Елбасыға алғыс айтқан Сағынтаев неге халыққа алғыс айтпайды?

2588
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіз Қазақстанның рет саны бойынша 10-шы Үкіметін басқарған Сағынтаев та тарих парағына кетті. Бейресми түрде "Қатындар отставкіге кетірген Үкімет" деп аталып кеткен министрлер кабинетінің экс-басшысы Бақытжан Әбдірұлы арнайы мәлімдеме жасады.

«Бүгін Үкімет отставкаға кетті. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді. Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық. Елбасы - еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды бүгіні мен жарқын болашағын тек қана Елбасының есімімен байланыстырады. Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тізгінін тапсырып, жоғары сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіремін» депті Сағынтаев.

Сонда, Елбасыға рахмет айтқан Сағынтаев халыққа неге рахмет айтпайды?

Азық-түлік бағасы көтеріліп, айлығы шайлығына жетпей жатса да шүкір деп отырғаны үшін.

Бүкіл елдің мойнына несиені есепсіз пайызбен іліп берген банктерді халықтың ақшасына қаржыландырып отырса да, "бұл қалай?" демегені үшін.

Көктем сайын су астында қалса да, басының амандығына тәубә еткені үшін.

Мұнайдың үстінде отырған мемлекет жанар-жағар майдың бағасын Ресей нарығымен бағалайтынына мыңқ етпейтіні үшін.

Зейнет жасын ұзартқан сайын қыңқ етпейтіні үшін.

Қаншама үлескерлер заңды пәтеріне кіре алмаса да, сол үйдің ипотекасын төлеп отырса да, ертеңінен үмітін үзбегені үшін.

Мектептегі реформалардан бала түгілі, мұғалім шатасатындай болса да, өкіметтікі дұрыс деп, үндемей еңбектене беретіні үшін.

Ел қара жамылған қайғылы оқиғаларда бір министр ел алдына шығып жауап бермесе де, өз жарасын өзі емдеп отырғаны үшін.

Тізе берсе көп. Ештеңе демей-ақ «халқым, саған рахмет» деп бір-ауыз лебізін білдірсе жетіп жатыр еді. Халық та сәби секілді ғой, жаңағы сөзге кәмпит ұстатқан баладай мәз болып қалар еді.

Жоқ, олай айта алмады. Айтқызбасы айтқызбайды. Өйткені, бізде басшыларды халық сайламайды. Президент тағайындайды. Сондықтан, Президентке рахмет!

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер