостандықта жүр.

Ал мемлекет біз есірткімен күрес жүргізіп жатырмыз деп тек салдарымен күресіп, себебімен күресуге ешқандай әрекет жасап жатқан жоқ. Осының бәрін көре тұра нағыз қылмыскерлердің ұсталмай жүргендігінің бір себеп бар шығар деген ой қалыптасады.

Әйтпесе, компьютердің арғы жағында отырған азаматтарды сеансқа шығып жатқан кезінде орналасқан жерін анықтауға болады ғой.  Сонымен қатар, қанша қарапайым халық алаяқтардың апанына түсіп, алмаған несиелерін төлеп келеді, ал құқық қорғау органдары ол қылмыскерлерді анықтай алмайтындығын айтып жатыр.

Біздің құқық қорғау органдарының бұл іс-әркеттері немесе әрекетсіздіктері  немесе қолдан жасалған әлсіздік деп  қорытындылауға  болады. Сол себептен, құқық қорғау органдарын алаңдағы митингтерді таратуға бағытталған жасақ емес азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған білімді азаматтардан  жинақтау шарт.

 «Заманың түлкі болса тазы болып шал» дейді қазақ халқы сол себептен құқық қорғау саласында жаңа реформалар қабылдайтын сәт келді. Міндетті түрде айти технология саласындағы полиция бөлімдерін ашып, оларды білімді мамандармен қамтамасыз ету қажет.

Банк жүйесіне де, оның ішінде онлайн несие беру тәртібін күрделендіру қажет, ал олай істей алмай ма онлайн несие беруді мүлде тоқтату қажет.

-Халық әлеуметтік желілерде белгілі бір әкімдердің кетуіне петиция жариялауда. Жалпы петиция пайдаға аса ма?

 -Ел болу үшін халқын естейтін билік қажет. Әлеуметтік желіде халықтың  петиция жариялауының  себебі де сол, өйткені талай жылдар бойы заң талаптарына қайшы, елімізде орын алған елеулі  өзгерістерді қабылдау барысында халықтың ой пікірін ешкім елеген жоқ.

"Бұл петициялардан пайда бар ма?" деген сауалыңызға айтқым келеді, әрине олардың халық үшін пайдасы бар, халықтың наразылығы ол кешіктірілген мина механизмы секілді тыңдалмаса басшылыққа алынбаса, ол бір күні міндетті түрде жарылады.

-Қаңтар қырғыны кезінде алаңға шыққан кейбір жазықсыз адамдар қазір тергеу изоляторында. Тіптен іздеу салып, жақындарын таппай жүргендер қаншама. Олар өздерінің лаңкес еместігін дәлелдеп шығуына күштері жете ме?

-Қазіргі таңда алаңға шыққан, шын мәнінде жазықсыз азаматтар  сот пен тергеу аяқталғанға дейін екі айға қамаққа алынса, ол азаматтардың ақталып шығады дегенге мен өз басым сенбеймін.

Өйткені, жазықсыз қамауға алынған азаматты босатса, ол мемлекет үшін шығын алып келеді. Өйткені ол азамат мемлекеттен заңсыз өзін құдалағаны үшін төлемақы талап етуге құқықылы.

Құқық қорғау органдары  шаш ал десе бас алып жатқан көрінісін алысқа бармай-ақ  Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновты ланкес ретінде халыққа көрсетпек болған, абайсызда жүзеге аспай қалған әрекеттерінен анықтауға болады.

Сіз жоғарыда заңдарды өзгерту қажет пе деген сауал қойған едіңіз, осы тұста заң бар, бірақ оны құқық қорғау органдары елемейді деп айта аламын, өйткені тергеудің материалдарын тергеу аяқталғанға дейін ешкімге жария етпеу туралы заң нормаларын неге жетекшілік етпейді, ал біздің құқық қорғау органдары тіпті бейне жазбаны әлеуметтік жүйге таратып жібереді.

Сонда прокуратура және мемелекет неге үндемейді.?  Мен 2020 жылы Нұр-сұлтан қаласында Жанболат Ағаділді өлтірді деген күдікпен Рахмет Өміржанді қорғадым, ол ұсталғаннан кейін екі күн өткен соң кінәсін мойындаған видеоны әлеуметтік жүйеге салып жіберген.

Рахмет Өміржан Сағынғалиұлы 2020 жылдың 11 қарашасынан бастап, әр кез полиция қызметкерлерінің бақылауында болған. Яғни, бұл видеоны кім түсірді және кім таратты деген менің жазбаша сауалдарым әлі күнге дейін жауапсыз қалып келеді.

 Сол себептен лаңкес деп жала жабылған азаматтардың ісін алқа билер құрамымен  (яғни халықтың өкілдерінен тұратын азаматтармен) сотта қарау қажет, сол кезде ғана шындыққа қол жеткізуге болар деген үміт пайда болады.

-Халық арасында 1993 жылғы Конституцияны қайтару керек деген талап айтылуда. Аталмыш ұсынысқа көзқарасыңыз қалай?

 -Мен 1993 жылғы Конституцияны қайтару қажет деген талапты екі қолымды көтеріп тұрып қолдаймын.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет! 

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер