Баласы үшін сынға ұшырағандар арасында қызметінен кеткендер де бар

5289
Adyrna.kz Telegram

Балалары істі болғаннан кейін қоғам депутаттардың мандатын кері қайтаруды сұрайды. Алайда заң шығару органындағы олардың әріптестері мәселені жеке жауапкершілікпен байланыстырады.

ДАУДЫҢ БАСЫ – ДАЙРАБАЕВТЫҢ ЕКІ ҰЛЫ

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Жигули Дайрабаевтың қос ұлы 6 сәуір күні сотталды. Тараз қалалық №2 соты субсидияға бөлінген қаржыны жымқырып, мемлекетке 550 млн теңге зиян келтіргені үшін Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықты 5 жылға шартты түрде бостандығынан шектеді.  Бұдан өзге тағы да екі адам түрме жазасына кесілді.

Жигули Дайрабаев 2022 жылы кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат болған кезде балаларының мәселесі алдынан шыққан. Алайда ол балаларының «жас емес» екенін айтып, «өз мәселелерін өздері шешеді» деген.  

Ал қоғамда осындай жағдайдан кейін оның депутат болуына моральдық хақысы жоқ деген пікір жиі айтылған.

Балалары ауыл шаруашылығына бөлген қаржыны жымқырып,  өзі  «ауылдың өркендеуі»  үшін жұмыс істейтін партияның атынан сайланған депутаттың өзі сот шешімінен кейін бұл мәселеге тіке жауап берген жоқ. Тілшілер көзіне де түспеді. Оның орнына партиялас әріптесі Анас Баққожаевтың жауап беруіне тура келген. Айтуынша, бұл іске Дайрабаевтың түк қатысы жоқ.

«Біріншіден, депутаттың мінсіз беделі туралы бізде заң да, норма да жоқ. Екіншіден, Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығын, өндірісті жақсы біледі. Сондықтан да ол кісі фракцияға қажет. Ол депутаттық мандатын тапсырмайды", - деген «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Анас Баққожаев.

КӨШЕДЕН РИНГ ІЗДЕГЕН КІШІ ТҰРЛЫХАНОВ

Биыл Мәжіліске бір мандатты округтен сайланған «Аманат» партиясына мүше депутаттың ұлы әкесі сайлауға түсер-түспесте шу шығарды. Ол белгілі балуан Дәулет Тұрлыхановтың ұлы – Нұрасыл Тұрлыханов. Ол Алматыда өз сүйіктісімен тілге келіп қалса керек. Жанжал кезінде оған араша болған тағы екі адамды соққы астына алған Нұрасыл Болаттың ісі сотқа жөнелтілді. Бұзақылығы үшін ол екі мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі, 600 тәулікке дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дәулет Тұрлыханов «бұзық баласының» қылығын мойындап, үндемей қалмады. Баласы кінәлі деп танылса, жазасын алу керегін айтты. Тіпті, мандатын тапсырғысы келгенін де жасырмады. Алайда, бұл шешімге отбасы, достары мен туыстары қарсы болған көрінеді.

Ол ұлының қолынан зардап шеккен адамдармен де кездескен.

«Оқиғадан соң ата-ана ретінде олармен кездесіп, кешірім сұрадым. Ем алсын деп көмек ұсындым, бірақ олар бас тартты» , - деген Дәулет Тұрлыханов.

Осылайша, бірінің бір ұлы, екіншісінің екі ұлы қатар қоғам сынына іліккен депутаттар  мандаттарын тапсырмады.

БАЛАСЫНЫҢ ҚЫЛЫҒЫНА ШЫДАМАЙ ҚЫЗМЕТТЕН КЕТКЕНДЕР

2015 жылы Астанада ұлының үйлену тойындағы кортежі жолда жүру ережесін бұзғаны үшін ІІМ Әкімшылык полициясы комитетінің басшысының орынбасары Бақытжан Балташев  қызметінен кеткен еді. Баласы қымбат көліктермен елорда көшелерінде шоу ұйымдастырған полиция полковнигі ІІМ бұйрығымен орнын босатқан.

Одан бөлек, дәл сол 2015 жылы Астананың сауда ойын-сауық кешендерінің бірінің кинотеатрында сатушы қызды тепкен Қуаныш Турагелдиевтің әкесі Болат Турагелдиев Қазақстан премьер-министрі кеңсесіндегі қызметінен кету туралы арыз берді. Қазақстан премьер-министрі кеңсесінің бас инспекторы қызметін атқарған Болат Турагелдиев қоғамның бұл іске наразы болғанына назар аударып, өзінің моральдық-этикалық ұстанымына байланысты қызметінен кетті.

«САЙЛАУ НӘТИЖЕСІНЕ НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ЖАЛҒАСЫ»

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің айтуынша, мұндай оқиғалар – «қотыраш қоғамның» проблемасы.

«Бұл шулы жағдай Дайрабаев пен Тұрлыхановтың ғана проблемасы емес. Бұл - біздің «қотыраш қоғамның» тәуелсіздікпен бірге келген проблемасы. Соңғы 20-25 жылдың көлемінде ұрпақ тәрбиесінен бұрын, ішіп-жеу, талан-тараж, қанағатсыздық, ұрлық сияқты мерездік бетімен кетті. Жигули Дайрабаев пен Дәулет Тұрлыхановтың балаларына қатысты жағдай, дау-дамай соңғы парламенттік сайлауға қатысты наразылықтың жалғасы деп ойлаймын. Жалпы, екі депутаттың балаларына қатысты мәселеге сот төрелік айтуы тиіс. Міне, осыдан кейін, Дайрабаев пен Тұрлыхановтың жоғары қызметте қалуына моральдық негіздің бар-жоғын аталған азаматтардың өздері шешуі керек», - деді ол.

«ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ МОРАЛЬДЫҚ ҰСТАНЫМ ҚАЖЕТ»

Ал тағы бір депутат Абзал Құспан да мандат өткізу-өткізбеу әр депутаттың өз жауапкершілігіне байланысты деген пікірде.

«Заң бойынша кәмелеттік жасқа толған азаматтар үшін ата-анасы, туыстары жауап бермейді. Дегенмен, моральдық тұрғыда келетін болсақ, бізде оның қандай да бір стандарттары және  барлығы мойындайтын, жалпыға бірдей құндылық жоқ. Сондықтан бұл оқиғаны әр азаматтың қабылдауына байланысты. Дәл қазір Жигули Дайрабаев пен Дәулет Тұрлыхановқа сын арта алмаймыз. Бұл тек олардың ғана мәселесі емес, жалпы қоғамдағы проблемадан туындап отыр. Алдымен, барлығымызға бірдей моральдық ұстаным қалыптастыруымыз қажет», - дейді Абзал Құспан.

«МЕН ХАЛЫҚ КӨЗІНЕ КӨРІНБЕС ЕМ...»

Саясаттанушы Дос Көшім де депуттардың қылығын олардың ұятына тапсырды. Дегенмен ол мәселенің төркіні моральмен, жеке тәрбиемен байланысты екенін жоққа шығармайды.

«Меніңше, бұл олардың тәрбиесіне байланысты. Олардың моральді құқықты, моральді талапты қалай білуінде, қалай қабылдауында. Қысқасы, түсінігінде. Дәулет Тұрлыханов пен Жигули Дайрабаевтың балаларының істеген қылмысы, екеуі  де тәрбиеге байланысты қылмысқа жатады. Егер мен олардың орнында болсам, халық көзіне көрінетін ешқандай орынға бармауға тырысар едім. Себебі, кінә менен, тәрбиемнің дұрыс болмағанына тікелей байланысты», - деді саясаткер Дос Көшім.

Партия атынан депутат болғандардың мандатын қайтаруды әдетте партиясы шешеді. Ал заң бойынша бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша депутаттың мандатын кері қайтарып алуға сайлаушылардың сенімін жоғалту және сайлау алды бағдарламасын орындамауы негіз бола алады екен.

Дана НҰРМҰХАНБЕТ

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер