АЭС және жастар: Қазақстандағы ірі дебат турнирінде атом энергетикасы тақырыбы қозғалды

3126
Adyrna.kz Telegram

Алматыда 1-2 сәуір күндері «Нархоз Университетінде» «ТЭО CUP XII» республикалық дебат турнирі өтті. Бұл жолғы доданың бас серіктесі және бірлесе ұйымдастырушысы «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС.

Турнирге биыл еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орынынан  80  фракция іріктелген.

Екі күнге жалғасқан турнир дебатында атом энергетикасы, АЭС құрылысы жобасы, атом саласының ғылыми әлеуеті, экономика, экология, түрлі әлеуметтік тақырыптар қозғалды. Оның ішінде қоғамдық талқы тудырған өзекті мәселелер баса назарға алынды. Сайысқа Астана, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларынан студенттер келіп жүлделі орындар үшін таласқа түсті.

Дебат ойындарына «ҚАЭС» ЖШС мамандары, экономист, қоғам белсенділері және кәсіпкерлер төрелік жасады. Олардың қатарында «ҚАЭС» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябеков, ТЭО одағының негізін қалаушы Мақсат Халық, Ерболат Мұхамеджан сынды қоғам белсенділері бар.

 

Ойында төрешілік еткен «ҚАЭС» ЖШС бас менеджері Асуан Сиябеков жастар арасындағы осындай интеллектуалды ойындар арқылы еліміз үшін маңызды деген мәселелерді жиі қозғай түссек, ұлттық санамыздың өркендеуі айқындалады деді:

«Қоғамының санасын жаңғырту – жастар арқылы жүзеге асады. Актуалды әрі еліміз үшін күрделі мәселелерді қозғай түсетін болсақ, олардың шешілу жолдары да көріне бастайтыны сөзсіз. Бүгінгі таңда АЭС салу тақырыбы өзекті мәселе. Бұл тақырып турасында түрлі  пікірлер бар. Алайда ізденімпаз жастар ғылыми тұрғыда ойланатындарын, еліміз үшін маңызы бар дүниенің ертеңгі күнгі пайдасы барын дәйектермен негіздей отыра болашақ үшін керек екендерін жеткізді. Жастардың аталған тақырыпта заманауи тұрғыда ойлана білуі әрине қуантады», - деді ол.

Республикалық дебат турниріне тіркелген 50 университет дебатшылары пікірсайысып, олардың арасынан оқ бойы оза шапқандар анықталды. Олар: Альфа лигасы бойынша бірінші орын иеленген «Әл фараби» фракциясы Жакен Нұрхан, Бердімұрат Хасенұлы болса, 2 орын «Аргумент" фракциясы Жақсылық Ботагөз, Абенов Ахметжан есімді қатысушыларға бұйырды. Үшінші орынды «Goldman» командасынан Қыстаубаев Қуаныш, Жапар Али, 4 орын: «Біз әлі жарқ етеміз» Әшім Мадина, Нұрдаулет Өмірзақ иеленген болатын.

Ветта лига:

1 орын: «Ногато мен Минато»

Руслан Абдыгалиев, Абдилла Асанали

2 орын: «Ақтөбе арланс»

Аманжол Ханиев, Битимбай Исламбек

3 орын: «Төлеби Саина 570»

Закеев Асхат, Амангелді Рыскүл

4 орын: «Қазақи Пропаганда»

Байтуреев Болат, Сабит Ерзат

ЛД форматы бойынша:

1 орын: Ерғали Іңкәров

2 орын: Нұрдаулет Өмірзақ

 

Жастар финалында:

1 орын: «Сду индастри»

Құлбек Рамазан, Кубеген Нұрмұхаммед жеңіс тұғырынан көрінді.

Турнирде жеңімпаз атанған Бердімұрат Хасенұлы:

«Демеуші болған «ҚАЭС» ЖШС-ге cондай-ақ барша ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», - деген пікірін айтса, Алматы қаласы пікірсайыс турнирінің қалалық кординаторы Мерей Рашидқызы: «Дебат - білім алудың төте жолы. Мен дебатты Еуропада ойнаған адаммын. Ол жақта университеттерде үш ғасырға жуық уақыттан бері дебат мектептері қатар жұмыс жасайды. Дебат – өте универсалды құрал. Оны көбіне қазақ қоғамында ұрыс алаңы деп ойлайтын стереотип қалыптасқан. Алайда ол ұрыс емес, нағыз интеллектуалды ойын» деген пікірін жеткізді.

«ҚАЭС» ЖШС бас серіктестігімен және біріге ұйымдастыруымен өткен дебат турнирінің сайыс жеңімпаздары арнайы кубоктармен, дипломдармен сондай-ақ қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Дина ЛИТПИН

 

Пікірлер