Ресей армиясының бұрынғы офицері қазір Қазақстанда вице-министр

7275
Adyrna.kz Telegram

Юрий Ильин деген адамды танисыз ба? Ол ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары. Жалпы бұл Ильин деген адамның бар-жоғы белгісіз еді. Есім-сойын ешкім білмейтін. Астанадағы бес баланың өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін баспасөз жиынын өткізіп, екітүрлі, бір қысым пікір айтты. Сөйтіп, «атақты» болды. Бүгін Юрий Ильин деген азамат туралы сөз етпекпіз. Ол кім? Қайдан келді?

Биылға дейін Ішкі істер министрлігін тапжылмай отырып, тұп-тура 8 жыл басқарған Қалмұхамбет Қасымов дегенді жұрт жақсы біледі. Міне, сол Қасымовтың орынбасары болған Юрий Ильин Астанадағы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, марқұм болған бес баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін дегенді айтты. Бұл онсыз да қазадан қан жұтып, қабырғасы сөгілген ата-ананың ғана емес, жалпы жұртшылықтың ашуына тиді.

«Бұл жайтты сотта қарайды. Баланың қауіпсіздігіне жауапты болмағаны үшін қайтыс болған жағдайда ата-анасын жауапқа алу заңы бар. Ал, бұл жерде бір отбасының бес бірдей баласы қаза болды. Сондықтан бұл мәселе тергеу мен сотта тексеріледі», - деді Юрий Ильин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Бұл жаңағы вице-министрдің сөзі. Алып-қосқанымыз жоқ.

Жаңаөзенде халыққа оқ атқан, «тағы шықса, тағы атамын» деген министр Қасымовтың орынбасарынан жұрт басқа не күтуі керек еді?..

Жә, бұрын Божко басқарған тұста жеке министрлік болып, кейін осы Ішкі істер министрлігінің құрамына департамент болып қосылған Төтенше жағдайлар департаменті деген бар. Жаңағы Юрий Ильин деген сол департаменттің өкілі.

Юрий Ильин туралы «Abai.kz» порталында белгілі журналист Асхат Асан да жазды. Асхат Асанның мақаласы ойымызға ой, сөзімізге сөз қосты. Алдымен жаңағы Ильиннің өмірдерегіне көз жүгіртейік...

Юрий Ильин кім?

«Оnline.zakon.kz» дейтін сайттағы деректемеге назар аударайық... Юрий Ильин 1968 жылы туған. Туған жері – РСФСР, Куйбышев қаласы деп көрсетіліпті. Білетін бір тілі – орыс тілі екен тағы. 1992-1996 жылдар аралығында Украинада, Сумск облысында әскери салады қызмет еткен.

Одан кейін Алматы мен Алматы облысында төтенше жағдайлар қызметінде түрлі лауазымдарды атқарған. Әуелі облыстық ТЖ дайындық орталығында аға офицер болған. Аяғында министрліктен бірақ шыққан.

Айтпақшы, 2013-2015 жылдарда ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары болған. 2015 жылы Президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болғаны тағы бар.

Бұдан басқа Ильиннің 1 Ордені, 8 медальі бар.

Премьердің сөгісі өтпейтін адам

Юрий Ильиннің атын ағайынға айғақтаған Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін сол кездегі министр Қалмұхамбет Қасымовты Премьер-министр Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев сынаған еді. Сынағанда да министрдің қоластында қызмет жасайтын жауапты бірнеше адамға қатаң сөгіс жариялауды тапсырған. Кімдерге дейсіз ғой...  Айтамыз...

Министрдің орынбасары – Юрий Ильинге, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккерге, Төтенше жағдайлар қызметінің Астанадағы департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаевқа қатаң сөгіс жариялап, Төтенше жағдайлар қызметі комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевты қызметінен босатуды айтқан еді.

Нәтижесінде, Барат Дұзақбаев қызметінен босатылды. Артынан көп ұзамай-ақ, Қасымовтың өзі 8 жыл отырған креслосын босатып, басқа қызметке ауысты.

Ал жаңағы Ильиннің есебі бүтін шықты. Ашынған жұрттың ашуын туғызып, аңдамай сөйлеген вице-министр Юрий Ильиннің панасы пәрменді болды ма, әлде премьердің сөгісі де, сөзі де өтпеді ме, әйтеуір, Ильин дін аман.

Пысқырмады дедік қой. Премьердің сөгісіне қатысты ол пікір білдірген екен.

«Менің ойымша, біздің қызметімізге бағаны тек қызметкерлер ғана емес, халық береді. Өзіме жауапкершілік жүктей отырып айтар ем, бізде негізгі жұмысты қарапайым қызметкерлер атқарады. Және біз тіркеп отырғағн біздің қызметкерлер құтқарып қалған адамдар қаншама. Міне, бірінші кезекте сол адамдардың алғысы біздің жұмысымызға берілген жоғарғы баға», депті.

2 рет сотқа тартылған адам қазір вице-министр

«Abai.kz» сайтында журналист Асхат Асан жазған дерекке көз жүгіртсек, жаңағы вице-министр Юрий Ильин бұған дейін екі мәрте сотқа тартылған адам екен.

2009 жылы жол жүру ережесін өрескел бұзған. Өзге біреудің көлігін соққан.

2012 жылы заңға томпақ бұйрық шығарған. Осы туралы аз-маз жазайық. Юрий Ильин ол кезде Алматыда, қала бойынша жедел дайындық, азаматтық қорғаныс, табиғи апаттарды ескерту және салдарын жоб жөніндегі басқарманы басқарған. Сөйтіп, бұл басқаратын мекемеге Әділет департаменті тексеріс жасайды. Ақырында, Юрий Ильиннің бірнеше мәрте заң бұзғанын анықтап, сотқа береді. Сотқа Юрий Ильин келіп қатыспаған да. Нәтижесінде Юрий Ильин жауапты деп танылып, 16 мыңнан сәл асатын сомада айыппұл төлейді.

Жалпы, Юрий Ильин екі ретте де аз ғана айыппұлмен құтылған. Қызығы сол, осы жағдайдан кейін-ақ, Юрий Ильиннің тасы өрге домалап, Алматы әкімінің орынбасары, одан кейін Президент әкімшілігіне, ары қарай Ішкі істер министрлігіне қызметке тұрады.

Кім, қай шенді заң бұзбай жатыр дейсіз... Ең бастысы сүйенетін тіреуің мықты болса, премьердің сөгісі түгігі патшаның пәрменін де пысқырмауға бола ма деп қаласың... Әйтпесе, Ресей әскерінің офисцері, Украинада қарапайым қызметте жүрген адам, аяқ-астынан Алматыға келіп, карьерасы жыл санап өскенін басқа қалай түсіндіруге болады?.. Жә, біздің Үкіметтің құрамындағы шенді-шекпенділердің ішінде кімдер, қандай адамдар жүргенін біле жүрсін дедік...

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер